Қазыналы Қазалының қарышты қадамы

ДӘУЛЕТ | 18 қаңтар 2017 ж. - 10:57 | Көрудің саны: 1104
 
Қазыналы Қазалының қарышты қадамы Замана көші ілгері жылжыған сайын адамның ой-өрісі, талғам-пайымы да биіктей беретіні белгілі. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі аяқ алысына қарап осындай тұжырым жасауға болады. Алысқа бармай-ақ Қазалы ауданын мысалға алайық. Ауылда туып-өстік. Біздің балалық шағымызда ауызсу жайы ең күрделі мәселе еді. Бөшкеңді сүйретіп бас-аяғы бірді-екілі қолдан қазылған құдықтың басына әлденеше сағаттап кезекке тұрасыз. Қыс мезгілінде аналарымыз жауған қар, қатқан  мұзды ерітіп амалдайтын еді. Түнемелікте электр қондырғысымен берілетін жарық белгілі уақытта сөндіріледі. Жазатайым той-томалақ жасайтын болсаңыз, мотор жағатын ағайға жағдай айтуға тура келеді. Көшенің түнгі жарығы туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы.
Ал бүгінгі ахуал мүлде өзгеше. Бірақ бұл ауданда бәрі жіптіктей, ешқандай мәселе жоқ деген сөз емес. Әлі де атқаратын шаруа баршылық. Десе де, көптеген түйіннің тарқатылғаны көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Қазалыда ауызсу төңірегіндегі мәселе шешімін тапқан. Шалғай елді мекендердің өзінде қоғамдық колонкалар тұтынушылардың сұранысын өтеуде. Алыс ауылдардың өзі кезеңімен сервистік желіге қосылуда. 
«Алғашқылардың қатарында таза ауызсу барған он елді мекенді сервистік желіге қосу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген еді. Өткен жылы бұл жұмыс Пірімов, Мұратбаев, Ақтан батыр ауылдарында жүзеге асты. Қалған ауылдар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2018-2020 жылдарға енгізілген. Аудан бойынша сыйымдылығы жеті мың текше метр ауыз су жинақтайтын су қоймасы бар. Алайда, оның аудан халқын ауызсумен толық қамтамасыз етуге мүмкіншілігі жоқ. Соған орай «Қазсушар»РМК «Арал» СЖКБД филиалының инвестициялық жобасымен 14 мың текше метрлік су қоймасын салуға қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоба іске асқанда тұрғындар тәулік бойы ауыз сумен үздіксіз қамтылады», – дейді өзіміз тілдескендер. «Бәрекелді, іске сәт!» дестік. Электр жарығы үздіксіз беріледі. Бойымыздың үйренгені соншалық, жуырда табиғи апаттың салдарынан жарық уақытша сөнгенде сенделіп кеткенімізді несіне жасырамыз.
Қазыналы Қазалының қарышты қадамы Аудан тізгінін Нажмадин Шамұратов ұстағаннан бері бау – бақша егуге деген көзқарас жаңа арнаға бұрылды. Бұл кәсіп қазалылықтарға бұрыннан етене екені де рас. Дегенмен, кезінде «Қазалының торлама күләбісі» деген атаумен шартарапқа танылған қауын – қарбыз өсіру жайы кейінгі жылдары кенжелеп қалған еді. Кеңес өкіметі тұсында аудан орталығындағы іргелі қауын базасындағы тіршілік қызуы мол жағылған қазандай қайнап жататын. Тәуліктің қай бөлігінде барсаңыз да Ресей қалаларына теміржол вагондарына тиелген Қазалының қауын-қарбызы үздіксіз жөнелтілетін. Алыс ауылдардан бақша өнімдерін қауын базға алып келетін көліктер қайтар бағытта өздерінің ұжымшар – кеңшарларының аудан орталығындағы шаруашылық ауласынан, мекемелерден жем, көмір, құрылыс заттары, өзге де жүктерді тиеп, бос қайтпайтын. Қазалының дәмі тіл үйірген қауын-қарбызы Кеңес үкіметінің көптеген ірі қалаларына, Сібір өлкесіне тиеліп жүрді. Сол бақша өнімдерінің орнына Сібір ормандарынан тақтай, бөрене, басқа да сапалы құрылыс материалдарын ауданға жеткізу жұмысына араласқан кезіміз де болды. 
Аудан әкімі бастаған ел ағалары тұрғындар арасында бау-бақша егуді қолға алу, ынталандыру тұрғысындағы түсіндірме жұмыстарын жыл бойы жүргізген еді. Нәтижесі көңіл көншітеді.  Қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылуда. Аудан басшылығы тарапынан аталмыш кооперативтерге бақшалық жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқсу жеткізу жұмыстарына қолдау қөрсетілетіндігі тұрғындармен жүздесу барысында айтылып, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан болатын. Қазіргі таңда ауыл халқының арасында бау-бақша егуге деген талпыныс өте жоғары. «Баптай білсең – жер жомарт». Бақшалығыңыз өнім берсе отбасыңыз, бала-шағаңыз қауын-қарбыз басқа да дақылдарға қарқ болары анық. Ішім – жемнен ауысқанын сатып пайда да табасыз. Ең бастысы, бұрынғы кездегідей көлікке тиеп базарға  апарған өніміңізді өткізе алмай әуреге түспейсіз. Аудан басшылары бұл түйткілді шешудің жолдарын қарастырып  қойған. Ол үшін көршілес Ақтөбе облысымен бақша өнімдерін өткізуге әріптестік келісім жасалған.Сондықтан бұл тақырыпта кедергі кездеспейді. Жуырда облыс әкімінің қолдауымен екі дана насос сатып алынса, ағымдағы жылы 8 насос алу жоспарда бар. 
Қазыналы Қазалының қарышты қадамыЖергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мақсатында ауылшаруашылығы техникаларын (трактор, сеялка, плуг, т.б) алуға аудандық бюджеттен 60 млн  теңге қаралыпты. Бұл техникалар ауылдық округтерде ауылшаруашылық өнімдерін егу, абаттандыру, санитарлық тазалық сақтау жұмыстарына пайдаланылатын болады. Сонымен қатар ауылдық округтердегі бақшалық жерлерді қоршауға аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініпті. Құптарлық шаруа.
Өткен жылы аймақтық үйлестіру кеңесінен жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтің «Сүбе шығару» жобасы оң қорытынды алған еді. Балық өңдеу зауытында балық аулауға, тасымалдауға арналған көліктерге қоса ау-құралдарымен толық жарақталған 10 бригада жұмыс жасайды. Жоба бойынша тәулігіне 5 тоннаға дейін балық сүбесін өндіру жоспарланып, 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Нақты кезеңде зауытта өңделетін балық өнімдерін экспорттау үшін «Еврокод» алуға қадам жасалуда.
Алдағы уақытта аталған бағдарлама аясында «Асыл – Ғани» жшс –нің өндірісті (жылыжай, өнім сақтау қоймасы, бизнес орталық салу) әртараптандырып, дамыту, «Сыр маржаны» ЖШС-нің «Консервіленген ет өнімдерін өндіру» жобасын жүзеге асыру межеленуде.
Әрбір сәті қарбаласқа толы қазалылықтардың ертеңгі күннен күтер үміті мол.
 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

Жергілікті өнімдер экспортқа шығады

Жергілікті өнімдер экспортқа шығады

Жуырда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов Мәскеу қаласындағы іссапардан оралды. Онда...
Сәулеті келісті, дәулеті өрісті Қазалы

Сәулеті келісті, дәулеті өрісті Қазалы

Тарихы тереңнен бастау алатын Қазалы ауданының Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық...
ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Қызылордада  қала күні мерекесіне орай алғаш рет қауын-қарбыз фестивалі...
АУДАНДАҒЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ

АУДАНДАҒЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ

Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев...
Қауын мен қарбыз көше саудасын қыздырып тұр

Қауын мен қарбыз көше саудасын қыздырып тұр

Күзге салым ел-жұрт жерден өнген ел-сел өнімнен ауыз тиеді. Әсіресе, диқандар қауымы...
Пікір: