ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҮШІН ТИІМДІ МОДЕЛЬ

2018 жылдан бастап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнімді ұсынуды жоспарлап отыр. Әскери мамандар бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, баспаналы бола алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте банктің облыстық филиалы директоры Әділжан Сәулебаев айтып өтті.
Оның айтуынша жобаның болашақта үлкен сұранысқа ие болатыны белгілі болып отыр. Себебі, аталған бағдарлама туралы айтыла бастаған кезден бастап бір-екі айдың ғана ішінде 400-дей әскери қызметкер банк филиалының салымшысы атанып үлгерген.
Ә.Сәулебаев жаңа модель қай жағынан алса да тиімді екенін жеткізді. Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, ақша жинауға көшуге мүмкіндік береді. Өйткені, әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы боламын деп жинай бастайды. Екіншіден, жаңа механизмнің арқасында бюджет шығындары әскери қызметкерлердің бас­паналы болуы үшін жұмсалады, ал қазір ол қаражат жалға берушілердің қалтасына кетіп жатыр. Сонымен қатар, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір өнім аясында жүзеге асырылатын болады. Яғни тұрғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі бір орталықтандырылады, республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаның қалай пайдаланылып жатқандығы ашық жүреді.
– Жаңа өнімге сәйкес әскери қызметкерлер жаңа үйді де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып ала алатын болады. Заем бойынша сома шектеуі жоқ. Жинақ көлемі немесе алғашқы жарна неғұрлым үлкен болса, заем сомасы да соғұрлым жоғары болады, - деп түсіндіріп өтті филиал басшысы.
Брифинг барысында журналистер бүгінгі күні Қызылорда облысында тұратын 44 045 азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, оны толықтырып келетіні туралы ақпарат алды. Олар өз шоттарында жалпы сомасы 13 млрд 306 млн теңге болатын салымның басын құраған. Сонымен бірге, облыстық филиал жұмыс жасап келе жатқан жылдар ішінде аймақ тұрғындарына 10 млрд 800 млн теңгенің займын берген.
2017 жылы қызылордалықтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Арай-3» ықшам ауданында салынған 14 көпқабатты тұрғын үй мен жеке құрылыс салушы
тұрғызған 2 көпқабатты нысандағы пәтерлердің иегерлері атанды. Алдағы қаңтар айында «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Арай-3» ықшам ауданында 2 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек. Бағдарлама талабы бойынша тұрғын үй құнының 30 пайызын жинақтау қажет. Бұл нысанның 1 шаршы метрінің бағасы бұрын 140 мың теңгені құраған еді. Қазір арзандатылып 120 мың теңгеге ұсынылатын болады.
Банк өкілінің айтуынша, 2017 жылдың 29 желтоқсаны сағат 18:00-ге дейін депозиттерін толықтырып үлгерген барлық банк клиенттері жыл сайын берілетін мемлекеттік сыйлықақы ала алады.
– Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымдар бойынша 13,3 пайызға дейін баратын ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. 2 пайыздық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20 пайыз көлеміндегі мемлекеттің сыйлықақысы есебінен қалыптасады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, басқаша айтқанда 453 800 теңгеден аспайтын сома бойынша есептеледі. Яғни жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса не оны бірден шотына салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 90 760 теңгеге тең ең үлкен сыйлықақыны алады, – атап өтті Әділжан Сәулебаев.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
БИЛІК 03 қаңтар 2018 г. 50 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031