ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ ҚОРЛАРЫ ЖӨНІНЕН АЛҒАШҚЫ ОНДЫҚТА

Осы аптаның сейсенбісінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде Қазақстан Республикасы құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау жөніндегі және табиғи ресурстарды тиімді басқару мен шикізат секторынан түскен табысты пайдалану тұжырымдамалары мақұлданды. Селекторлық Үкімет отырысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мәжілісте ҚР құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау туралы тұжырымдама жобасы бойынша Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин баяндама жасады.  
Ол өз баяндамасында: – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау бойынша тұжырымдаманы әзірледі. Реформа негізіне техникалық нормалаудың ұйғарылған әдісінен прогрессивті параметрлік әдіске өту ескерілген,– деп атап өтті. Яғни, оның аясында балама әдістер мен шешімдерді қабылдау, жобалау және құрылыс салуда жаңа ғылыми әзірлемелерді, техникалық шешімдерді, сондай-ақ, инновацияларды енгізуге мүмкіндіктер жасалған. Сонымен бірге вице-министрдің айтуынша, тұжырымдамада нормативтік базаны реформалауға негізгі қағидаттар мен жалпы ұстанымдар қалыптастырған. 
Отырыста сонымен бірге табиғи ресурстарды тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табысты пайдалану тұжырымдамасының жобасын ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин таныстырды. 
«Біз сегіз басым мақсатты бөлдік – табиғи ресурстарды одан әрі зерттеу, жаңа кен орындарын іздеу және есепке алу, өндіру қарқынын арттыру, жоғары әлемдік сұранысты ел пайдасына асыру үшін табиғи ресурстарды әлемдік нарықтарға шығару және ішкі нарықты отандық өндірістің жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету», – деді министр. Оның атап өтуінше, табиғи ресурстарды, әсіресе көмірсутектері мен қатты пайдалы қазбаларды басқарудың заманауи тұжырымдамалық көрінісі бірқатар негізгі алғышарттарды қамтуы тиіс. «Біріншіден, конституциямызға сәйкес табиғи ресурстар мемлекет меншігіне жатады. Сондықтан тек қана мемлекет оларды пайдалану үдерісін ұйымдастырудың негізгі буыны болуы тиіс, екіншіден, табиғи ресурстар Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің негізі болып қалуда. Осыған орай ресурстарды пайдаланудың нәтижелілігі кешенді тәсілдермен саланың және жалпы мемлекет мүдделерінің теңгерілімдігіне сүйенуі қажет, үшіншіден, кейбір шикізат салаларының қызметі жаһандық сипатқа ие. Бұл сыртқы және ішкі факторларды ойланып есепке алудың қажеттілігін көрсетіп отыр», – деді ол. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Қазақстанды жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету 2020 жылға қарай шешіледі. Оған қоса министр жаңа мұнай өңдеу зауытын іске қосу мәселесінің қаралып жатқанын да жасырмады. «Елбасының біздің алдымызға қойған мақсаттары өте жоғары. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету – ол үлкен мәселе. Сондықтан да төртінші зауыттың болашақта жүзеге асырылуын біз қарастырып жатырмыз», - деп түйді министр. Ал бүгінгі таңда елімізде Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары жұмыс жасайтыны белгілі. Сонымен бірге Ұзақбай Қарабалин қорлар бойынша Қазақстан әлемнің алғашқы он елінің қатарында тұрғанын, бұл бізге мұнайды кем дегенде 50 жыл бойы өндіруге мүмкіндік беріп отырғанын тілге тиек етті. Сынды мәселелердің бар екенін жасырмады.
Отырыста сөз алған бірқатар тиісті сала басшылары қос тұжырымдама жобасы жайында пікірлерін ортаға салып, жаңа құжатты мақұлдайтындықтарын жеткізді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

ДӘУЛЕТ 19 қыркүйек 2013 г. 568 0