МЫҢНАН ТҰЛПАР ШЫҚҚАНДАР

ҚОҒАМ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:42 | Көрудің саны: 673
ГYЛНАР
Көрікті білім ордасының есігінен аттағаннан-ақ көкке самғаған әсем әуен көңілімізді селт еткізді. Құлаққа жағымды естілген ән маған Қазалы аспанын баурап алғандай сезілді. Тіпті сазды дауыстың аяқталмағанын қалағандаймыз. Көкейіміздегіні дөп басқан №249 мектеп-лицейдің директоры Күлзипа Нахан жылышырайлы қарындасымызды «Бұл біздің мақтанышымыз, әуез пәнінің мұғалімі – Гүлнар Аяп» деп таныстырған еді. Қайран қалдым. Қарапайым мінезді, ибалы жанды жуырда ғана облыс басшысы тағайындаған «Талантты ұстаз» бағамына қоса, миллион теңге сыйақы алған ұстаз деп ойламаған едім.
Гүлнар Әбілпаттарқызы сұлу Сырдың жағасындағы Абай елді мекенінің тумасы. Дарияның нақ іргесіндегі қоныста бау-бақша мол егілетіндіктен ауылды ел ішінде әзілді -шынды «екінші Швейцария» деп атайды. Толқыны жағаны ұрып жатқан елді мекеннің жайқалған жасыл желекті көркі тым ғажап. Бойыңа шабыт шақырады. Гүлнардың да ақын жанды қасиеті туған өлкесінің табиғатынан туындағаны анық. Мектептен соң ауылдық клубта мәдени қызметкер ретінде еңбек жолын бастаған балауса бойжеткен институттың «музыка және педагогика» факультетін үздік бітірді. Сол сәттен күні бүгінге дейін шәкірттерін «өнер» аталатын киелі ұғымның қыр-сырына баулуда. 
Ол «Жыл мұғалімі» сайысының екі дүркін жеңімпазы. Жоғары санатты музыка пәнінің мұғалімі. Білім академиясы ұйымдастырған «Жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыту» тақырыбындағы республикалық конкурста топ жарды. Республикалық педагогикалық басылымдарда көптеген мақалалары жарық көрді. Баяндамалары арнайы жинаққа енгізілді. Гүлнардан тағылым алған көптеген шәкірт өнер байқауларында ірі-ірі жетістіктерге жетті. Олардың алдыңғы сапында АҚШ-ғы «Алтын могнолия» ән байқауының күміс жүлдегері Мөлдір Жұмамұрат, Дубай фестивалінің дипломанты Ырысалды Көшербаева, «Нұркен» триосы, Берлиндегі «Классикалық музыканың кішкентай жұлдыздары» байқауында «Үздік әнші» кубогын, республикалық «Айгөлек» телебайқауының бас жүлдесін, «Үміт» сыйлығын жеңіп алған Майлыбай Кенже, өзге де дарындылар тұр. Мектеп-лицейде шығармашылықпен жұмыс жасайтын Гүлнар Аяптың «Дыбыс бояуы», «Шабыт», «Дауылпаз сазгер» сабақтары, «Ең сүйкімді қыз», «Жаңа ғасыр музыканты» атты авторлық іс-шаралары көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Оған қоса Гүлнар өнерде, эстетикалық тәрбие беруде мәні зор «Сандуғаш» вокальды студиясының, «Назерке» ән-би ансамблінің, «Руханият» клубының, эстетикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі. «Үздік мұғалім-2010» сайысының жеңімпазы. Сондай-ақ білікті педагог Гүлнар Аяп ынтымағы жарасқан әулеттің отанасы.
ХАДИША
№249 мектеп-лицейдің білім мен өнердегі табыстарын ешкім жоққа шығара алмайды. Іргелі ұжымда тындырылған тірліктер аз емес. Өзгені есептемегенде облыс әкімі тағайындаған сыйақымен ауданда миллионер атанған сегіз ұстаздың үшеуі осы білім ордасының қызметкері. Бұл көп жайттың мәнісін ұғындырғандай. Солардың бірі – лицей директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хадиша Орынбасарова. Ол жайлы әріптестері Хадишаның ұйымдастырушылық қабілеті жоғарылылығын, қашанда өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтындығын, озық технологияны мектеп өміріне енгізуге мейлінше ықылас танытатындығын ризашылықпен жеткізді. Дерекке жүгінсек, бұл пікірдің ретті екендігін байқайсыз. 
Хадиша Тәжімұратқызының толағай табыстарын санамаласақ, нарға жүк болар еді. Республикалық «Үздік сынып жетекшісі» байқауының бас жүлдегері. Мұндай атаққа кез келген адамның қолы жетпесі хақ. Аудандық, облыстық «Үздік мұғалім» сайысында ешкімге дес бермеді. Оған қоса облыс әкімінің миллион теңге сыйақысын да еншіледі. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, «Ыбырай Алтынсарин» медалін, «Алтын глобус», «Алтын ұстаз», «Жыл жауһары» белгілерін қанжығасына байлады. 
«Жаһандану жағдайында білім берудегі ұлттық тағылым мәселелері» тақырыбымен «Алтынсарин оқулары – 2011» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қорғаған баяндамасы арнайы жинаққа енді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің облыстық жазғы тәжірибе алаңында өзінің бай тәжірибесімен бөлісті. Бүкілресейлік «Открытый урок» педагогикалық идеялар фестиваліне қатысып, дипломмен марапатталды. «Алтын белгі» иегері атанған шәкірті Нұрлан Оңдасов халықаралық «Болашақ» стипендиясын иеленіп, Ирландияның Дублин қаласында білімін жетілдіруде. Тағы бір шәкірті Асқар Назерке республикалық пән олимпиадасында жүлдегер атанып, Білім және ғылым министрінің дипломымен марапатталды. Бірнеше оқушысы орыс тілі пәнінен ҰБТ қортындысымен 25 ұпай жинап, Мұратбек Ақатаев, Назерке Бұрхан, Түгелбай Қорған алтыннан алқа тақты. 
Хадиша шын мәніндегі орыс тілінің жанашыры. Сөз өнерінің тылсым сырына бойлаған сұңғыла ойдың, терең білімнің иесі. Ол шәкірттерін біліммен қатар, адамгершілік рухта бағыт беруді өзіне міндет санайды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да,...
ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ

Білім беру мекемелерінде оқу-тәрбие үдерісінің деңгейін жетілдіру, шығармашылықпен...
ҰЛАҒАТТЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

ҰЛАҒАТТЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

Әдетте ұстаздарды ұлы тұлғаға теңеп жатамыз. Бұл дұрыс та. Алайда, кейде осынау...
БІЛІМ БИІККЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫРАР

БІЛІМ БИІККЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫРАР

Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің үздік...
БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕР

БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕР

Білімнің дамуы адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші...
ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Мәдениет орталығындағы әсерлі кеш көрермендер жүрегінде ұзақ уақыт сақталатыны анық....
Пікір: