Үштілділік – заман талабы

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде облыстық интеллектуалдық сайыс өтті. Сайысқа аймақтағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.
Үштілділік саясатын жүзеге асыруда Елбасының Жолдауын жастар арасында насихаттап, үш тілді жоғары деңгейде меңгерген жастарды анықтау және ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған сайыста оқушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде сайысқа қатысушылар үш тілде топ мүшелерін, логотипін және ұрандарын таныстырды. Ал екінші кезеңде топ мүшелері билет арқылы берілген тақырыпқа үш тілде диалог жүргізді. Үшінші кезеңде үш тілде мақал-мәтелдер айтып, төртінші кезеңде әр топ үштілділік жайлы үй тапсырмасына берілген көріністерін көрсетті.
Сайыс қорытындысымен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің «Шақыру» тобы үздік деп танылып, 1 орынға иеленді. Болашақ университетінің «Достық» тобы қалыс қалмай, 2 орынға лайық деп танылды. 3 орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Зерде» тобы қанағат тұтты. Ал Өркениет медицина колледжінің «Жас лингвист» тобы, Абылай хан атындағы колледжінің «АБК» тобы, қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің «Бейбітшілік» тобы ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Сайыс жеңімпаздарына басқарманың дипломдары мен ескерткіш сыйлықтары тапсырылды.

Шынар БЕКБАН.
ДОДА 19 сәуір 2017 г. 168 0