ЭКОНОМИКАНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ДАМУЫНА ҮЛКЕН ҮЛЕС

Қазақстан ғана емес, әлем қазір «дағдарыс» деп аталатын қиындықтар кезеңінде өмір сүріп жатыр. Кез келген қиындықтан шығудың бір ғана жолы бар – сол қиындыққа қарсы тұру. Құрылғанына үш жыл толып отырған мемлекеттік кірістер органдары еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, халықаралық еркін сауданы жақсарту және салықтар мен төлемдерді ынталы төлеу үшін  қолайлы жағдай жасаудың бірден-бір тетігі. Мемлекеттің дамуы мен халықаралық аренадағы беделді орнын қалыптастыру мақсатында үш ірі құрылым бір арнаға біріктірілді.  
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық, кеден және экономикалық тергеу қызметі бағыттары бойынша, сонымен қатар Қызылорда қаласы мен жеті аудан бойынша басқармаларда 500-ге жуық қызметкерді қамтиды.
Осындай үлкен армия ел бюджетін салықтар мен төлемдер арқылы толтыра отырып, салық және кеден қызметін әкімшілендіруді жақ¬сартуға бағытталған   шараларды жүзеге асырады.  Әрқайсысы дербес құрылым болып тұрған кезінде Қызылорда облысының  салық органдары, кеден органдары әрдайым нәтижелі жұмыс жасады. Тәуелсіз мемлекет болып құрылған алғашқы жылдарда бюджеттің кірісін қамтамасыз ету – ең маңызды іс болатын. Салықтың  жиналуын қамтамасыз ету үшін мамандар үй-үйді, мекемені аралап жүріп жұмыс жасайтын. Оның үстіне қазіргідей компьютерлік техника жоқ, үй жағалап келген соң барлық мәліметтерді қолдап қағазға түсіріп, түнгі 11-12-де үйлеріне қайтатынын әлі де әріптестер еске алып отырады. Жергілікті бөлімдердің басым көбі коммуналдық жағдайлары жасал¬маған шағын ғимараттарда тұрды.
Қызылорда облысының кеден органдары да өз қадамдарын алғашқыда кеден бекеті болып бастаған. Бірнеше ғана қызметкерден құрылған шағын бекет жалғыз автокөлікпен мұнайлы өлкенің сыртқа тауар шығарып, шет елден тауар тасымалдайтын барлық тұлғаларына кедендік қызмет көрсеткен. Қала орталығындағы ауласы жоқ шағын ғимаратта құжаттар мен тауарларды тексеру үшін тауар тиелген көліктерді қоятын жер болмаған. Дербес декларанттар жоқ. Сондықтан да күн демей, түн демей, сенбі мен жексенбіні білмей,  жұмыс жасауға тура келген. Бар жұмыс қолмен атқарылатын сол кезден бері сүйікті ісін жалғастырып келе жатқан кеденшілер қазірде біздің саланың тәжірибелі майталман мамандары.
Сол кездегі түйткілді мәселенің барлығы бірыңғай салық және кеден заңнамасының жоқтығынан еді. Бірнеше заңнамалық құжаттарды негізге алып жұмыс жүргізудің қиындығынан өттік. Салық пен кеден төлемдерінің түсімін тұрақты қамтамасыз ету үшін тынымсыз ойланып, сол кездегі облыс экономикасының негізін құрайтын енді қарқын алған мұнай өндіру саласына инвестиция салуға ниетті шетелдік ірі компаниялармен жұмыс жасалды.
Мемлекеттік кірістер департаменті болып құрылып, жұмыс жасай бастаған үш жылда қызылордалықтар барлық деңгейдегі бюджетке түсімдерді қамтамасыз етуде табысты жұмыс жасап келеді. Облыстағы мұнай өндіру көлемінің төмендеп,  ірі инвестициялық жобалардың  азайып бара жатқандығына қарамастан, біздің департамент мемлекеттік бюджетті толтыруда тұрақты қарқынмен жұмыс жасап отыр. Бюджет кірісінің өсу қарқыны ішкі өңірлік өнім көрсеткішіне қарағанда 2015 жылы 6,6 пайыз болса, 2016 жылы  7,2 пайызға жетті.
Биылғы жылдың бірінші жартысында да өсім қарқыны сақталуда. Өткен жылға қарағанда мемлекеттік бюджетке түсім 5,7 млрд теңгеге артты. Мемлекет тайқазанына қызыл¬ордалық кірісшілер 2017 жылдың алты айында 45,4 млрд теңгенің түсімін қамтамасыз етті, республикалық бюджет жоспары 105,6 пайызға, жергілікті бюджет жоспары 109,5 пайызға орындалды. Салықты өндіру ғана емес қосымша кіріс көздерін қарастыру, сонымен қатар жалған кәсіпкерлікке қарсы тұру тетіктері бюджетті толықтыруға негіз болуда. 4 млрд 649 млн теңгенің қаражаты қосымша есептеліп, өндіріліп отыр. Салықтың тексерулер нәтижесімен бірінші жартыжылдықта 3 млрд 126 млн теңге қосымша есептелді. Камералдық бақылау амалдары арқылы мемлекеттік бюджет 2 млрд 387 млн теңгеге толықты.
Салықтық базаны кеңейту үшін барлық құзыретті органдармен тығыз байланысты жұмыс жасалады. Облыс әкімінің тапсырмасымен әрбір ауылдық округ өз ауылындағы шағын несие алып кәсіп жасап, алайда табысын көрсетпей отырған тұлғаларға тегіс түгендеу жүргізілді. Қорытынды жаман емес, облыс  бойынша кәсіп жүргізу үшін шағын несие алған 333 дара кәсіпкер, 74 жеке тұлға  тіркеліп, кіріс сомасын 98 млн теңгеге көбейтті, барлық төленген салық көлемі 2,9 млн теңге. Жыл басынан бері өндірістік емес төлемдерден 517 млн теңгенің қосымша көзі анықталып, оның 334 млн теңгесі өндірілді.
Біздің негізгі мақсатымыз – салықты өндіру ғана емес, бизнес жүргізуші үшін қолайлы жағ¬дай жасау. Осы жыл басынан бері көрсетілген мемлекеттік қызмет түрлерінің 87,5 пайызы электрондық нысанда көрсетіліп отыр. Салық есептіліктерінің 99,1 пайызы электронды түрде тапсырылған, салыстырмалы түрде айта кетсек, өткен жылдан 1,3 пайыз артық. 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап шот-фактураны электронды жазу жүйесі енгізіле бастағаны белгілі. Қазіргі кезде біздің өңірде 1560 қосымша құн салығын төлеуші болса, солардың 1170-і, яғни 75 -пайызы, электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде тіркелген. Бұл – осынша салық төлеуші айтар¬лықтай шығынын үнемдеп отыр деген сөз.
Қызылорда өңірі – аймақтар арасында бірінші болып Индустрияландыру картасы жобасын өзек¬тендіруді қолға алған облыс. Биылдан бас¬тап біздің облыста қолға алынған жаңа бизнес жобалардың  бірқатары экспортқа бағытталған. Халықтың әл-ауқаты да жыл сайын көтеріліп келеді. Яғни, тұрмыс жағдайымыз жақсарған сайын – түрлі жаңа игіліктерге қол созамыз. Бұл өз кезегінде сырт елдерден келетін түрлі тауар тасқынына жол ашады. Бірінші жартыжылдықта облыстың сыртқы сауда айналымы 172 млн АҚШ долларын құрады. Бюджетке өндірілген кеден төлемдері мен салықтары 3 млрд 277 млн теңгені құрап, болжамды тапсырма 103,5 пайызға орындалды.
Кедендік қызметтер көрсету сапасы тауарларды кедендік тазартудан өткізу уақытымен өлшенеді. Біздің облыста тауарды импорт амалында босату үшін 1 сағат 03 минут, экспортқа шығатын тауарды тазартудан өткізуге 4 минут жұмсалады. Бұл – жоғары көрсеткіш.
Біздің мемлекеттік кірістер құры¬лымының үшінші ¬саласы эко¬но¬микалық қылмыстар мен құқық¬бұзу¬шылықпен күресті жүзеге асы¬рады. Экономикалық тергеу қыз¬меті республикалық деңгейде белсенді жұмыс жасап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр¬ға¬нын айтуымыз керек. Жыл басынан бері біздің департаменттің құқық қорғау қызметі 209 қыл¬мыстық істің өндірісін жүргізді. 141 істің өндірісі аяқталып, 63 іс сотқа жолданды. Мемлекетке кел¬ті¬рілген залал мөлшері 4,2 млрд теңгені құрап, оның 2,4 млрд теңгесі өндірілді. 423,2 млн теңгенің мүл¬кіне шектеу қойылды.
 Мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 4 қыл¬мыс, қылмысты жолмен та¬был¬ған табысты жария етудің 3 фактісі, жалған кәсіпкерліктің 7 ісі, алкоголь өнімінің заңсыз айналымына қатысты 8 қылмыс, заңсыз «онлайн-казино» ұйымдастырудың 43 фактісі – міне, біздегі істердің сипаты мен ауқымы осылай кете береді.
Бюджет қаражатын талан-таражға салу немесе мақсатсыз жұмсау қылмысы бойынша 67 қыл¬мыстық іс қаралды. Оның ішінде 29 іс мемлекеттік сатып алулар аясында контрафактілі тауарлар әкелумен байланысты. Мұнымен қоса, кеден және салық саласындағы заңсыздықтар бойынша тіркелген 38 қылмыстық іс болса, олардан мемлекетке келтірілген залал 1,9 млрд теңгеге жеткен (қалпына келтірілгені – 1,5 млрд теңге).
Көптеген мәселе: салықтан жалтару, мемлекет қаржысын талан-таражға салу -немесе қымқыру, тіркеуден өтпей қызмет жүргізу – осының барлығы мемлекеттің ортақ тайқазаны – бюджетке келт¬рілген залал болуымен қатар, біздің азаматтарымыздың, кәсіпкерлеріміздің салықтық мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Осы орайда көпшілік үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу – біздің күнделікті жұмысымыздың бір парасы. Кәсіпкерлер палатасында арнайы ашылған «Прокурор кабинетінде» біздің департаменттің басшылығы да қоғамдық қабылдау жүргізеді. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында тұрақты жүретін «Салық пен Халық» бағдарламасы арқылы мамандар апта  сайын кәсіпкерлік нысандары мен жеке тұлғаларға салықтық міндеттеме бойынша жаңа талаптарды түсіндіріп, сұхбат береді.
Қызметкерлердің кәсіби білік¬тілігін шыңдауы, мансабында және рухани өсу мүмкіндігі болуы аса маңызды. Биылғы жыл басында өткен аттестаттау біздің ма-ман¬дарымыздың жоғары дең¬гейін дәлелдеді. «Лауазымдық өсуге жатады» деп бағаланған бірнеше қызметкерлеріміз жоғары лауазымдарға тағайындалып та үлгерді. Біздің қызметкерлеріміздің түрлі спорттық, қоғамдық шараларға қатысып, жеңіске жетіп жүрген белсенділігі ұжымдық ахуалды сергітіп отырады. Қайырымдылық шараларына қатысуда да ынталылық танытып, ізгілік ниеттерін бай¬қатады. Биылдың өзінде Қызылордадағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мекемелеріне, облыстағы және бас¬қа өңірлердегі түрлі табиғи зардаптан сақтандыру қорларына, баласы ауыр дертке шалдыққан өз әріптесімізге қарайласып, миллион теңгеден астам көлемде жәрдем бердік.
Өткенсіз бүгін болмайды. Бір жүйеге келтірілген, заңнамалық тұғыры мықты, жұмысы қар¬қынды мемлекеттік кірістер органдарының қазіргі жетістіктерін саралап отырғанда, осы істің басында болған азаматтар мен мамандарды ескермей кетуге болмайды. Жергілікті қаржы, салық, кеден саласына елеулі еңбек сіңірген аға буын ардагерлерге ерекше ілтипатымызды білдіргім келеді. Кеден, салық органдарын басқарып, іргелі істердің ұйытқысы болған азаматтардың еңбегі қажырлы, үлесі қомақты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл¬дарында облыстың салық комитеті тізгінін ұстаған Дайрабай Ысқақұлы Ысқақовтың еңбегі мен ұйымдастырушылық шеберлігін ерекше атап өткен жөн. Салық саласының негізі қаланған, өз әдістері мен дәстүрлері қалыптасқан кезеңнің майталман мамандары  қатарында Ортай Тоқтаров, Қадыр Ақышбаев, Күлжамал Ешпанова, Қамар Әбілдаева, Майра Байсалбаева сынды ардагерлеріміз бар.
Облыстағы кеден құрылымын бас¬қарып, оның іргесі кеңейіп, мықты мемлекеттік органға айналуы¬на зор еңбек сіңірген тұлғалар Тимур Жамалұлы Байхожаевтың, Марат Сағынтайұлы Есеновтің, Қайрат Жомартұлы Боранбаевтың есімдері қазір де құрметпен аталады.
Құқық қорғау бағытының мамандары тарихта «қаржы полициясы» деген атпен із қалдырған экономикалық және ¬сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департаменттің тәжірибелі қызметкерлері. 1994 жылы Қызыл¬орда облысының салық милициясы болып дүниеге келген құрылымның сапалы құрамын жасақтап, нәтижелі еңбек етуіне үлкен үлес қосқан Серікбол Тана¬бай¬ұлы Есмағамбетов, Жаңабай Бекішев сынды ардагер азаматтар қазіргі офицерлердің көбінің тәлімгерлері болып саналады.
Біздің күнделікті тынымсыз еңбегімізден халықтың ортақ қазынасы – бюджет қалыптасады. Әрқай¬сысымыздың жасаған адал, кәсіби жұ¬мысымыз еліміздің экономикасын көтеруге үлес болып қосылады. Қазақстан Републикасының мем-лекеттік кіріс¬тер органдарының құрылған күнімен қаржы, салық, кеден, қаржы саласындағы құқыққорғау қызметтерінің іргесін қалап, шаңырағын көтерген қайраткер тұлғаларды, ардагерлерді және бүгінгі әріптестерімді құттықтаймын. Мықты денсаулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне абырой тілеймін.

Серік МҰСТАФАЕВ,
облыс бойынша
мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.
Экономика 12 тамыз 2017 г. 84 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031