ҰСТАЗДЫҚТЫ ЗОР МӘРТЕБЕ САНАҒАН

Ұстаз – ұлағатты жан. Ұстаз шәкіртімен бақытты. Шын мәнінде ғұлама ғалым да, ақын-хакім де – бәрі-бәрі ұстаз алдынан шыққаны,ұстаз алдында бас иетіндігі мәлім. Осындай ұстаздар қатарына Асылхан Дүйсебековті жатқызар едім. Өзге де бауырлары секілді Асылхан Төлегенұлы да ата-анасының жолын жалғастырып, қиыншылығына қарамастан, ұстаздық жолды таңдады. Ұстаздықтың қиын да қызықты сәттерін сәтті өткерген ол мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілді.
Асылхан Төлегенұлы 1971 жылы Аманкелді ауылындағы №42 орта мектепті бітірді. Сол жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Өзінің алғашқы ұстаздық жолын Аманкелді атындағы №139 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі болып бастайды. №153 «Тартоғай» орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №154, №174, №42 орта мектептерде басшы қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде мектепте аудандық, облыстық мектеп директорларының семинары өткізіліп, мектеп тәжірибесі кеңінен насихатталды. Өзі облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институтында, түрлі семинарларда 12 жылдық білім беруге көшу және сол мақсаттағы жүргізілген тәжірибелер жайлы баяндамалар жасап, ұжым жұмысын көпшілікке паш етті. Сондай үздіксіз жүргізілген жұмыс нәтижесінде Асылхан Төлегенұлының басқаруындағы № 42 орта мектеп ұжымы бірқатар жетістіктерге жетті. Олардың арасында әр жылдары алған «Еңбек пен оқуда үздік шыққан мектеп», «Облыстық үздік мектеп», «Елдіктің берік тұғыры», «Парасат пен ізгілік ордасы», Ы.Алтинсарин атындағы Білім академиясының тірек мектебі және басқа бағамдар бар. Сонымен қатар, мектеп республикалық таңдаулы ауыл мектебі және «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атанды. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық түрлі байқаулардың жүлдегері танылды. Облыстық Абай, Әбділда оқуларының, түрлі ән байқауларының жеңімпаздары да осында. Ал Асылханның өзі үздік мектеп директоры ретінде түрлі марапаттауларға ұсынылып келеді. Мәселен, А.Дүйсебеков мектеп директорлары арасында өткізілген «Мектеп басқарудың қазіргі үлгісі» атты облыстық байқауда ІІ орын иегері атанды. ҚР Тәуелсіздігінің-20 жылдығына орай облыс бойынша білім беру ұйымдары арасында өткен «Ақпаратшыл басшы-2011» байқауында ІІІ орынға лайық деп танылды. Өткен жылы шыққан «Дарынды балалар –Қазақстанның болашағы» атты энциклопедияға мектеп директорының және мектептің жеткен жетістіктері енді. Биылғы жылдың сәуір айында Оңтүстік Корея Республикасындағы Кенги Провинциясының Білім департаментінде білім алып, арнайы куәлікпен оралды.
 Мектептің педагогикалық ұжымы бірлесе отырып, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, дамыту, оқытудың тиімді жаңа технологияларын кеңінен қолдану, дарынды балаларды анықтап, олармен жүйелі жұмыс жүргізу, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Асылхан Төлегенұлы мектептің білім сапасының жоғарылауына атсалысып қана қоймай, оларды жоғары басылымдарға ұсынып отырды. Яғни, 2010 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы өткізген «ІІІ-Алтынсарин оқулары. Жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйесін дамыту» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, баяндама жасады. 2011 жылы республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Физика және астрономия» журналында «Дыбыс толқындары» атты мақаласы жарық көрсе, сол жылы «Білім-Образование» ғылыми-педагогикалық журналында «Электр құбылыстары» атты мақаласы жарияланды. 
Асылхан Төлегенұлы ұстаз ғана емес, отбасында ардақты әке, арқа сүйер отағасы. Жұбайы–ұстаз, математика пәнінің мұғалімі Әбдиева Сейсенкүлмен бірге төрт бала тәрбиелеп, немерелерінің сүйікті атасы болып отыр. Үш қызы мектепті ерекше үлгідегі аттестатқа бітірген. Бүгінгі таңда жоғары білімді мамандар.
Ұстаздықты зор мәртебе санаған,
Біздің әулет осы жолды қалаған.
Жас ұрпаққа ұстаз болу бақыты,
Атамыз бен әжемізден тараған, – деп №264 мектеп-лицей директорының орынбасары Нейла Асылханқызының қаламынан шыққан мына өлең жолдары Дүйсебековтар әулетінің шын мәнінде ұстаздықты ұлықтап, сол жолда талмай еңбек етіп келе жатқан берекелі отбасы екендігін дәлелдегендей. 
Педагогика саласында қырық жылға таяу талмай еңбек етіп, соның 22 жылын осы №42 орта мектептің директоры қызметіне арнаған Асылхан Төлегенұлы жайлы айтылар сыр аз емес. Сондықтан сөз соңын М.Жұмабаевтың «Алаштың бес баласы жиылса, төр ұстаздікі» деген нақыл сөзімен аяқтап, ұстазға деген құрмет ешқашан да сарқылмайды дегім келіп отыр.
Жаңылша ЕРБАЕВА, 
«Семей қаржы-экономикалық колледжінің» 4-курс студенті.


ҚОҒАМ 05 қазан 2013 г. 911 0