Қоғамдық ой-сананы өзгерту – уақыт талабы

Қоғамдық ой-сананы өзгерту – уақыт талабыКеше діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың төрағалығымен өткен кеңеске облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық ішкі істер департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура өкілдері мен ауыл әкімдері, сала мамандары  қатысты.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қоғамда орын алып жатқан жағдайларға орай Елбасының төрт бірдей жаңғыртуын еске салды.

– Елбасы Н.Назарбаев мем­ле­кетті құрғанда төрт бірдей өз­геріс енгізуге сүйеніп, ауқымды міндеттерді іске асырды. Ол – мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау және қоғамдық сананы қайта өзгерту. Бұл «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген болатын.

Бүгінгі таңда қоғамдық ой-сананы өзгерту – басым бағыт­тарымыздың бірі. Дәстүрлі құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Жат ағымдардың жетегін­дегілер жастарымызды теріс жолға түсіріп жатыр. Бұл – қоғамға төнген қауіп. Бұған көз жұма қарамай және белгілі салалар ғана емес, ел болып жұмыла күресуіміз қажет. Облыста осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Құзырлы органдармен бірге тиісті жұмыстар істелуде. Өткен жылы көрші облыстарда орын ал­ған террористік актілерге орай са­бақ алып, қылмысты болдырмау­­дың алдын алуымыз қажет, – деді.

Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев дін саласындағы жергілікті атқарушы органның діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы іс-шаралары жайында баяндама жасады. Онда жалдамалы пәтерлерде шоғырланатын азаматтардың, такси жүргізушілері жолаушыларға түрлі діни уағыздар тыңдататынын, тіл үйрену курс­­тары қызметін жамылған ұйым­дар­дың қауіптілігін баса айтты. Егер де күмән тудыратын оқи­­ғаларға куә болған жағдайда тиісті орындарға хабарлаған жөн. Со­нымен қатар, құзырлы ор­ган басшылары мен ауыл әкім­деріне жергілікті мешіттерге бей­не­бақылау камерасын қою қа­жет­тігін сұрады. Өйткені облыста 160 мешіт болса, оның тек 26-да ғана бейнебақылау камерасы орнатылған екен. Теріс ағымдардың насихаты қашанда қауіпті болатынын айтқан бас­қарма басшысы мешіт­терде сараптамадан өткен діни әде­биет­терді ғана қолдануды сұ­рады. Ал ондай әдебиеттердің тізі­мін  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми веб - сайтынан білуге болады. Алдағы уақытта осындай іс­тер­ді бірге атқарар болсақ, діни экстремизмнің алдын ала аламыз, – деді.

Семинар-кеңесте ҚР ҰҚК Қы­­зылорда облысы және Бай­­қоңыр қаласы бойынша депар­таменті терроризмге қарсы күрес басқармасының қыз­меткері А.Қалдыбекұлы діни экстремизмнің алдын алу және дерадикализация бағытында жұ­мыс жүргізу мәселелері бойынша және жергілікті органдармен жұмыстарды тиімді жүзеге асыру мақсатында атқарылу қажет шаралар туралы баяндама жасады.

Бұдан кейін облыстық про­куратураның бөлім басшысы Е.Ержанов заңсыз діни қыз­меттердің қоғам тұрақ­тылығына төндірер қаупі зор екенін айтты.

Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Б.Оспанов дәстүрлі емес діни ағымдағы тұлғаларды анықтау және олардың белгілері туралы баяндамасында тұрақсыздықтың алдын алу үшін діни ахуалды терең зерттеу қажеттігіне баса мән берді.

Семинар-кеңесте қатысу­шы­лар сала мамандарына сұрақтар мен ұсыныстарын жолдады.


Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

БИЛІК 12 қаңтар 2017 г. 1 536 0