Айдынды Аралдың айбынды адымы

ДӘУЛЕТ | 18 қаңтар 2017 ж. - 11:35 | Көрудің саны: 1001
Айдынды Аралдың айбынды адымыБіршама уақыт бұрын  Мәскеуден туыстарымыз қонаққа келген еді. Мектеп бітіргендеріне кырық жыл толғанын атап өту үшін сыныптастар болып бас қосуды ұйғарыпты. Жалғанда кішкентайдан бірге өскен достарға кім жетеді дейсіз. Ата-әже атанып, самайларын қырау шалған парасатты жандар бір сәтке бозбала мен бойжеткенге айналып кеткендей. Көптен көрмеген құрбы-құрдастар тебірене жүздесіп, алғаусыз сыр ақтарысып мәре-сәре болысты. Дәм жазып шалғайда жүргендер Аралдың бүгінгі сән-сәулетіне қайран қалғандарын сүйсіне жеткізуде. Олардың сипаттауынша, тарихы мол шаһар қатты өзгерген. Аумағы да бұрынғысынан ұлғайып, ажарлана түсіпті. Мақтағанды кім ұнатпасын?! Біз де марқайып қалдық. Алайда, мұның жалаң мақтау еместігіне Аралды аралап көрсеңіз қаныға түсесіз.
«Арал» десе, көз алдыңызға балығы тулап, толқыны жағаны ұрған теңіз елестейді. Бұлай болуы заңды. Күні кеше басынан бағы тайған қарт теңіздің арнасына оралуы өңірдегі тіршіліктің тамырын қайта соқтырды. «Өткенсіз келешек жоқ». Тарихты ұлағаттау – ұрпақ парызы. Ендеше, бір сәт жырақта қалған жылдарға айналып соқсақ. 1921 жыл. Кеңес империясының  Поволжье өлкесі,  Пермь губерниясына дейінгі аралықтағы қуаңшылықтан егін мен шөп түгелдей күйіп кетті. Қуаңшылықтың салдары аса ауыр болды. Өңірдегі мал атаулы жаппай қырғынға ұшырады. Мал мен егіннен қол үзген Волга бойындағы миллиондаған адам аштыққа ұшырады. Не істеу керек? Осы сауал большевиктер көсемін тығырыққа тіреді. Ақыры қиындықтан шығар жол да табылды.
Халық комиссарлар советінің председателі В.И.Ленин Арал балықшыларына арнап хат жолдады. Хатта миллиондаған адамның ажал тырнағына іліккелі тұрғаны айтылып, балықшы қауымнан жәрдем сұралған еді. Тарыққанға астындағы жалғыз атын түсіп беруге бар қазекең тартынған жоқ. Соңы қалай аяқталғаны белгілі. Арал теңізінен ауланған 14 вагон балық тұтас елді ажалдан аман алып қалды. Сол киелі теңіз басынан небір кепті өткермеді дейсіз. Десе де, жалпақ жұрттың ертеңгі күнге деген сенімі барлық кедергіден басым түсті. 
Айдынды Аралдың айбынды адымыШын мәнісінде бүгінгі Арал – келешегіне сеніммен нық қадам басқан өңір. Аймақ ахуалының  бұлайша өрбуіне ғасыр жобасы атанған «Сырдария  өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы сүбелі үлес қосты. Осынау зор жанашырлықтың нәтижесінде теңіздің суы кемеріне келіп, аудан адам танымастай түледі. Ата-баба мирас еткен балықшылық кәсіп қарқынмен жанданды. Дерекке назар аударайық. «Нақты кезеңде Арал айдынында балықтың көптеген түрі ауланып, аймақ экономикасының басым бөлігіне айналуда», – дейді ел азаматтары. Оған қоса ауданда жылдық қуаттылығы 17 400 тоннадан астам жеті бірдей заманауи технологиямен жабдықталған балық өңдеу зауыттары жұмыс жасайтыны көңіл тоғайтады. Жазбамызды нақты сандармен өрнектесек. Өткен жылы 7 100 тонна балық ауланып, 7 000 тонна балық өңделген. Сондай-ақ айдынды Аралдың балығы Ресей, Украина, Грузия, Дания, Польша, Австрия мен Германияға экспортталды.
Естігенді елең еткізетін мына жаңалықты да жеткізе кетсек. «Бекбауыл» өндірістік кооперативі Бекбауыл елді мекенінде балық аулаумен шұғылданатын қожалықтардың басын біріктіріп, балықты бір жерден өңдеп, өткізуге бағытталған құны 10 млн. теңгенің жобасын қаржыландыру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар  ауданға инвестиция тарту, өнеркәсіп өнімдерін өндіру, өңдеуде бірқатар жұмыстар жүзеге асқан. Индустрияландырудың алғашқы кезеңінде «Аралтұз»АҚ-ның испан технологиясымен жабдықталған жаңа цехы пайдалануға берілген еді. Ал екінші кезеңде «Аралтұз» кәсіпорнында іске қосылған тағы бір цех ұжымның тынысын кеңейте түсті. Заманауи технологиямен жарақталған өндіріс орнында екі жүзлен астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жағымды жаңалықтар тізбесін онан әрі жалғастырсақ. «Тоғыс-Аралотын»ЖШС-нің «Күйдірілген кірпіш өндірісі», «Берекет» шаруа  қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру цехын салу» жобасы іске қосылғанын атап кету ләзім.
Кәсіпкерлік саласында да ілкімді істер бар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бағытымен «Камбала – Балық» ЖШС-нің «Балық өнімдерін өңдеу және консервілеу», «Арал құрылысы» ЖШС-нің «Сауда кешенінің құрылысын салу» жобаларыы іске асырылған екен. Гранттық қаржыландыру бағытымен екі жоба қайтарымсыз грант иеленген.
Айдынды Аралдың айбынды адымыАрал ауданында көлік пен логистика инфрақұрылымы бойынша атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық  көлік  дәлізі бойында жеке кәсіпкерлердің «В», «С» санатындағы жол маңы сервистік қызмет көрсету нысандары бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатары ағымдағы жылы тағы біреуге көбейеді.
Жыл сайын ұстаздар арасындағы пәндік олимпиада жеңімпазына темір тұлпардың кілтін сыйға тарту аралдық ағайындарға үрдіске айналған. Кез келгеннің тәуекелі жетпейтін мұндай қадам теңіз перзенттерінің атымтай жомарттығына қоса ілім-білімге қаншалықты құрметпен қарайтынын дәлелдегендей.
– Өңірімізде қаңтардың ызғары нағыз кемеліне келген шағы. Баршаның көкейінде қыстан қысылмай шығу міндеті тұрғаны анық. Әрі  солай боларына сенім де мол. «Төртеу түгел болса, төбелегі келеді» деген. Ауызбіршіліктің алдында алынбайтын кедергі жоқ, – дейді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Солай болғай!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, 
Арал ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

Теңіз балығы ТМД нарығына шықты

Теңіз балығы ТМД нарығына шықты

Елбасының тапсырмасына сәйкес "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізін...
ҚАЗАЛЫДА БАЛЫҚ ӨҢДЕУ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

ҚАЗАЛЫДА БАЛЫҚ ӨҢДЕУ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ

Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты...
Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға артты

Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты 45 пайызға артты

Қызылорда облысында балық өнімдерінің экспорты соңғы екі жылда 45 пайызға артты....
Аралдың балық өнімдері экспортқа шығарылды

Аралдың балық өнімдері экспортқа шығарылды

Қазіргі таңда Арал айдынында балықтың 22 түрі аулануда. Биылғы жылдың балық аулау...
Облыста балық аулау көлемі 40 пайызға артты

Облыста балық аулау көлемі 40 пайызға артты

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау»...
ЖАРҚЫН ЖОБА ЖЕМІСІ

ЖАРҚЫН ЖОБА ЖЕМІСІ

Елбасының бастамасымен қолға алынған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және...
Пікір: