Әліпби нұсқасына өзгертулер жасалуы мүмкін

Астанадағы «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиінің кириллицадан латын әліпбиіне көшуі туралы жарлыққа қол қойған болатын. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау керек екенін атап өтті.
«Ең алдымен Елбасымыз айтқандай «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және шетелде тұрып жатқан қандастарымызбен қарым-қатынасымызды жақсарту жолында маңызды шешім. Екіншіден, интернеттің кеңінен қол¬данылуы, халықаралық деңгейдегі сапа, талап тұрғысынан алғанда латын әліпбиі жаңа технологияларға жол ашары анық», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, ардагер журналист Сүлеймен Мәмет және басқа да іс-шараға қатысушылар талқылау барысында өз ойларын білдіріп, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуінің маңызды үдеріс екеніне ерекше тоқталды.
«Латын графикасына көшу тарихи оқиға және мемлекеттік бәсекеге қабілетін арттыру, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы зор. Елбасы жарлыққа қол қойып, латын әліпбиіне ауысуымызды заңды түрде бекітіп берді. Бірақ бұл қазақ тілінің латын әліпбиіндегі соңғы нұсқа толық қабылданды дегенді білдірмейді. Алдағы уақытта өзгертулер болуы мүмкін», – деді жаңа әліпби авторларының бірі Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық үйлестіру-әдістемелік тіл дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов.
Жиында Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев дөңгелек үстелде айтылған ойдың барлығы Ұлттық комиссияның назарына ұсынылатынын жеткізді.
«Алдағы кезең ұсынылған нұсқаға қазақ тілінің табиғаты мен заңдылықтары тұрғысынан, орфографиялық, орфоэпиялық ережелеріне икемділігі жағынан талдау, талқылау жүргізілетін кезең болмақ және бүгінгі түскен пікірлер мен ұсыныстар Ұлттық комиссияға жолданатын болады», – деді Азат Шәуеев.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, депутаттар, лингвист-ғалымдар, филологтар, саясаткерлер, белгілі журналистер қатысты.

ҚОҒАМ 07 желтоксан 2017 г. 25 0