БІЛІМНІҢ КІЛТІ - МЕКТЕПТЕ

Қызықты сәттердің көбісі мектеп табалдырығында өтті. Мектеп-кеме, білім-теңіз деп бекер айтылмаса керекті. Иә, мектеп білім айдынындағы үлкен кеме. Онда тарыдай болып кіріп, білім нәрімен сусындап таудай болып шығамыз. Мектеп ол екінші үйің, тәрбиемен білімнің мекені. 
Ал мен оқыған тарихи орда  №135  А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектебі.1981 жылы бой көтерген мектепке бүгінде 36 жыл уақыт өтіпті. Сол жылдар аралығында қаншама түлектер қанат қақты. Мектеп оқушылары түрлі спорттық, білім жарыстарында озық шығып мектеп атын биікке көтерді. Бүгінде мектептен тәлім алған азаматтар ауылдың экономикасы мен мәдениетін арттыруға жан аямай еңбек етіп жүр. Олардың қатарында Сқақов Мақсат, Әжікенов Ержан, Сарқыншақов Әби, Сәменов Шәкен есімдерін мақтанышпен айтуға болады. 
Адамға ең әуелі білім керек, ал оны уйрету үшін ұстаз керек. Мектеп бейнесін мұғалімсіз елестету мүмкін емес. Ол жанның өнерге де, білімге де еңбегі зор. Алғаш мектеп есігін ашып, бірінші сыныпқа қадам басқанымызда, Әліппені ұстатқызып, қырық екі әріпті жаттатқызып, жан дүниеңе білім деген нұрлы шуақты себетін де ұстаз. Сонымен қатар мектепте өз пәндерінің білгір мамандары Тойшыбекова Қалдаш, Тәжімұратова Гүлнар, Алтынбекова Қалдыгүл, Ұзақбаева Қаламқас, Жүнісова Сәбира, Сатыбалдиева Гүлзат, Раманқұлова Кежегүл  т.б ұстаздар еңбек етуде. А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп мұғалімдері міндеттерін абыройлы атқарып келе жатқан ардақты жандар. Сол себепті мектептің жүрегі, тірегі ұстаз дер едім. Келешекте еңбектерінің жемісін жеп, толағай табыстарға жетулеріне тілектеспін. 
     Былтыр мектеп көркем әрленіп,күрделі жөндеуден өтті. Мектебімізде баланың толыққанды білім алуына жағдай жасалды. Уақытты босқа өткізбеу үшін ән, би, домбыра, күрес сияқты түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Бізде оқыған әр оқушы пән сабақтарын ғана емес, өнерді де қатар меңгереді. 
     Менде сол мектепте білім мен тәрбиені қатар меңгеріп, өмірлік азық алдым. Ұстаздарымның берген тәлімінің арқасында мектепті үздік оқып, айтарлықтай жетістіктерге жеттім. Мектебім маған үлкен өмірге жолдама берді, үлкен өмірге дайындады. Барлығы білім ордамның, онда қызмет атқарып келе жатқан асыл жандардың еңбегі деп білемін. Ендігі жолы алдыма үлкен мақсаттар қойып, асқар асуларды бағындырып, елім мақтан тұтатын тұлға болғым келеді. Бұл менің мәпелеп өсірген ата-анамның, ақылшы ұстазымның, алтын ұям-мектебімнің алдындағы борышым! 


Арайлым ӨМІРБЕК


ҚОҒАМ 09 маусым 2017 г. 158 0