СОРТ АУЫСТЫРУ – ТИІМДІ ӘДІС

Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін құрылымдарға қажетті сорттарды ауық-ауық ауыстырып отыру әлемдік тәжірибеде дәлелденген тәсіл. Өйткені, ондай сорттардың сапасы да жоғары, өнімі де мол болатыны бесенеден белгілі. Ал ол сорттарды тексеруден өткізіп отыратын арнайы мекемелер біздің облысымызда да бар. Солардың бірі – Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарын қамтитын Жалағаш мемлекеттік сорт сынау бөлімшесі. Бұқарбай батыр ауылында орналасқан онда жыл сайын күріш дақылының 12-13 сорты сынақтан өткізіліп келеді.
– Осы сорттардың ішінен егістік жерге, ауа райына, түрлі аурулар мен зиянды жәндіктерге төзімділігі, сондай-ақ сорттардың өнімділігі мен шаруашылықтарға келтіретін басқа да пайдалы қасиеттерін зерттеп барып, аудандастырамыз, – дейді аталған бөлімше басшысы Батырбай Әбдіреев бізбен әңгімесінде. – Егер жарамсыз сорттар болса, оларды басқа сорттармен ауыстырамыз. Айталық, соңғы он жылдың көлемінде сынаққа түскен 23 күріш сортына жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде 11 сорт аудандастырылды. Оның төртеуі – «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның «Арал-202», «Ару», «Түгіскен-1», «КазНИИР-5» сорттары болса, алтауы Ресейдің Краснодар өлкесінен алынған. Олар – «Лиман», «Янтарь», «Новатор», «Лидер», «Анант», «Фишт» сорттары. Ал «Мадина» сорты қазақ биология және биотехнология институтының өнімі.
Сорт сынаушылардың негізгі міндеті – ғылыми-зерттеу орталықтарынан шыққан ауылшаруашылық дақылдарының сорттарын сынау учаскелерінде жан-жақты сынақтан өткізу, – деді Батырбай Әбдіреев әңгімесін одан әрі сабақтай түсіп. – Сынақ нәтижесінде сорттар талапқа сай деп танылса, онда олар Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енгізіледі.
Қазіргі таңда елімізде күріш дақылы бойынша 26 сорт мемлекеттік тізбеге енгізілген көрінеді. Соның 14 сорты біздің облысымызда пайдаланылуда.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ҚОҒАМ 17 қазан 2013 г. 749 0