КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ

Халыққа арнаған биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша біршама міндеттер қойды. Соның бірі – шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Оған қол жеткізу үшін бүгіннен бастап саланы серпілтер тың бастамаларды қолға алуға тиіспіз.
Бұл ретте аймақ басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру жөнінде жоғары талап қойғаны белгілі. Ал кәсіппен айналысуға ынталы тұрғындар үшін бірден-бір оңтайлы мүмкіндік – «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының 31 тамызға дейінгі мәліметіне сүйенсек, биыл аталған бағдарламаны іске асыруға жалпы көлемі 779,6 млн теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаражаттың 669,6 млн теңгесі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына субсидиялар мен ішінара кепілдіктер беруге бағытталған. Жыл басынан бері бағдарлама аясында кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 5,59 млрд теңгені құрайтын 95 жоба субсидияланып, оның ішінде 45 жобаға ішінара кепілдіктер берілген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд теңге көлемінде субсидия төлеуге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендердегі шағын кәсіпкерлік бастамаларға 10 млн теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, -микробизнес субъектілерінің 17 жобасы қаржыландырылған. Ал бүгінге дейін аталған басқармаға конкурсқа қатысуға кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 129,3 млн теңгені құрайтын 58 жоба келіп түскен. Жалпы конкурсқа қатысудың негізгі талабы – кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» немесе «Нәтижелі жұмыспен қамту және ¬жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші», «Бизнес Бастау» жобалары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, жаңа бизнес идеяларын ұсынуы қажет.
Жалпы, осы жылдың бірінші жартысында облыс бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 48652 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 36757 бірлікті құраса, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыс¬тыр¬ғанда 3,2 пайызға жоғары. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында шығарылған өнім көлемі 48,8 млрд теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға ұлғайған.
Шағын және орта бизнес ел экономикасының көсегесін көгертетін сала екенін бәріміз жақсы білеміз. Бұл саланы жетілдіру үшін Мемлекет басшысы, Үкімет пен Парламент тың қолдау көрсетіп отырғаны әмбеге аян.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 05 қазан 2017 г. 51 0