АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН НЕСИЕЛЕНДІРУ ЕСЕЛЕП ӨСТІ

АҚПАРАТ | 28 декабрь 2013 ж. - 17:41 | Көрудің саны: 381
«ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» еншілес компаниясының «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2005 жылдан бастап еліміздің қаржы нарығында табысты қызмет етіп келеді. Қордың негізгі мақсаты – несие ресурстарын ауыл тұрғындарына барынша қолжетімді түрде ұйымдастыру, олардың  хал-ахуалын жақсартып, аяқтан нық тұруға жәрдем беру. Компанияның жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде тілші сауалына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нармұхан  Қалмаханұлы Сарыбаев жауап береді. 
–  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ауыл тұрғындарына өтіп бара жатқан ағымдағы жылы қандай игі іс-шаралар жасады?
– 2013 жыл оңай болған жоқ, дегенмен нәтижелі тұстары да баршылық.  Айталық, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелендіру көлемі екі есеге дерлік ұлғайды. 2012 жылы жалпы сомасы 11,2 млрд. теңге көлемінде 5 мың несие берілсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 20 млрд. теңгені құраған 8,5 мың несиеге дейін өсті!  Несиелеу саны мен көлемінің өсуі ең алдымен «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасына байланысты жүзеге асып отыр. 
Сонымен қатар, біз бірнеше жаңа несие өнімін аштық. Олардың бірі – Ислам Даму Банкінің қаражаты негізінде жүзеге асырылған «Мурабаха» бағдарламасы. Ислам қағидатының негізінде бөлшектеп несиелендіруді Қор елімізде тұңғыш рет енгізді. Елдің алды болу қашан да оңай іс емес. Десек те, біз Ислам Даму Банкінің қойған барлық талаптары мен өзімізге жүктелген міндеттерді орындай алдық. Жуық арада Банк тарапынан бөлінген 10 млн. АҚШ доллары толық мөлшерде ауылдық шағын несие түрінде беріледі. 
Сонымен бірге биылғы жылы біз «Жылыжай» бағдарламасын қайта жандандырдық. Бағдарлама негізінде еліміздің оңтүстік аймақтарында фермерлік шағын жылыжайлар құрылысы қарқын алды.
Бұған қоса, Несиелендіру шарттары бойынша несие алушыларға қойылатын талаптар да біршама жеңілдетілді. Мысалы, кепіл саясаты жұмсарып, несие қайтару мерзімі ұзартылды және т.б.
2013 жылдың маңызды нәтижелерін де атап кетуім жөн: 3 жыл көлемінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 мың несие берілді, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу үшін 10 мыңыншы жас маманға несие берілді. «Егінжай», «Шағын несие беру ұйымдарын несиелендіру», «Бизнес-аймақтар», «Кәсіпкер» және тағы басқа бағдарламалар сәтті орындалуда.
– Яғни, әрбір ауыл тұрғыны өз кәсібін жүргізу үшін, мейлі ол мал шаруашылығы, цех немесе жеке шаштараз ісі болсын, сіздерге келіп   несие алуға мүмкіндігі бар ма? 
– Дәл солай. Өзіңіз айтқан кәсіптердің барлығы - бүгінгі ауыл тынысының негіздері. Егін салу мен мал басын өсіру ғана емес, цехтар, дүкендер, қызмет көрсету орындарын ашу – бұлардың барлығы ауыл инфрақұрылымына кіреді және ауылдың жағдайын жақсартады. Біздің басты мақсатымыз – қаржы құралдарын пайдаланып Қазақстан ауылдарының әл-ауқатын көтеру. 
Осы тұста айта кетерлік жайт, қандай да болмасын қаржыландыру бағдарламасының табысты орындалуы оның шарттарында ғана емес. Табыс көзі ең алдымен – адамдарда. Яғни, бағдарламаны жүзеге асыратын мамандар ауыл тұрғындарымен тіл табысып, бағдарлама талаптарын түсіндіретін, тиісті құжаттар әзірлеуге көмектесетін, несие қаражатын мақсатты жұмсалуын қадағалап, қайтарылуын бақылауы қажет. Біздің негізгі ресурсымыз – шалғайда қызметте жүрген мамандарымыз. Оларға менің алғысым шексіз. Жаңа енгізілім, мөлшер өсімі, уақыт пен мамандар тапшылығына қарамастан олар өз міндеттерін адал атқара білді. 
– Атқарылған жұмыстардың ауқымды екені көрініп тұр. Дегенмен келесі жылы тағы қандай іс-шаралар жоспары бар?
– Келер жылға жоспарымыз көп. Біздің басты бағытымыз, ұстанымымыз – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «Агробизнес – 2020» бағдарламасын орындау. Осы бағдарлама аясында біз ұсақ фермерлік шаруашылықты, отбасылық сүт фермаларын, фермерлік жылыжайларды қаржыландыру жөніндегі несиелік өнімдерімізді жүзеге асыратын боламыз. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен аймақтарды дамыту бойынша басым бағыттарды орындау негізінде ауыл кәсіпкерлерін «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы бойынша несиелендіру шаралары да жалғасатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет! 
Д.АЯШҰЛЫ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ЖҰМЫСПЕН  ҚАМТУДЫҢ  ОҢ  НӘТИЖЕЛЕРІ

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ОҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

Бейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен "Жұмыспен қамтудың жол...
АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бағдарлау мақсатында қалалық...
Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесін берді

Мемлекеттік бағдарламалар нәтижесін берді

Қызылорда. «Қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округінде мемлекеттік бағдарламалар...
НЕСИЕЛІК ПОРТФЕЛЬ ЖИЫНТЫҒЫ 330 млрд. ТЕҢГЕ

НЕСИЕЛІК ПОРТФЕЛЬ ЖИЫНТЫҒЫ 330 млрд. ТЕҢГЕ

Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Елбасы тапсырмаларының...
Ақсуатта шағын зауыт ашылды

Ақсуатта шағын зауыт ашылды

Қызылорда. Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Бизнестің жол картасы-2020»...
АЛДА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР АУҚЫМДЫ

АЛДА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР АУҚЫМДЫ

Елбасы Жолдауы әлемдік өркениетте өзіндік орны бар еліміздің ертеңі үшін ерекше...
Пікір: