САЙЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

САЙЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫБүгін облыс орталығында №278 орта мектепте облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жұлдызай» І республикалық спартакиадасы өтті. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған сайыста 10 мен 17 жас аралығындағы 48 үміткер асық ату, жеңіл атлетика, футзал және үстел теннисі сияқты спорттың 4 түрі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Спартакиада соңында төрешілер тарапынан жеңімпаз деп танылған бірқатар үміткерге облыстық білім басқармасының дипломдары мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Мұнан соң Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында «Жұлдызай» ХІІ республикалық балалар шығармашылық фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға қалалық және аудандық іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 320 баланың 150-і жолдама алған болатын. Үміткерлер ән айту, би билеу, әнді ым-ишарамен айту, түрлі аспапта ойнау сияқты сайыстарда сынға түсіп, өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль соңында қатысушыларға облыстық білім басқармасының дипломы мен облыстық мәслихат депутаттары мен «ТорғайПетролеум» АҚ-ның бағалы сыйлықтары табысталды. Ал жеңімпаздар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласында өтетін дүбірлі додаға жолдама алды.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.
ДОДА 17 сәуір 2017 г. 149 0