ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҚАЛА КҮНІ» МЕРЕКЕСІ ЖАЛҒАСУДА

18 қыркүйектен бастап барша қызылордалықтар «Қала күні» мерекесін атап өтуде.
Айтулы мерекенің алғашқы күні түске дейін «Сыр сүлейлері» аллеясында «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» және «Дәмді бауырсақ» фестивалі, кент, ауылдық округтердің қаз-қатар орналасқан қараша үйлерінен этноауыл, кәсіпкерлерінің мерекелік тартуы ретінде қала мейрамханалары 25 түрлі нан өнімдері мен тәттілерін әкеліп «Аспазшылар тартуы» шарасын ұйымдастырды және қаламыздың 199 жылдығына арнап 199 қорап бауырсақ әзірледі.
Ал, кеше 19 қыркүйек күні білім беру мекемелері қаламыздың төл мерекесіне тартуы ретінде орталық алаңда «Білімді ұрпақ – ұраным» тақырыбымен мерекелік шара ұйымдастырды.
Бір күнге жоспарланған шара аясында «Бауырсақ Party», «Домбыра Party» фестивалі, «Дария жағасындағы қала» атты фотокөрме, «Қызылорда – балалар көзімен», «Балаларға мейірімді қала» жас суретшілер байқауы, ғылыми-жобалар байқауы жүлдегерлерінің, «Шебер қолдар», «Қанатты дос – табиғаттың тартуы» атты Сыр елінде мекендейтін құстар көрмелері, жас ұстаздардан құралған «Көңілді хор», «Сүйкімді бүлдіршін - 2017» балабақшалар байқауы, ұлттық салт-дәстүрлерді және қолданбалы қолөнерді насихаттауға бағытталған этноауыл, «Мақтанамын өзінмен туған қалам» атты оқушылардың әдеби театрландырылған қойылымы, «Мен сені жырлап өтсем, Қызылордам!» атты оқушылар арасында ақындар айтысы ұйымдастырылса, балабақша бүлдіршіндерінің «Бесік арбалар» шеруі мен 500 оқушының қатысуымен өткен «Сүйікті қалама – 200 жыл» оқушылар флешмобы шараның көркін қыздырып, барша қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шараға арнайы қатысқан қала әкімі Н. Нәлібаев, орталық алаңда өтіп жатқан барлық шараны аралап ұйымдастырушылар мен жас бүлдіршіндерге ерекше ықыласпен ризашылығын білдірді.
- «Баршаңызды Алаштың анасы - Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қала тарихында биылғы мерекені атап өтудің орны ерекше. Тәуелсіз ел дамуында өзіндік тарихи орны бар Қызылорда қаласы келер жылы 200 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сонау 1818 жылдан бастау алған екі ғасырлық тарихтың, әр парағында Қызылорданың ел дамуындағы тарихи орнын толық аңғаруға болады.
Биылғы «Қала күні» мерекесінің, жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін мерекеден ерекшелігі, қаламыздың келесі жылы тойланатын 200 жылдығына дайындық ретінде ұйымдастырылуда. Айтулы мерейтойдың басты тартуы - Қызылорда қаласының сол жақ жағалауындағы жаңа қаланы пайдалануға береміз.
Биыл жарқын болашаққа бастайтын жаңа қала құрылысының алғашқы қарлығаштары – Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның, жастар орталығының, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының, «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің өткенінен сыр шертер, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттарының құрылыстары жүргізілуде», - деген Н.Нәлібаев қаламыздың бүгінгі жетістіктері мен болашақ жоспарларына қысқаша тоқталып, - «Бүгінгі «Білімді ұрпақ – ұраным» тақырыбымен ұйымдастырылып отырған мерекелік шараны, білім беру мекемелерінің сүйікті қаламыздың төл мерекесіне тартуы деп қабылдаңыздар. Еліміздің ертеңі жас өрен десек, сол болашағымызды жарқын ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына деген алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Сіздер тек білім бағбандары ғана емес, өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірін өркендетуге мол үлес қосып жүрген қоғамның ең маңдайалды, белді өкілісіздер!», - деген сөзімен, ұстаздар қауымына деген құрметі мен зор алғысын жеткізді.
Шара соңы, жас бүлдіршіндер мен облыс аудандарынан арнайы келген ұстаздар қауымының мерекелік гала-концертіне ұласты.
Айта кетейік, «Қала күні» мерекесі 23 қыркүйекке дейін жалғасып, танымал эстрада жұлдыздарының гала-концерті және мерекелік отшашулармен қорытындыланады.
 
СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ 21 қыркүйек 2017 г. 81 0