БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ШЫНАЙЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ағымдағы жылы 20-21 қараша аралығында Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеу шеңберінде Астана қаласында «Балаға мейірімді Қазақстан» атты республикалық балалар форум-фестивалін өткізген болатын.
Форум-фестивальдің ашылу салтана­тында Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев құттықтау сөз сөйлеп, аталған шараның елімізде балалар құқығын қорғау жұмысын жақсартудағы маңыздылығына тоқталды. Мемлекет, қоғам өміріндегі баланың орны ерекше екенін атап өтіп, олардың шығармашылығына шынайы табыстар тіледі.
Шараның мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясы негізінде өскелең ұрпақтың жасампаз азаматтық ұстанымы мен бай рухани құндылығын қалыптастыру.
Айталық, шараға республиканың барлық өңірлерінен 320 бала қатысса, олардың қатарында қоғамдық ұйымдар көшбасшысы, республикалық және халықаралық интеллектуалды олимпиадалардың және шығармашылық байқаулардың жеңім­паздары болды. Қызылорда облысынан да шығармашылықта, оқуда биік жетістіктерге жетіп жүрген дарынды 20 оқушы қатысып, алдын ала әзірленген бағдарлама аясында өз өнерлерін көрсетіп, таланттарымен танылды. Облыстан барған балалар қатарында №7 орта мектеп оқушысы, Грузия мемлекетінің Фарази қаласында өткен халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің І орын иегері Бақдәулет Исабеков, №9 Білім инновация лицейінің оқушысы, компьютерлік жобалар бойынша халықаралық «INFOMATRIX» сайысының ІІІ орын иегері Әділетәли Қалдыбек, №98 мектеп түлегі, «Ақберен» республикалық байқауының ІІІ орын иегері Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы және басқа білімді, талантты оқушылар бар.
Шараның аясында республикада балалар үшін қоғамдық шаралар ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді талқылауға, олардың шығармашылық, ғылыми, қоғамдық әлеуетін көрсетуге, сондай-ақ, балалар ұжымының арасында шығармашылық байланысты нығайтуға арналған 12 алаң ұйымдастырылған болатын. Қызылорда облысынан қатысып жатқан 20 оқушы да қызығушылықтары мен көзқарастары сай келетін әр алаңға бөлініп, ашық пікірталас барысында белсенділіктерін танытты.
«Балаға мейірімді Қазақстан!» респуб­ликалық форум-фестиваліне қатысу­шы бала­лар Астананың көрнекті жерлерін аралады. Шараның салтанатты аяқталуында фестивальға қатысушылардың гала-концерті өткізілді. Гала-концертті Қызылорда облы­сынан барған №7 орта мектеп оқушысы, жас талант Исабеков Бақдәулет ашып берсе, №8 мектеп-интернаттың оқушысы, «Жеті Өнер» Халықаралық балалар мен жастар шығар­машылық фестиваль-конкурсының І орын иегері Аймұрат Айсұлу өз өнерімен тәнті етті.
Форум-фестивальға қатысушы балаларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ғазиза ӘБІЛДА.
Білім 26 желтоксан 2017 г. 28 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031