ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ОҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

Бейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасының орындалуы талқыланған ведомоствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда аталған бағдарлама бойынша өңірлерде атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. 
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасының  аясында халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіші артқанын айтты. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 18,3 млрд. теңге  бөлініп, 20 мыңнан астам адам мемлекет қолдауына ие болды. Әлеуметтік қолдау мен бағдарламаға қатысушылардың есебінен тұрмысы төмен азаматтардың саны 2,7 есеге азайды. Қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда өсіп келеді. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 7,5 адамның 7414-мен келісім жасалды. 
Бірінші бағыт бойынша 98 жоба қолға алынып, бір жағынан инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешім тапса, екінші жағынан құрылыс және жөндеу жұмыстарына жұмыссыз жүрген тұрғындар тартылды. Бұл бастама 515 адамның жұмыс табуына септігін тигізді. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы үшін мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің тетіктері қолданылуда. 
Екінші бағыт бойынша облыста 3 млрд. теңге игерілді. Осы бағыттың оңтайлылығын халыққа түсіндіру үшін кең көлемді насихат жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде шағын несиеге сұраныс артты. Жыл басынан бері іс бастаушылар кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 899 адам шағын несие алды. Несие алушылар 370 жаңа жұмыс орнын ашып, ауылдастары мен жұмыссыз жүрген азаматтардың нәпақасын табуына мүмкіндік ұсынды. 
Аймақ басшысы тірек ауылдарды дамыту туралы жоспарларымен бөлісті. Алдағы жылы әр ауданнан бір-бір тірек  ауылды кешенді дамытуға мән берлімек. Оның ішінде Арал ауданына қарасты Сексеуіл және Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылдары "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы аясында өз бағытын айқындамақ. 
Үшінші бағыт бойынша еңбек ресурстарының балансы жасалып, біздің аймақта бастауыш сынып мұғалімі, медбике, юрист және экономист мамандықтарын алғандардың шамадан тыс көп екені байқалды. Есесіне жолға қойылған жобаларды жүзеге асыратын жұмысшы кадрлар тапшылығы іске кедергі келтіруде. Металлургиялық кәсіпорындарға басқа облыстардан мамандар шақыруға мәжбүрлік туындап тұр. Сондықтан кәсіптік білім беретін колледждер еңбек нарығының сұранысына сай мамандар дайындау үшін қайта құрылымдалды. Сондай-ақ облыста 2011-2013 жылдар аралығында 89 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта оның 73-інің құрылысы аяқталды. 
Бағдарлама қолға алынғаннан бері болашағы жоқ ауылдардан 800 адам қоныс аударды. Бүгінде олардың 200-і тұрақты жұмыс тапса, қалғандары оқу курстарына жолданды. Осылайша келешегі жоқ елді мекендердегі жұмыссыз халық саны азайып келеді. Бағдарлама ұсынған әлеуметтік-экономикалық  мүмкіндіктер барлық адамға қолжетімділігімен ерекшеленеді. Сондықтан оған қатысуға өтініш білдірушілер саны жылдан жылға арта түсетініне сенім бар. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

БИЛІК 23 қараша 2013 г. 523 0