Сексеуілді серпінді істер күтеді

Сексеуілді серпінді істер күтедіСексеуіл  кенті – халық саны жағынан Арал  қаласынан  кейінгі іргелі елді мекеннің бірі. Облыс орталығынан тым шалғайда  орналасқан округке алты елді мекен қарайды. Тұрғындарының басым бөлігі теміржол саласында, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді.
Мұндағы халыққа базар,  сауда орындары, шаруа қожалықтары,  жанармай құю бекеттері мен  дәріханалар, өзге де кәсіпкерлік нысандар қызмет жасайды.  «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының салынуы кенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына серпін берді. Шағын және орта бизнес дами түсті. Сексеуілде жеке кәсіпкерлер арқылы өткен жылы екі нысан пайдалануға  беріліп,  11 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кент көлеміндегі  мектептерде 2326 бала білім алуда. Оларға 294 мұғалім дәріс береді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды назардан тыс қалдырмау мақсатында «Шуақ» атты мүгедектер қоғамы құрылған.  Қоғам төрағасы Жолмырза Мырзағұлов  тағылымды іс-шараларды өткізуге бастамашы болуда. 
Жұртшылық алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер туралы Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы Мырзагүл Рсалиева және учаскелік полиция инспекторлары есеп берді. Кездесу барысында залдан түскен ұсыныс-пікірлер, сауалдарға толыққанды жауап қайтарылды. 
Жиында Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Сүйінқараев көпшілік атынан «Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде атқарылған игі істер аз емес. Кентте  темір жол мекемелері,  мектептер, аурухана және түрлі қызмет көрсету орталықтары, «Халық банкі» филиалы жұмыс жасайды. Мемлекеттік кірістер басқармасының да өкілдігі орын тепкен. Бір құжат үшін аудан орталығына сандалып бармаймыз. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,4 млрд қаржы бөлініп, кенттің ауыз суы жаңадан жүргізілгелі отыр. Осындай игі істер жалғасын таба берсін» деген тілегін жеткізді. 
Есеп беру жиыны осы күні Қосаман ауылдық огругінде де өткізілді. Тұрғындарға есепті мерзімде тындырылған тірліктер жайлы аудан әкімі М.Оразбаев, ауылдық округ әкімі А. Кеншімбаев, полиция инспекторы баяндап өтті. Мұнан соң тұрғындардың сұрақтары, ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жүздесуде ауылдық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Қашқанқұл Латипов  әкімдердің  жұмысын жақсы бағалап, халыққа жасалған қамқорлықтарға қолдау білдірді.

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ.
Арал ауданы.

Ақтілек ЕСЕЕВ,
«Сексеуіл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Мен осы Сексеуіл кентінде туып-өстім. Оқуды бітіріп келген соң мамандығым бойынша теміржол мекемесінде жұмыс жасаудамын. Өткен жылы «Сексеуіл жас¬тары» қоғамдық бірлестігін құрдым. Қазіргі таңда қоғам өзінің жұмысын тиісті деңгейде атқаруда. Біздің облыс басшысына айтқан ұсынысымыз қабыл болып, биыл кент орталығынан «Спорттық сауықтыру кешені» салынатын болды. Бұл өз кезегінде Елбасының жастарға деген қамқорлығы деп білеміз және салауатты өмір салтын қалыптастыруда жастар аянбай еңбек етеді демекпін.

Жолмырза МЫРЗАҒҰЛОВ,
мүгедектер кеңесінің төрағасы:
– Кенттегі тағы бір қуаныш – «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы салынып, тұрғындардың бірқатары жұмыспен қамтылды. Қазір Астана қаласына осы пойызбен Жезқазған арқылы жылдам жетеміз. Бұл өз кезегінде жалғыз жұмыс орны емес, экономикалық маңызы бар жоба екені баршамызға мәлім.


БИЛІК 19 қаңтар 2017 г. 1 143 0