ТҮЙІНДІ ТҰСТАР ЕҢБЕКПЕН ШЕШІЛЕДІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда төрт мәселе қаралды. Аймақ басшысы алдымен ҚР Ұлттық ұланының 25 жылдығына орай облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің мерекелік төсбелгімен марапатталғанын жеткізді.
Мәжіліс бірінші кезекте тұрғын үй қорын жаңғырту және апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің жайын талқыға салды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, 2011-2016 жылдары облыстағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге 3518,4 млн теңге жұмсалған. 160 үйді жөндеуге жұмсалған қаражаттың 3375,5 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 114,6 млн теңгесі қайтарымды қаражат есебінен, 28,3 млн теңгесі аудандық бюджеттен қарастырылған. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум нысандардың саны 800-ден 640-қа азайған. Бұл орайда айтатын мәселе – қайтарымды қаражат қайтпай отыр. Яғни, тұрғындар жасалған жұмыстың өтеуін төлеуге келгенде сылбыр. Сондықтан да бүгінгі күні 483 пәтер иесі сотқа берілген.
Аймақ басшысы қайтарымды қаражаттың кестеге сәйкес өз орнын табуын жеделдетуді тап¬сырды. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің жер¬гілікті бюджет есебінен тұрғын үй жөндеуді жүзеге асырмай отырғандығын сынға алды. Өйткені, Қармақшы мен Сырдария аудандарынан өзгелері үй жөндеу үшін бюджеттерінен қаржы қарастырып, тапсырманы тыңғылықты орындамай отыр.
Өңірде бүгінгі таңда апатты жағдайдағы 32 үй бар. Оның 30-ы Қызылорда қаласында, 1-і Арал қаласында болса, соңғысы Тереңөзек кентінде. Облыс әкімі бұл мәселені түпкілікті зерт¬теп-зерделеп, 2018 жылдың бірінші жарты¬жыл¬дығында шешуге күш салу керектігін жеткізді.
Мәжілістің күн тәрбіне қойылған екінші мәселеде жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт талаптарын орындауы қаралды. Бұл мәселеге орай Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғ.Әлімбаев хабарлама жасады. Ол облыс аумағында 92 заңды және жеке кәсіпкер 152 рұқсат құжат негізінде өз жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Қынжылтатыны, жер пайдаланушылар келісімшарт талаптарын жиі бұзады. Мәселен, өткен жылы жүргізілген 30 тексеру нәтижесінде 96 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 20 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Аймақ басшысы ондайларды заң шеңберінде жауапкершілігін қарап, жер пайдалану құқығын тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ, қаланың әр шетінде заңсыз қазылған карьерлерді қайта қалпына келтіру керектігіне баса назар аударды.
Сонымен қатар, жиында өткен жылғы көгалдандыру жұмыстарының қорытындысы мен биылғы жылғы жос¬пар жайы талқыға түсті. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Е.Бекжанов көгалдандыру жұмыстары аясында 200354 дана ағаш көшеті отырғызылып, оның шығымдылығы 55 пайызды құраған. 9,8 гектар жерге саябақ пен скверлер ұйымдастырылып, 96935 шаршы метр жерге әртүрлі гүл көшеті егілген. Сондай-ақ, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 5000 гектарына фитоорманмелиоративтік жұмыстар жүргізіліп, шығымдылық 45 пайызды құраған. Еркебұлан Маратұлы, сонымен бірге, облыс тұқымбақтарында 800 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеті өсіріліп жатқанын айтты. 
Аймақ басшысы бұл мәселеге орай:
– Өңірімізді көгалдандырудың, жа¬сыл желекке ораудың қашан да маңызы зор. Жасыратыны жоқ, бізде экологияға қарсы күрес жоқтың қасы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп отырған жоқ. Мәселен, бұл мақсаттағы қаншама арнайы жобалар, гранттар бар. Оларды еліміздің болашағы үшін пайдалануға ешкім құлықты емес. Еріктілермен жұмыс жасау жағы да кемшін. Сондықтан, алдағы уақытта табиғатты аялап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында кең көлемде жұмыстар жасалынсын. Шыны керек, бізде есігінің алдына тал екпейтін әлеуметтік нысандар бар. Ондай нысан басшыларын өз қызметіне сай емес деп тану керек, – деп, жауапты басшыларға тиісті тапсырма жүктеді.
Мәжілісте соңғы кезекте облыстағы жастар саясатының іске асырылуы қаралды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаевтың мәліметінше, өңірде 14 пен 29 жас аралығындағылардың жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Рас, жас¬тар саясаты дегенде ең бірінші кезекте олардың оқумен, жұмыспен қамтылуы басты назарға алынады. Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың болашағына аға буын жауапты екендігін айта отырып, оларға барлық жағдай жасау керектігін тілге тиек етті.
Мәжіліс соңында аймақ басшысы кездескен қиындықтарды тек еңбекпен жеңуге болатынын айтып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауаптыларға тиісті тапсырма берді.

Нағымжан САУЯЕВ.

БИЛІК 31 қаңтар 2017 г. 258 0