ТІРШІЛІГІ ТҮЛЕГЕН КООПЕРАТИВ

ТІРШІЛІГІ ТҮЛЕГЕН КООПЕРАТИВБайыппен танысқан адамға Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы қалың бұқараға зор жауапкершілік жүктеумен бірге үлкен мүмкіншіліктерге де жол ашып отыр. Президенттің маңызды құжаты «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталынатындығы, әрине, көпшіліктің есінде. Бұл қай жаңғыру, оның нендей ерекшеліктері бар? Міне, қараңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ойын былай тарқатады: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» дейді. Одан әрі қарай оның бес басымдығы атап көрсетіледі. Бұл басымдықтар күнделікті күйбең тіршілікпен күн кешкен ауыл адамынан бастап, еліміздің сан саласын басқарған  министрлерді, үкіметті түгел қамтиды. Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, деп атап көрсетілген. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама салмақты жүк жатыр десеңізші, алысқа ұзамай-ақ, өзіміз өмір сүріп отырған мекенімізге, ондағы тұрғындарға қатыстысына көңіл бөлейікші, тек көңіл бөліп ғана қоймай, басшылыққа алып еңбек етуге кірісуіміздің қажеттігі айқын аңғарылады. Елбасы атап көрсетеді: Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту. Осы тапсырмаға орай келешекте жаңа технологиялардың енгізілетіндігі анық. Аталған жаңалықтың әсерінен бұрын қолмен атқарылатын көптеген шаруаларды техника күшімен аз уақыт жұмсап, бітіріп тастауға мүмкіндік туады. Ал сол кезде бұрын айыр көтеріп, кетпен шауып жүрген ауыл адамдары қайтеді, міне, бұл тұрғыда тың серпіліс пен тереңірек ойлануға тура келеді. Осы жайттар айтыла келе Жолдауда  оның шешімді жолдары да көрсетіліп отыр. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мен оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытын ұстану заманның өзі талап етер қағида екендігі соқырға таяқ ұстатқандай аңғарылып тұр. Бұл тұрғыда жергілікті әкімдердің іскерлігі мен жаңашылдығын, ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетуі талап етіледі. Сонда жерлестері мен ауылдас ағайыны ертеңгі күні тарыққаннан тал қармаймайды, ерте бастан қамданады деген сөз.
Осы жолдарды жаза отырып, ойымызға қазақтың қарашаңырағы ауылда атқа мініп, елге еңбек етіп жүрген жігіттер көз алдымызға келді. Сонда ойыма әуелі Абдулла Әбсаттаровтың түскені. Баяғы кеңестік кезеңде үлкен шаруашылық басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген қырық жастың қырқасына енді іліккен жігіт, сол кездің өзінде жоспарлы экономиканың осал тұстары мен нарықтық қатынастың тиімді жағын сөз етіңкірейтін-ді. Өзіміз де шаруашылықтың басы-қасында жүргендіктен сол кездері жоспар мен міндеттемені орындау айналасынан ұзай алмай, басқа ой кәлламызды сығаламайтын-ды. Оның үстіне төс қалтадағы партияның қызыл билеті, басқаша ойлауға жол беруші ме еді? Міне, заманы туғанда басқаша ойлайтын Абдулла Әбсаттаров бос сөз емес, бостекі тірлік емес, базарлы қатынас талап ететін шаруаны қолға алды десек, жарасыңқырайды.
Аймақтың аға газеті «Сыр бойында» бір ауылда отыздан астам ауыл тұрғынының атакәсіппен шұғылдана бастағандығын сөз еткенбіз. Міне, осы өнімді шаруаның басы-қасында жүрген біз тілге тиек етіп отырған Әбекең.
Хош, Елбасы, аграрлық сала экономиканың қозғаушысы болуы керек, деді ғой өзінің соңғы халыққа арнаған Жолдауында. Жаңақорған ауданының, Қожакент ауылында өткен жылдың наурызында құрылған «Миялы» өндірістік кооперативі сол міндетті жүзеге асыруға ертерек кірісіп кеткен сыңайлы. Өз шаңырағы астында бұрындары шашыраңқы жұмыс істеп келе жатқан 12 шаруа қожалығын біріктіріп, 1500 гектар жерге күріш дақылымен қатар малазығындық көп жылдық өсімдіктер мен бақша дақылын өндірудің жаңа моделімен еңбек ете бастады. Нәтижесі ортадан жоғары дәрежеде қамтылды. Ауыл әкімі Асылбек Айтжановтың көмегімен Абдулла Ақжанұлы енді ауылдағы 41 отбасын атакәсіп-мал шаруашылығымен шұғылдануға шақырды. Бұл ұсынысты қолдаған Жаңақорған ауданының жаңа тағайындалған әкімі Ғалым Әміреев тың идеяларды ортаға салды. Жігерлі басшының пәрменімен аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев, басқа да бөлім басшылары жаңаша тірлікке құмбыл кірісті. Ниет білдірген әр отбасының мүмкіншілігі, қора-қопсының жағдайы, жұмыс қолы бәрі тексеріліп, екі ойлы болып жүргендеріне мақсат қайта түсіндірілді. Міне, осы ұйымдастыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуі нәтижесінде «50 ауыл» концепсиясына сай облыстық қаржылай қолдау қоры арқылы бұл күндері Қожакент ауылында 41 отбасы мал бордақылау шаруасымен шұғылданып отыр. Бұл өткен жылдың соңындағы екі айда ғана қолға алынып, нәтижесі көріне бастаған іс.
«Миялы» кооперативінің мүшелері жоғарыда аталған қор арқылы 4 жылға 6 пайыз жеңілдікпен 132 млн теңге несие алды. Осы қаржыға жалпы 617 бас мүйізді ірі қара, 110 бас жылқы сатып алынды. Нақты кезеңде бордақылануға қойылған жылқы малының алды сұранысқа сай етке өткізіле де бастаса, қалғандары мал семіртудің қызығына берілген. Бір үйден кемінде 2-3 адам осы жұмысқа жегіліп, жаңашылдықтың үлгісін көрсетіп келеді.  Мәселен, кооператив мүшелері Нұритдин Романов 20 бас ірі қара, Данияр Тұрсынқожаев 16 бас жылқы, Тұрсынбай Оразов 24 бас жылқы, Бейбіт Болатбек 24 бас ірі қара, Нарзулла Мырзахметов-20 бас жылқыны бордақылап отырса, Аида Абдуллаеваның қарауында 20 бас ірі қара бар.    
– Арнайы келіп көрген комиссия мал бордақылаумен шұғылдатанатын  әр отбасының қора-жайымен танысып, ондағы жем-шөптің жеткілікті қоры мен шөп майдалаушы агрегаттарының барлығына көз жеткізді.  Тағы да 30 отбасы осы шаруаны қолға алуға пейілді, – дейді Абдулла Әбсаттаров бізбен әңгімесінде. Сонымен қатар, қосымша 30 отбасы құжаттар дайындап, несие алуға ниетті. Табиғи ерекшіліктеріне байланысты бордақылауға қойылған жылқы 40-50 күнде қазығынан айналса, ірі қара сәуір айының ортасында етке өткізуге толады. Кооператив төрағасын дайын болған өнімді өз уақытында өткізу мәселесі мазалайтын сияқты. Дегенде, аудан әкімі мал етін саудаға шығарудан іркіліс болмайтындығына сендіріп отыр. Өйткені, ауданда ет өнімін тұтынатын өндірістік компаниялар және кәсіпорындар қатары да баршылық. Оның үстіне қыж-қыж қайнаған базары бар төрт қақпалы Түркістан қаласы да қашық емес.  Сонымен ауыл адамдары атакәсіппен айналыса жүріп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосады деген сөз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Қожакент ауылы.
ДӘУЛЕТ 18 ақпан 2017 г. 349 0