АРАЛЫМА ҚАЙТЫП ОРАЛДЫМ

«Туған жерім киелім, 

Жанымдай жақын  сүйемін.

Жырақ кетсем өзіңнен,

Аңсап сені жүдедім».  

Авторы белгісіз осынау жыр жолдарында өмірдің нағыз шындығы жатыр. Әрі бұл осындай жағдайды басынан өткерген  маған, мен сияқты көптеген жандарға етене жағдай. Әсілі, «туған жердің қадір-құнын білу азаматтық  парызың»  деп текке айтылмаған.

Мен теңіз қойнауындағы Қаратерең ауылының перзентімін. Аталуының өзінен аңғарылып тұрғандай құтты қонысымыздың негізгі күнкөрісі балық аулау кәсіпшілігі болып табылады. Осынау қазақылықтың қаймағы бұзылмаған елді мекеннің барша тұрғындары біріне-бірі ағайын-туыс, құда-жекжат, бауыр саналады.

Өзге тұстастарым сынды ауыл орталығындағы мектепті бітірдім. Еңбекке араластым. «Ғасыр құрылысы» атанған Көкарал бөгетін салуға қатыстым. Мұны өмірімдегі ең басты оқиғаның бірі деп есептеп, мақтаныш тұтамын. Алайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың аяғында қоныс аударуға шешім қабылдадым. Қазақта «Адам айдаса, бармайсың, дәм айдаса, қалмайсың» деген нақыл бар. Менде осылайша  Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласына көшіп барып, қоныстандым. Түрлі салада жұмыс жасадым. Шүкір, тіршілігіміз онда да жаман болған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тұрмыс кештік. Дегенмен, туған жерім, атақонысым айдынды Аралды бір сәтке де жадымнан шығара  алмадым.

Осындай күндердің бірінде көпшілік аңсай күткен жағымды жаңалық өмірімізге күрт өзгеріс енгізді. САРАТС жобасының алғашқы кезеңінің жүзеге асырылуы Арал өңіріне соны серпін, тың өзгерістер әкелгені баршаға аян. Теңіздің қайта жандануы атакәсіп балық шаруашылығының өркендеуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің оңалуына зор әсер етті. Мұндай жағдай тағдыр соқпағымен ата мекенінен амалсыздан ірге ажыратқан талай отбасының ауылға оралуына ықпалын тигізді. Солардың қатарында бізде көшіміздің басын туған өлкемізге қарай бұрдық. Алғашқы кезеңде балықшы болып нан таптым. Кейін өзімнің мамандығыма ауыстым. Қазіргі таңда жағдайымыз бөтен емес. Сүйсінерлігі, аудан, ауыл көркі мүлде танымастай өзгерген. Халқымыздың да әл-ауқаты жақсы оңалған. Тіл-көзден сақтасын.

Бақ-береке ынтымақты жерге қонатыны белгілі. Басыңнан бағың таймасын, Аралым, құтты қонысым!

 

Манас НАЗАШОВ,

Арал ауданы,

Қаратерең ауылы.

ҚОҒАМ 05 қазан 2017 г. 382 0