ЖЕЛКЕНІН КЕРГЕН ЖЕЛКЕНДІ СПОРТ

ДОДА | 29 октябрь 2013 ж. - 12:15 | Көрудің саны: 503
Үздіктер бақ сынайтын сайыс түрлері сан алуан. Олардың санынан жаңылысып қалуың ғажап емес. Шындығын айтқанда, Қазақстанда ашық су айдындарында өтетін сайыстар бойынша қоржынымыз қомақты болып жүрген жоқ. Дегенмен, оны дамытуға көңіл бөліне бастағаны жұртты қуантады. Қазақ елінің спорт әлеміне талай үздікті шығарып, көптеген таланттың томағасын сыпырған Сыр өңірінде де осындай серпілісті істер жасалуда. Солардың қатарында желкенді спорт түрлері бар. 
Талайдың делебесін қоздыратын сайыс осыдан екі-үш ғасырдай бұрын Голландия мемлекетінде пайда болған. Дәлірек айтқанда, алғашқы желкенді регата жарысы 1661 жылы Ұлыбритания жерінде жалауын көтерген екен. Осыған қарамастан халықаралық желкенді спорт одағы 1907 жылы тұсауын кескен. Содан бері сан алуан сайыстар тұрақты өткізіліп, онда өз ісін шебер меңгерген шымырлар бақ сынап келеді. Оған 115-ке жуық мемлекет мүше болып қабылданған. Олимпиялық ойындары тізіміне ертеден-ақ енгізілген. Нақтырақ айтқанда, 1900 жылы өткен айтулы аламанда сайыскерлер алғаш рет жарысқа түсті. 1922 жылдан бері желкенді спорттан дүниежүзілік чемпионаттың шымылдығы түріліп, дүйім ел алдында дарабоз спортшылар өздерінің шеберлігін паш етіп келеді.
1906 жылы желкенді спорт түрлері бойынша арнайы ереже түзілді. Онда 3, 8, 12 метрлік және өзге де яхталар бойынша жарыстар өткізу ойластырылды. Соның нәтижесінде сан алуан сайыстар өз ретімен жүргізіліп, жарысқа қатысушылар жанкүйер сенімінен шығарлық деңгейде ойын көрсете алды.    
Шөл және шөлейтті аймаққа қоныс тепті демесеңіз, біздің облыс су айдындарынан кенде емес. Басқасын былай қойғанның өзінде, Арал теңізінің өзін қайда қояр едіңіз? Облыстың барлық ауданын басып өтетін сылаң қаққан Сырдарияда да кез келген спорт түрлерінің өрісін кеңейтуге әбден болады. Қазіргі таңда осы бағытта оңды істер атқарылуда. Өткен жылдарда каноэ мен байдаркада есу спортынан арнайы бөлім ашылса, енді оның қатарына желкенді спорт түрлері қосылмақшы. 
Жақында облыстың Арал ауданындағы Көкарал бөгетінде алғаш рет желкенді спорт түрінен республикалық жарыс болып өтті. Оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Байрақты бәсекеге Астана қаласы, Алматы, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 30-ға жуық жас келді. «Аралдың қайта дамуы» атауымен өткізілген жарыста сайыскерлер сегіз күн бойы 3 бағдарлама бойынша жеңімпаздарды анықтады. Кезінде Арал теңізінің апаттық жағдайы ағайынның еңсесін езіп, түрлі ойға жетелегені анық. Алайда бүгінгі таңда Елбасының қолдауымен іске асырылып жатқан Кіші Арал теңізін қайта қалпына келтіру жобасы жағадағы жұрттың алдағы күнге сенімін оятып, жарқын болашаққа үміт отын жағып отыр. Осындай көркем көріністегі теңіз төсінде болған желкенді спорт жарысы ажарлы істі ағайынға көрсетуге мүмкіндік туғызады. Келешекте аталмыш спортқа көңіл бөлген жергілікті жұрттың қатары көбейетін болады. 
Рас, біздің өңірде дарынды ұландар баршылық. Олар жайында қайталап айтып жатудың өзі артық. Әрине, біз жастарды тек белгілі спорт түрлеріне ғана баули алмаймыз. Ондай сайыс түрлерінің қатарын көбейту – басты міндетіміз. Қазір осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдардың өзінде көркем гимнастика, теннис, байдарка мен каноэде есу, қазіргі заманғы бессайыс секілді спорт үйірмелерін ашылды. Сондай-ақ, жергілікті жастар қысқы спорт түрлерімен де айналыса алады. Енді солардың қатарына желкенді спортты қосылмақ. 
Біздің елімізде спорттың бұл түріне мән беріліп келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Алғашқы ресми жарыс 1956 жылы Балқаш көлінде болған. Қазіргі таңда желкенді спорт сайыстары Алматы облысының Қапшағай бөгенінде, Қарағанды облысының Балқаш көлінде, Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағындағы Каспий теңізінде жиі өткізіліп тұрады. Енді олардың қатарына Арал теңізінің аумағы да қосылып отыр.
Расын айтқанда, біз мұндай жарыстарға ұзақ жылдар бойы мән бермей келгеніміз жасырын емес. Оны бір жағынан сайыс деп санаймыз. Екінші жағынан көңілді демалыс та бола алады емес пе? Ендеше, желкенді спортты кенже қалдыруға болмайды. Иә, бүгінгі күнге дейін біздің спортшылар жарыстың бұл түрінен беделді бәсекелерде жоғары биіктен көріне қойған жоқ. Алайда алдағы күнге сенім мол. Өйткені, спорттың бұл түрі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, еліміздің бірқатар өңірлерінде өрісін кеңейте бастады. 
Әділжан ҮМБЕТ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҚАЙСАР СЕНІМДІ АҚТАДЫ

ҚАЙСАР СЕНІМДІ АҚТАДЫ

Өткен жылдың соңында Қызылорданың «Қайсар» командасына байланысты алыпқашпа сөздер...
Ауылда ел біріншілігі өткізілді

Ауылда ел біріншілігі өткізілді

Жаңақорған. Ауданның М.Нәлібаев ауылында еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға...
Жерлестеріміз жетінші орыннан көрінді

Жерлестеріміз жетінші орыннан көрінді

Шымкент. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында...
ЖАРЫСТАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАРЫСТАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Мәнерлеп сырғанау. Белоруссия астанасы Минск қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан...
«ҚАЗАҚТЫҢ БАЛУАНДЫҒЫН ПАШ ЕТКІМ КЕЛЕДІ»

«ҚАЗАҚТЫҢ БАЛУАНДЫҒЫН ПАШ ЕТКІМ КЕЛЕДІ»

дейді дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев...
ДӘСТYРЛІ СПАРТАКИАДА

ДӘСТYРЛІ СПАРТАКИАДА

«Евразия» спорт кешенінде облыс әкімінің жүлдесіне арналған ХVІІІ дәстүрлі...
Пікір: