Бүгінгі жемқорлар өте сауатты - Мұрат Әбенов

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық бойынша мақала жазатын журналистерді оқытпақ. 

 Бұл жайында бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Соңғы кездері жемқорлық фактілері орын алған жағдайда ватсап арқылы видео тарайтын болып жүр. Оған сене беруге болмайды. Өйткені, содан кейін журналистер жауапкершілікке тартылып жатады. Осыған орай біз агенттікке (ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) сыбайлас жемқорлық бойынша мақала жазатын журналистерге жұмыс істеу тәсілдерін көрсетіп, технологияларды үйрету жөніндегі ұсыныс жасадық. Агенттік қабылдады», - деді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар ол барлық мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларын кез келген жағдайда  қалай жедел жұмыс істеу қажеттігін, жедел ақпаратты қалай беру керектігін үйрету қажеттігін айтты.

«Жалпы, жемқорлар өте сауатты. Жылдан жылға жемқорлардың сауаттылығы жоғарылап келеді. Интернет арқылы бір-бірне пара береді, шетелден есепшот ашады. Көзге көрінбейтіндей әрекеттер жасайды. Оларды ашу үшін  журналис те, қоғам да сауатты болуы тиіс», - деді ол.

 Ал «Азаматтық альянс» азаматтық құқық одағының президенті Дуамбек Мұсағали жемқорлық фактілеріне қатысты мәліметтерді жариялайтын арнайы баспасөз клубының болғандығын, бірақ, журналистердің белсенділік танытпауы салдарынан жабылғанын атап өтті.

 «Біз талай рет баспасөз мәслихатын ұйымдастырған кезде журналистер келуін қойды. Олар алдын ала қандай тақырып екендігін сұрап алып, қызықты болмаса келмей қояды. Содан кейін аталған клубымызды жаптық. Журналистер белсенділігінің бәсеңдеуі  салдарынан әлеуметтік желі қатты дамып кетті», - деді Дуамбек Мұсағали.  
ҚОҒАМ 12 ақпан 2018 г. 253 0