Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

ТАНЫМ | 09 желтоқсан 2013 ж. - 09:55 | Көрудің саны: 5739


 


Жүйіткіген тоқтаусыз арғымақтай асау уақыт. Қазір бірнеше жүздеген шақырым шалғайда жүрсем де, қасиетті Қазалыны ой-санамнан бір сәтке де жырақтатқан емеспін.  Дүйім жұрт Қазыналы Қазалы деп дәріптеген осынау жер туралы сөз болса, бойымда шабыт шарқ ұрып, ой-санамда өрнекті өлең өріле кетеді. 

Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

 


Туған жерім ұқтырсаң да зарығудың салқынын,
Өлеңімді өріп өскем, қара түнге артып үн.
Еркін самғай қанат қаққан (сенен жырақ жүрсем де),
Шарқ ұрған бір шағалаңмын аңсар теңіз толқынын.
Туған үйім ойлай қалсам санам санға бөлінген,
Күңгірт бөлме жарығынан жәннат бағы көрінген.
Айлап-жылдап аңсар ауып өзге ортадан кеп тұрам,
Бақыт таңы сезілердей атамекен-төрімнен...
Он оқ ғұздарға Отан болған Сырдың төменгі ағысы сонау ықылым замандағы тас дәуірі адамдарынан бері, сақтардың да ұрпақ өрбіткен құтты мекені бола білді. 

Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

  

Менің туған жерім – Қазалы елді-мекені. Бұл – кіндік қаным тамған менің байтақ өлкем! Адамзат тарихында соңғы елші Мұхаммед-Мұстафа с.ғ.с-ға дейін жүз жиырма төрт мың пайғамбар өткен дейді даналар. Пайғамбарлар тек Исраил, Бабыл елінде ғана емес, қазақ даласында да ғұмыр кешкен. Жарты әлемді жайлаған түркі халықтарының дана абызы - Хорқұт атаны пір тұтарлық  дабысына, мәуелі өсиеті мен салиқалы тарихи болмысына қарап «пайғамбар емес деуге» кім кепіл?! Хорқұт ата Сыр жағасындағы Жанкент шақарында елді ізгілікке, таухид жолға шақырып саналы ғұмыр кешкен. 
Тамырсыз ағаш, тарихсыз ел болмайды. Әйтсе де, әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі, сара жолы болады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жанкент, Мыңтөбе, Күйік-Қала, Кескен-Күйік секілді ертедегі қалалар саф алтынға бергісіз тарихи сырларды қойнына алып, Қазалы-Ғұзелі аумағында тағылым танытып тұр. Сараман-Қоса, Орақ, Бегім-Ана, Ұзынтам, Сарыбайқазған, Қазанғап сияқты жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тарихи мұнаралар мен Құттыбай, Сырлытам, Бақа би, Кәрібай, Найзағұл, Жанқожа кесенелері,  Дөңқазған, Үшназар, Қосым әулие, Жабағылы,  Әулиетөбе және Манас мазараттары сынды әр заманғы тарихи сәулет ескерткіштері бүгінгі күнге терең ұрпақтар сабақтастығын сездіріп тұрғандай-ақ. Тарихың кенен-ау, айтса айтқандай!

 

Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

 

Халықты қан қақсатқан басқыншы қоқан, хиуалықтармен, жасы сексеннен асқанда да отаршыл орыс басқыншыларымен жан аямай күрескен әулие Жанқожа батыр осы өңірден бастап аттан түспей Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді озбыр жаудан азат еткен. Батыр кесенесі аудан аумағында, өзбекпен арадағы шекараға тақау, биік-ауқымды төбе басында орналасқан. 2011 жылы баба кесенесіне жөндеу жүргізіліп, ширек тоннадай тұғырлы тас-белгі орнату жұмыстары жүрген болатын. «Қазқайтажаңғырту» РМК-да аға шебер болып істегенімде  айтылған жұмыстарды атқару бізге жүктелді. Он күндей елсіз жерде, баба тілеуханасында жатып, жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтадық. Алайда, зіл батпан тас-белгіні 2-3 шақырым жердегі тілеуханадан әкелу, оны сусыма құмды биік төбенің басына шығару айналдырған алты жігітке оңайға соқпады. Жаратқанға сыйынып, бабаға дұға бағыштаған соң, әупірімдеп жүріп тас белгіні бір демде орнатып тастағанымызды өзіміз де байқамай қалдық. Кейіннен ауыл әкімдерінің көмекке жіберген адамдары аң-таң болды. Кішкененің Майдан аталығынан тарайтын, Жанқожа бабаның ұрпағы болып келетін маған осындай абыройлы істі атқаруды нәсіп еткені үшін Жаратқанға мың шүкіршілік айттым. 
 

Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

  

Сырлыбай, Жанқожа, Ақтан, Жалаңтөс бақадүр, Сартай, Басықара, Иманмақсұм, Ағатай сынды хан-батырлар мен Әйтеке, Бекарыстан, Найзағұл секілді билерді, Әзілхан, Қожаназар, Жиенәлідей діндарлар мен Мүсірәлі, Қосым сопы Әзіз, Арыстанбаб, Пауаддин сияқты пірлерді өмірге әкелген өңір қажырлы қайраткер перзенттеріне әлі де кенде емес. 
Сапарлап Еліміздің Қаратау, Қарқаралы, Ұлытау, Арқа, Алатау сияқты керімсал көрікті жерлерін көріп, тұмса табиғатқа талай тамсансам да,  тауы да, орманы да жоқ қарапайым Қазалының айналып-толғанған қазағын, май қосқан талқандай қара топырағын сағынып тұрамын. Туған дала  желінің уілі ана әлдиінен кем түспейді-ау,  жарықтық. Хорқұт қобызының шанағынан төгілген күй ғасыр қойнауын көктей өтіп, сарнап тұрғандай, Ерімбет шайырдың назым жырлары шартарапты шарлап тұрғандай сезіледі кейде.

 

 

Алтын бесік – туған жер: Қазалы ауданы

 

 

 Қазалы қаласындағы біртуар жарық жұлдыз Ғани Мұратбаев оқыған мектеп үйі, Ноғай, Ғанибай, Қожаназар, Әзілхан ишан мешіттері, теміржол мәдениет үйі мен ерекше сәулет үлгісіндегі вокзал, ескі қаладағы ғасырмен құрдас тұрғын үйлер кез-келген адамды еріксіз тарих тұңғиығына бойлатып әкетеді. Алысырақ жүрсем де жүрегімді сағыныш, бойымды мақтаныш кернейді.
Тарих жолындағы Кіші Жүз қазақтарының қозғалыстары, «Асандар көтерілісі», «Қарақұм құрылтайы» тәуелсіздік жолындағы толассыз күрестің үлгісіндей емес пе?! Жаратушы Ием Тұран даласына тектілерді ғана нәсіп еткендей. Өткен дәуірлерде ата-тегі Алашқа найза болса, Үрмаш Түктібаев сияқты қайратты ерлер, К.Дүйсекеев, Ә.Нарымбетов, Ж.Мәкенәлиев, Р.Жанай сияқты тума дарын дүлдүлдер, Р.Бағланова, М.Ералиева сынды бұлбұлдар ХХ ғасырдағы қазақ елінің тұғырлы тұлғалары бола білді. 
«Алтын бесік – туған жер!» Дана бабалар ғұмырлық сағынышты, жүректегі толассыз іңкәрлікті, ғажап ғибратты бір ауыз сөзге қалай сыйдырған десеңізші. Туған жерім – Қазалы өлкесін қазақтың қарашаңырағындай, қаймағы бұзылмаған киесіндей қадір тұтамын. Әрбір таңын ана алақанының шуақ табындай, жан мен тәнге от берген қуат-жалындай сезінемін. 
Мың тағзым саған тағылымды туған жердің ақ таңы!
Олжас-Бек ӘНЕСҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ЖАНҚОЖАДАҒЫ ЖАҢА ЕМХАНА

ЖАНҚОЖАДАҒЫ ЖАҢА ЕМХАНА

Қазалы ауданының Жанқожа ауылында жаңа емхана есік ашты. Облыс әкімінің орынбасары...

"Алтын бесік – туған жер" ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛЫ

Біздің "Қоғалы" ауылы қыпшақ Тұрсынбай датқа тұрғызған "Құлболды" ишан кесенесі...
“Алтын бесік – туған жер”  ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫ

“Алтын бесік – туған жер” ТҰРМАҒАНБЕТ АУЫЛЫ

Дүниеге шыр етіп келгеннен адам баласы туған үйін, туған ауылын тани бастайды. Өсе...
«Алтын бесік» – туған жер СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫ

«Алтын бесік» – туған жер СҮТТІҚҰДЫҚ АУЫЛЫ

Ауыл – бізге дейінгі сан толқын ұрпақтардың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі...
ТАҚЫРЫПҚА ТАПСЫРЫС: «АЛТЫН БЕСІК – ТУҒАН ЖЕР»

ТАҚЫРЫПҚА ТАПСЫРЫС: «АЛТЫН БЕСІК – ТУҒАН ЖЕР»

Облыстық «Сыр бойы» газетінің сайты бәйге жариялайды. Бәйге «Алтын бесік – туған...
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

Кең-байтақ еліміздегі секілді Қарағанды облысында да мәдениет пен өнер ұйымдарының...
Пікір: