ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ

Қызылордада жаңа жылдан бастап қалалық емханаларда психологиялық денсаулық орталығы ашылды.

Облыстық психологиялық денсаулық орталығы диспансерінің меңгерушісі Нұрлан Нұрпейісовтің айтуынша, психологиялық денсаулық орталығы төрт емханада ашылған. Мәселен, №3 емхана базасында орналасқан орталыққа №4 емханаға қарасты тұрғындар да қарала алады. Сонымен бірге №6 емхана базасында орналасқан орталық №2, №5 емханаға қарасты тұрғындарды да қамтиды, ал, №1 емхана базасындағы орталыққа «Сенім» және «ДостарМед» клиникасының қаралушылары жүгіне алады. Бұл – психиатриялық қызметті тұрғындар үшін қолжетімді ету мақсатында жасалып отырған шаруа. Өйткені, көп адам жүйке жүйесі аурулары диспансеріне баруға ұялады екен, енді олар қажетті психологиялық көмекті аталған орталықтар арқылы ала алады.

Айта кету керек, психологиялық денсаулық орталықтарында келушілерге психиатр, психотерапевт, психолог мамандары кеңес береді және осы мамандар арқылы дәрі-дәрмектердің рецептісі, қажет болған жағдайда облыстық орталыққа ем алу үшін жолдама да беріледі. Осыған орай жалпы тәжірибелік дәрігерлер адамның жан дүниесінің ауруларына тереңірек үңілуді үйренуде, ал, психиатрлар мен нарколог дәрігерлері психиатр-нарколог болып бір мамандыққа бірікті. Өткен жылдың аяғынан бастап аталған мамандар қайта оқытылды. Ал, облыстық психологиялық денсаулық орталығы диспансері бұрынғысынша балалар мен жасөспірімдерді қабылдап, тұрғындарға психиатриялық аурулар бойынша есепте тұрған-тұрмағаны жөнінде анықтама беру қызметтерін атқаратын болады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Денсаулық 13 қаңтар 2018 г. 22 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031