САЛАМАТОВ ТУРНИРІ ТАРТЫСТЫ ӨТТІ

Өткен аптада, яғни, 8-9 желтоқсан күндері Қызылордадағы «Евразия» және «ПетроҚазақстан» спорт кешендерінде белгілі мұнайшы, «Құмкөлдің мұнай генералы» Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың 75 жылдығына арналған футзалдан турнир өтті. Мұнай компаниялары мен сервистік компаниялардың арасында өткен турнирге 12 команда қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов құттықтау сөз сөйлеп, М.Саламатовтың ғибратты ғұмыр жолына тоқталды. Сонан соң Мұрат ағамыздың қарындасы Қарлығаш Ғазизқызы мен мұнай саласының ардагері Е.Берденбаев жылы лебіздерін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осы ретте «Құмкөлдің» қазығын қаққан, Сырдағы мұнай өндірісінің негізін қалаушылардың бірі М.Саламатов жайлы айтып өтейік.

Адам өмірі қанша жыл жасағанымен емес, оның өмірдегі игі істерімен, артындағы ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегесімен өлшенеді. Ондай адамдар өздері өмірден өтсе де, артында қалдырған өшпес іздері жақсылықтың бір бөлшегіндей сайрап жатады. Есімі елге белгілі Мұрат Ғазизұлы Саламатов келелі істері арқылы тарихта мәңгі қалды. Маңғыстау мен Сыр даласында ол жаққан алаулар әлі күнге дейін лапылдап жанып, ол тұрғызған мұнай мұнаралары биіктік өлшеміндей әлі күнге дейін көкпен таласып тұр. Жұрт оларды «Саламатовтың мұнаралары» атайды. Бұл даңқты мұнайшыға елдің берген бағасы болатын.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Жаданов «Бәрі мұнайдан басталды. Ол 1949-1959 жылдары Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Темір орта мектеп-интернатын бітіргеннен кейін «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты мұнайбарлау экспедициясында бұрғылау жұмысшысы-бұрғышы болып жұмысқа орналасады. Бұл кез Ақтөбе аймағында үлкен мұнай өндірісінің басталған шағы еді. Өзінің болашағын мұнаймен байланыстырған жас жігіт екі жылдан кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсіп, тау-кен инженері болуға бел байлайды» деп болашақ мұнайшының ғибратты ғұмыр жолын тарқатып айтады.Сағындық Оспанұлының «Мұрат Саламатов» деп аталатын кітабында да біздің кейіпкеріміз жайлы кеңінен мәлімет беріледі. Ақын Толыбай Абылаев «Ақмешіттің алғашқы мұнайшысы» атты мақаласында «Өзі өмірден озғалы талай жылдың жүзі өтсе де, жақынын жаттай сыйлайтын бауырмал қызылордалықтар алғашқы мұнайшы азаматтың атын қастерлеп, әлі күнге бұл аймақ үшін жасаған істерін аңыз қылып айтып отырады» деп айтылған. Еңбек жолын Ақтөбенің Темір, Шұбарқұдық, Соркөл және Жаңаөзенде мұнайшы, мұнай өндірудің шебері болып бастаған ол көп ұзамай өзінің ұйымдастырушылық қабілеті нәтижесінде №2 инженерлік-технологиялық өндірісті басқарады. Осылайша, қарапайым бұрғылаушыдан басталған еңбек жолы бірте-бірте өсу, өркендеу сатысына ұласады. 1986-1995 жылдар аралығында Сыр бойында ең алғашқы жаңадан ашылған «Құмкөл» кенішін игеру жұмыстарын басқарып, «Құмкөл» мұнайының ел игілігіне жаратылуына бар күш-жігерін аянбай жұмсады. Ол мұнай саласында түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Сыр өңірінде өзінің қайталанбас айшықты қолтаңбасын қалдырған, осы саланы өркендетуге үлес қосты. Өнегелі өмір жолы арқылы есте қалды.

Турнирдің ашылу салтанатында мұнай өнеркәсібінің іскер ұйымдастырушысы Мұрат Ғазизұлы Саламатов туралы осындай деректер айтылып, жас мұнайшыларға оның ғибратқа толы ғұмыр жолы үлгі етілді.

Ойынға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Көлжан» ЖШС, «ҚазГермұнай БК» ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ, «СНПС «Айдан Мұнай», «Қуатамлонмұнай БК» ЖШС, «ҚОР» МК» АҚ, «Kazpetrol Group» ЖШС, «Транс Азия Констракшн» ЖШС, «ҚазТрансГаз» АҚ, «КРЭК» АҚ, «Бастау және S» ЖШС сынды оннан аса команда қатысты.

Кеншілер жарысқа сақадай сай әзірлікпен келіпті. Ә дегеннен алаңға шыққан спортшылар өзара кім мықтыны анықтауға кірісті. Ала доптың аламаны ойын өткен сайын қыза түсті. Бірі допты алып, өзгелерді алдап ойнаса, енді бірі жанындағы ойыншыларды серік етті. Ұшқырлығымен де, табандылығымен де көзге түскен футболшылар болды. Сырттан қарағанда кәнігі спортшылар сияқты көрінеді екен. Тіпті, қақпашылар да гол жібермеу үшін барларын салып жатты. Кейбір командалардың ойыншылары қорғаныста жүріп-ақ үздік ойын көрсете білді. Жарысқа қатысушыларға көрермендер де қолдау көрсетті. Әсіресе, финалдық ойындар өте тартысты өтті. Қиқулаған дауыстар өз командаларына қолдау көрсеткен жанкүйерлердің ерекше ықыласын байқатты. Шабуылдаушылар да сәті келгенде аянып қалмады. Қарсылас команданың қақпасынан саңылау табуға тырысты. Әйтеуір, не керек, екі күнге созылған турнир осындай қызыққа толы болды.

Жабылу салтанатында Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Қ.Ерназаров «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның вице-президенті Б.Көшербаев, «ПҚҚР» АҚ-ның күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Ш.Тлеуберген, «ПҚҚР» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ә.Беклиев, мұнай саласының ардагері М.Қожабеков, Саламатовтың Гүлмира және Жанар есімді қыздары мен қарындасы – Қарлығаш жеңімпаздарға сыйлықтарды табыстады.

Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша 1-орынды «ҚазГермұнай БК» ЖШС командасы иеленіп, 500 000 теңгелік жүлдені қанжығаларына байлады.  Ал, 2- орын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның командасы алып, 300 000 теңгелік жүлдеге ие болды. Үздік үштікті қорытындылаған «ҚазТрансГаз» мекемесінің командасы 200 000 теңгеге қол жеткізді. Жарыста 4-орын алған команда да жүлдесіз қалмады. Осы межеден көрінген «Kazpetrol Group» ЖШС командасына 100 000 теңге берілді. Сондай-ақ, ерекше ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар да марапатталды. «Көлжан» ЖШС қақпашысы Ә.Ғалымжанұлы «Үздік қақпашы» аталымын иеленсе, «ҚазГермұнай» БК ЖШС Е.Батпанов «Үздік сұрмерген» атанды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ойыншысы Қ.Әшіров «Үздік шабуылшы» болса, «ҚазТрансГаз» командасынан А.Оспанов «Үздік қорғаушы» номинациясын иеленді.  Сонымен қатар, «ҚазГермұнай БК» ЖШС футболшысы Н.Дайрабаев «Үздік ойыншы» аталымы бойынша марапатталды. Облыстық футбол федерациясының төрешісі  М.Әбдикеров «Үздік төреші» атанды.  Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың құрметіне «TS май құю бекеттерінің жүйесі» ЖШС-ның бас директоры Б.Бекожановтың атынан «Үздік ойыншы» және «Үздік төреші» номинациясының иегерлеріне әрқайсысына 50000 теңге сыйақы берілді. «Көрермен көзайымы» номинациясын алған «ПҚҚР» АҚ командасына Саламатовтар отбасы атынан арнайы белгілі қазақстандық суретшінің «Сардар» атты жұмысы табысталды.

Осы турнирдің өткізілуіне облыстық дене шынықтыру басқармасы мен облыстық футбол федерациясы да өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚазГермұнай БК» ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ, «Транс Азия Констракшн» ЖШС, «Бастау және S» ЖШС, «УАД» ЖШС секілді компаниялар мен серіктестіктер демеушілік жасағанын айта кеткен жөн.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

ДОДА 12 желтоксан 2017 г. 39 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031