СЫЛДЫР СӨЗ, ҚҰРҒАҚ УӘДЕ ЕМЕС, НАҚТЫ ІС КЕРЕК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келелі мәселелерді кеңінен қозғаған, барымызды атап өтіп, кемшілігімізді санап көрсетіп, ендігі жерде олқылыққа жол берілмейтінін нақтылап берген Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзі қазір жұртшылықтың кең қолдауына ие болып отыр. Сол отырыста билік қолға тиді деп мемлекет қаржысын оңды-солды шашу жайын айта келіп: «Не қарап отырсыңдар, мына мемлекеттің ақшасын менен басқа санайтын адам жоқ па бұл елде?» деген еді. Іс басындағыларға қатаң ескерту жасады. Содан бері де біраз күндер өтті.
Президент осы алқалы отырыста білім саласына да ерекше мән бергені белгілі. Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарындағы қисынсыз істерді санап көрсетті. Шынында, мемлекет соңғы үш жылда білім саласына 1,7 еседен астам қаржы бөлген екен. Нақтылай түссек, ол 2013 жылы 1,5 триллион теңгеге жуық көлемді құрапты. Бұл – аз қаржы емес. Бірақ соның атқарылуының кемшіндігінен бе, әлде сылбырлықтан ба, болмаса Үкіметтің талап етпеуінен бе, Елбасы айтқан жарты миллионға жуық бүлдіршіндердің балабақша кезегінде тұруы ойландырмай қоймайды. Кейбір шенеуніктер жұртты жұбату үшін «Пәлен жылы шешімін табады» деп ұзаққа сілтеп жатады. Оған дейін қаулап өсіп келе жатқан ұрпаққа өспей тұра-тұрыңдар деу керек пе сонда? Қаржы жетпей жатқан жоқ. Бұған бір дәлел Президент игерілмеген қаржы биылдың өзінде 170 миллиард теңге болатынын меңзеді. Үкімет осы қыруар ақшаның тиімді игерілу жолын қарастырып, «қалтада» сақтай бермей, ертеңгі ұрпақтан жүздеген, тіпті, мыңдаған есе қайтарымы болатынын ескеріп іске қосса, ата-аналардың жүйкесін жұқартқан мәселе шешімін табар ма еді? Бұған бір ғана мысал келтірер болсақ, төрткүл дүниені тамсандырған Астанамызда тәулік сайын 60-қа жуық нәресте дүние есігін ашады екен. Осындай қарқынның нәтижесінде былтыр 21 266 ұл мен қыз елорданың ұланы атаныпты. Қазіргі күнде сол ұрпақтың бірнеше еселенген ұл мен қызы, яғни 72 мыңға таяу бала балабақша кезегінде тұр.
Білім, ғылым саласына жаңа министр келді. Аслан Сәрінжіповке дейін бұл саланы он екі бас педагог басқарғаны белгілі. Олардың арасында ғалым да, саясаткер де, бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған азаматтар мен азаматшалар бар еді. Әйтсе де, қызметте отырғанда абыройлы деп биікке көтеріп, кеткен күні әттеген-айын айтып шыға келетін бір «кесел» етек алғанын да жоққа шығара алмаймыз. Алдыңғы басшының тұсында «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, білім бағдарламасы қабылданған еді. Таяуда жаңа министр Үкімет отырысында өзінің жоба-жоспарын ұсынды. Онда А.Сәрінжіпов 3-4 жыл көлемінде Қазақ елінің білім-ғылымында мазмұнды өзгерістер болатынын атап айтты. Басты жаңалық отандық жоғары оқу орындарының құрылымы жаңартылмақ, яғни мемлекеттік делінетін жекешелендіріледі. Сол арқылы профессорлар мен оқытушылардың, студенттердің арасында бәсекелестік күшейтіледі.
Осы арада мына бір ойды ортаға сала кетсек дейміз: «Бұрынғы министр далиып кеткен университеттер мен академияларды қысқартуды қолға алған еді. Енді бәрі жекеге неге беріледі? Бір кездері: «Нарық талабына орай бәсекелестік бел алып, мықтылары қалады, әлсіздері жойылады», деп жеке оқу орындарын ашуға мүмкіндік берілген болатын. Кейін ол кейбір адамдардың ақша табатын көзіне айналып, қаланы қойып, ауылдарда университет ашу үрдіске айналғаны бар. Бұл халыққа тиімді болмады, қалтасының «шаңын» шығарды. Соңы біразының жабылуымен, ірілендірілуімен тынды.
Мәселе, оқу орындарының санында емес, сапасында. Әлемдік үрдіске қарасақ, барлық елдер бірдей жоғары оқу орындарын жекеге бермегенін аңғаруға болады. Тағы бір түйткілді алға тартсақ, мемлекеттік делінетін жоғары оқу орындарының ел бюджетінен де, ақылы білім алатындардан да қаржы тауып отырғаны. Осы қаржының жұмсалуы өз алдына бір әңгіме. Егер олар жекеге берілсе, бәрін ақшаға теліп, білім сапасы мүлде құлдырап кетпей ме? Бұған бір айтар уәжіміз, ақшасын төлеген азаматтар көп жағдайда білім емес, диплом алуды мақсат етіп, кейінгісін көре жатармыз деп жалған бағаны малданатыны белгілі. Ол сапасыз маманға жол ашады. Сапасыз маманның сүйенері болса, қалаған жерден орын тауып кетері сөзсіз. Ал ата-анасының қалтасын қағып, екінші қалтаға салғандар жұмыссыздар қатарынан «табылады».
Жалпы, осы реформаға байланысты белгілі қайраткер профессор Амангелді Айталы: «Соңғы жылдары ғылым, білім саласында бірізді саясаттың болмауы, бұл саланы басқарудағы қисынсыз өзгерістер, «нарық» деген желеумен ғылым мен білімге дүңгіршектегі тауар ретінде қарау, зиялы топ саналатын ғалымдарды қайыршылық деңгейге түсіру астары тереңде жатыр» («Егемен Қазақстан», 2000 жыл, 15 қараша), десе, ағымдағы жылы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Қазақстанның білім жүйесі, бұл жиырма жылдан бері айтылып келе жатыр, реформаторлық әуестенушілік жайлап алды. Біз көптеген, аяғына дейін жетілмеген реформалардың куәсі әрі қатысушысы болып келе жатырмыз. Халықаралық стандарттарға сілтеу сәнге айналып кетті», деген еді. Осыны да ескеретін уақыт жеткен тәрізді.
Мемлекет басшысы жүргізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында тест туралы әңгіме болып, Елбасы: «Бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысты тағы не қылған жаңалық?.. Бұл не өзі?» деген еді министр А.Сәрінжіповке.
Бір айта кетер мәселе, Үкімет мүшелері кейде ойланбастан сөйлей салатынды әдетке айналдырып бара жатқандай. Денсаулық сақтау министрі ауылдықтарға майлы ет жемеу қажеттігін, оларға дәрі таси алмайтынын айтып қалды. Ал Экономика министрі жаңа салық жүйесі туралы есеп беру кезінде елмен кеңеспегенін сездірді. Білім және ғылым министрі: «Технология әр жыл сайын ауысып отырады, әр бес жылда толық жетіледі. Осыған байланысты біз болашақта ашылмаған мамандықтарға жастарды оқытуымыз керек, олар енді 10-15 жылдан соң сұранысқа ие болып шығады», дейді. Осы сөз біраз азаматтардың интернет желісінде әралуан пікірін туындатып отыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков бұл мамандықтың қандай екеніне министрден бастап ешкімнің көзі жете бермейтінін, осы күндері еңбек нарығында белгілі кәсіптер бойынша жұмыссыздар армиясы «қалыптасқанын» айтса, тағы бір халық қалаулысы Камал Бұрханов мәселенің түсініксіздігін, оны қоғам дамуы анықтайтынын айтады. Бұған қоса, кейбір азаматтар білім беру саласындағы реформалардан өздерінің шатысқанын, жоғары оқу орнын бітірген студенттердің жұмыссыз жүргенін, сөйте тұрып, жаңа мамандық туралы сөз етіп отырғанымыз: «Ерсілеу емес пе»? дейді. Елімізге аттары мәлім ұстаздар қауымы да министр білмеген мамандықтан өздерінің де хабарсыздығын, мұндай ұшқары пікірлерге қосыла алмайтындарын тілге тиек етеді. Олардың көбі мектеп тәжірибе алаңына, оқушылар қоян секілді тәжірибе нысанына айналғанын, ерінбегеннің бәрі реформашыл болып кеткеніне өкініш білдіреді. Кейбір ұстаздар жаңа министр келсе, енді қандай реформа болады екен деп алаңдап отыратынын, тіпті әр тоқсанда бір «жаңалық» жететінін, соны қолданамыз, не жауап береміз деп сүрініп жүретіндерін жеткізеді. Мұндай бірін-бірі жоққа шығарған реформалардан шаршағандарын да бүгіп қала алмайды. Осындай атүсті іс, оқыту саласын теңселтіп тұрғанын, мәселе білімде емес, қатырма қағазда қалғанын, үстірттік білім сапасына өлшеусіз зиян келтіріп жатқанын сездіреді.
Оқулық жөніндегі айтыс-тартыс, кей тұста ол бизнес көзіне айналғаны туралы да сөз бар. Бұған қоса, бала денсаулығының төмендеп бара жатқаны жайлы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің, нақтылай түссек, вице-министр Б.Төкежановтың: «Еліміздегі мектеп жасындағы оқушылар арасындағы түрлі аурулар кең етек алып барады», деп әрбір үшінші оқушы көз ауруына шалдыққанын, әрбір алтыншы оқушының жүйке жүйесі ауруына бейімділігі анықталғанын, әрбір жетінші оқушының омыртқа кеселіне ұшырағанын алға тартып, анемияның да көрініс бергенін атап өтеді. Тағы бір вице-министр Е.Байжүнісовтің сөзіне қарағанда 2012 жылы 17 жасқа дейінгі 4,5 миллион бала денсаулығына байланысты тестілеуден өтіпті. Олардың 46 пайызы ауылдық жерлерде тұрады екен. Осы арадағы айтар мәселе, тексеруден өткен балалардың 307 мыңнан астамы емханаларда есепте тұрады. «Жыл сайын біз 160 мыңнан астам баланың денсаулығынан белгілі бір ақау табамыз», дейді Е.Байжүнісов.
Ұрпақ жайы осылай. Біз бұл деректерді неге тізбелеп отырмыз? Реформа осы білім мен ғылым, денсаулық сақтау саласында жасалып жатыр. Бірақ соның нәтижесі ала-құла. Оның себебі, алдағы реформада не қамтылған, нәтижесі ше, қандай жетістікке жеттік, олқылығы неде деген мықты сараптаманың жоқтығынан болып тұрғаны анық.
Қазір біздің елімізде реформа жасап, бағдарлама қабылдап, ақша бөлдіру ниеті алға озып тұр. Осы орайда, өткен ғасырдың басында Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар», деген сөзі еске түседі. Жаңа ғасырдың басындағы тәуелсіз елдің тағдыры да жаңа оқығандардың қолында. Егер олар Елбасының мына сынынан кейін сергімесе, серпілмесе, Президенттің үмітінен, халықтың сенімінен айырылары хақ. 
(«Егемен Қазақстан» газеті, 7 қараша 2013 жыл).

БИЛІК 09 қараша 2013 г. 518 0