105 САРБАЗ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ АТТАНДЫ

Күзгі әскерге шақыру науқаны басталғалы облыстан тағы да 105 азамат Қорғаныс министрлігіне қарасты Алматы облысындағы әскери бөлімдерге аттанды. Олардың 50-і Талдықорған қаласының «Үшарал» елді-мекеніндегі №40398 әскери бөліміне жіберілсе, қалған 55-і Первомайка кентіндегі №97617 әскери бөліміне Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды.
Бұл топтардың ерекшелігі олар әскери-техникалық мектебінде арнайы көлік жүргізу мамандығын даярлайтын курстардан өтіп, әскери өмірге бір саты машықтанған мамандар. Жас сарбаздар барған бөлімдерінде енді әскери техникаларда жаттығуларын жалғастыратын болады. Жас сарбаздарға жол бастаушы «Шығыс өңірлігі» әскери бөлімінің тәрбие және идеология жөніндегі бөлімінің психологы, майор Д.Сейдалиев болашақ сарбаздарға зерттеу-зерделеу бағытында жұмыстар жүргізген.
– Осы күнге дейін Шығыс өңірлігінде орналасқан әскери бөлімдерге келген қызылордалық сарбаздар өздерін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Тапсырылған бұйрықты тиянақты жауапкершілікпен орындай алуы, тәртібі, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бағытында бесаспап келеді әрі олар өнерлі. Сыр елінің аптап ыстығы мен қызыл құмына аунап өскен жігіттер шығыстың қара суығына да төзімді, – дейді аға офицер.
Биыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті күзгі әскери қызметке шақыру жұмыстарын сапалы өткізу мақсатында әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен алдын-ала зерделеу жұмыстарын атқарған. Нәтижесінде міндетті әскерге барушы 1278 азамат іріктелінген.
Зерделеу нәтижесі бойынша алғашқы әскери қызметке жолдама алған топ толықтай ережеге сәйкес заңдық тұрғыдан жасақталып, 190 азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметіне жіберілген. Ал қазан айында Мемлекеттік күзет қызметіне 15 азамат және Қорғаныс министрлігіне қарасты Шығыс өңірлік Аягөз қаласындағы әскери бөлімге 50 сарбаз аттандырылған.
Жалпы, күзгі науқанда облыстан Қорғаныс министрлігіне қарасты және өзге де әскери құрылымдарына міндетті қызметін өтеуге 800-ден аса азамат аттанатын болады. Қазіргі таңда 1990-1999 жылдары туған жастарды әскери қызметке шақыру науқаны белсенді өтуде. Күзгі әскерге шығарып салу іс-шарасы желтоқсан айының 27-не дейін жалғасады.
Айта кетейік, әскер қатарына шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға және Мемлекет басшысының «ҚР азаматтарын 2017 жылғы сәуір-маусым және қазан-желтоқсанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 01 қараша 2017 г. 81 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2017    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031