АУЫЛҒА БАРАР ЖОЛ НЕМЕСЕ АЛЫС ҚАЛҒАН БІР ОҚИҒА

"Туған ай тураған етпен тең" дейді халқыымыз, қас-қағымда ит жылының алғашқы күндерін де өткіздік жібердік.
Жаңа жылды мерекелеуге берілген демалысымыздың бір күнін ағайынға сәлем беруге арнап, отбасымызбен Жанқожа батыр ауылын бетке алғанбыз.
Аз күннің айналасында алдымен бұршақ, сонан соң қар жауып, соның салдарынан туындаған жолаушылар тасымалындағы қиындықтар атамекенге деген сағынышымызды басуға кедергі болған жоқ.
Ақтан батыр ауылынан асқаннан кейінгі жолдың беті қатып, аяздың әсерімен көктайғаққа айналыпты. Тура мұз айдыны дерсің. Көлігімізді тасбақа жүріске салып, Жанқожа батыр ауылына әупірімдеп жеттік. Жол-жөнекей кездескен жолаушылар таситын автобустар мен жүк көліктерінің де мұздақ жолдан берекесі қашып, қадамын санап басып келе жатқаны көрініп тұрды.
Авотобустар деуіміздің де мәнісі бар. Осы жолмен Қазалы ауданының – Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына қоса Арал ауданының да бірнеше елді мекеніне көпшілік көлігі қатынайды. Яғни, аудан халқының үштен бірі осы жолмен үздіксіз жүреді деген сөз. Бұл күні де осылай болғаны анық. Десе де жол мұздағын тегістеп немесе тұз , құм төгіп жүрген бірде бір жанашырды кездестірмедік. Бәлкім, мереке күндері болған соң солай шығар деп түйгенбіз. Бірақ бізбен тілдескендер жолдың осындай ахуалы үйреншікті жайт екенін қынжыла жеткізді. Тіпті олар бұл жолға еге бар екеніне күмәнмен қарады.
«Сақтансаң сақтармын» деген бар. Жуырда Жанқожа батыр ауылына жолаушылар таситын көліктің оқыс жағдайға тап болып, абыройымызға қарай адам шығыны орын алмағанын атап өту ләзім. Алайда, болған жағдайдан бірнеше жолаушы жарақаттанып, зардап шекті.
Осы сапарда ертеректегі бір оқиға еріксіз еске түсті. Ол кезде мен «Қазақстанның 40 жылдығы» деп аталатын өзім туы-өскен ауылда құрылыс саласында жұмыс атқаратынмын. Кеңшар кеңсесінде отырғанымызда даладан шыққан ойбайлаған дауыстарды естіп, жалма-жан сыртқа ұмтылдық. Ауыл тұрғындары жанұшыра жылап, көшеде сапырылысып жүр екен. Мұның мәні, ауылға келе жатқан жолаушылар автобусы аударылып қалыпты. Бірнеше адам сол жерде қаза тапқан. Шындығын айтқанда, осы оқиғаны еске түсіріп, қайта жазу маған да жеңіл болып отырған жоқ.
Сол жол апаты қимас жандарынан айрылған отбасылардың ғана емес, тұтас ауылымыздың қайғысына айналды.
Арада қаншама жыл өтті. Қазіргі кезге дейін сол жол апаты болған, бірнеше ауылдастарымыздан айрылған жерден өткен сайын білген дұғамызды бағыштап, бет сипап өтеміз. Сондай қайғылы оқиғаның енді ешқашан қайталанбауын, әрбір отбасы мүшелерінің бауыры бүтін, басы аман болуын тілейміз.
Қоғамның басты байлығы жолға кететін қаржы емес, сол жолда жүрген адам екенін құзіретті орындар да әрқашан қаперде ұстаса екен.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы.
ҚОҒАМ 03 қаңтар 2018 г. 44 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031