«НҰР ОТАН» ХДП ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

ҚОҒАМ | 01 қазан 2013 ж. - 11:14 | Көрудің саны: 629
«НҰР ОТАН»  ХДП ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІРӨткен аптаның жұма күні Студенттер сарайында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кезектен тыс ХІV конференциясы өтті. Онда төрт мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Қазақстан- 2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа міндеттері, «Нұр Отан» нұрлы болашақ жолында!» партияның саяси Доктринасын талдау, «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХV съезіне делегаттар сайлау және «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өткізген праймеризі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына үміткерді ұсыну. Конференцияны «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды. 
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бүгінде миллиондаған қазақстандықтарды топтастырған көшбасшы ұйым мемлекетіміздің іргетасын қалауда өзіндік үлеске ие болуда. Жыл сайын жаңаруға ұмтылған партия жұмысы ашықтық пен әділдікті қуаттап келеді. Азаматтардың жекелеген мәселелерінен бастап мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да партияның тікелей назарында екені белгілі. 
Конференцияда күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі. Партияның облыстық филиалының төрағасы баяндамасында еліміздегі көшбасшы партияның рөлі мен маңызына тоқталып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру бағытында облыста атқарылып жатқан және алда атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды, Доктринаның маңызына мән берді. 
– Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары беделі, көрегендігі және сындарлы саясатының арқасында «Нұр Отан» партиясы бүгінгі күні еліміздегі ең мықты, халықтық және тұрақты қоғамдық-саяси күшке айналды. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында «Нұр Отан» партиясына басымдық бере отырып, оның қоғам өміріндегі бар мәселеге араласып, халықпен етене байланыста болуына жол ашып келеді. Партияның ХІV съезінде «Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда» деп партия Төрағасы өз бағасын берді. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясына елдің сенімі нығайып, оның қатары республика бойынша миллионды құрап отыр. Ал Қызылорда облыстық филиалында 300-ге жуық бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды, оның 38 мыңға жуық мүшесі бар,– деп Қырымбек Елеуұлы партияның ел алдындағы маңызына тоқталды. Онан әрі аймақ басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. – Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Сыр елінде сапарда болып, мемлекеттік бағдарламаларды орындау мақсатында облысымызда атқарылып жатқан игі істерге, әсіресе, индустриалды-инновациялық даму барысына, жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандарға оң баға берді. Елбасының бағасы баршамыздың жұмысымызға жаңаша серпін және тың өзгерістер әкеледі деген сенімдемін. Тыңғылықты істеріміздің арқасында халықтың әл-ауқатын арттырып, күрделі мәселелердің шешімін табуға үлес қосарымыз анық, – дей келе аймақта әр сала бойынша жасалып жатқан нәтижелі істерге бұрды. 
– Ел дамуының негізгі бағыттары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында нақты белгіленген. Басымдықтарға сәйкес облыстың әр елді мекеніндегі тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуды алдымызға міндет етіп қойдық. Биылдың өзінде республика бойынша өңдеу секторындағы өсімнің орташа көрсеткіші – 101,8 пайыз болса, облыстағы өсім деңгейі алты айда 118,4 пайызға жетті. Осы кезеңде аймақ экономикасына салынған инвестиция көлемі екі жарым еседен асты. Өңірде бюджет қаржысы есебінен 77 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, өмірлік маңызы бар инфрақұрылымды, білім, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғауды дамытуды мақсат еткен облыс әкімінің іс-қимыл жоспары қабылданды, – деді әкім.
Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» стратегиясының жаңа саяси бағытын іске асыру жағдайында партияны ұзақмерзімді дамытудың анық стратегиялық бағыт-бағдарын белгілеп алуымыз қажет. Ұзақмерзімді болашақтағы партия қызметінің басты принциптері, негізгі құндылықтары мен басты басымдықтары нақты қарастырылған стратегиялық сипаттағы құжат қажет. Мұндай құжат бар – ол партияның жаңа саяси Доктринасы, – деген аймақ басшысы партияның жаңа саяси Доктринасына тоқталып, оның мақсаты мен маңызына түсінік берді. 
Жалпы, Доктринада жеті басымдық белгіленген. Ол – бірлік пен келісім, Төл мәдениет және руханият, Мықты экономика, Әділ әлеуметтік саясат, Зиялы ұлт, тиімді мемлекеттік басқару және Әлемге ашық Қазақстан. Доктринаның мақсаты жаңа форматтағы қазақстандықтарды тәрбиелеу және бәсекеге қабілетті капиталы бар елге айналдыру, мәдени ерекшеліктер мен жаңа қазақстандық патриотизм негізіндегі дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау болып табылады. Яғни, партияның басты мақсаты – халықты топтастыру болса, Доктрина сол топты дамытушы басты құжат болмақ. 
Конференцияда сөз алған Жаңақорған ауданы, Сунақ ата ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрайымы Әзия Қыстаубаева «Қазақстан-2050»Старатегиясын жүзеге асыруда ауылда атқарылып жатқан нәтижелі тірліктерге тоқталып, жаңа саяси құжатты ауыл болып қолдайтындықтарын жеткізді. 
Арал ауданы, Бөген ауылының балықшысы Жақсылық Ділжанов Партия Төрағасы, Елбасының аралдықтарға деген қамқорлығына ерекше тоқталып, балықшылар қауымының ризашылығын жеткізді. – Тарихта теңіздің тартылуы болған, ал бірақ, теңізді қолдан жасау болмаған,– деп бастаған ол сөзін жалғай түсті. – Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаевтың Арал өңіріндегі халыққа шынайы қамқорлығының арқасында Көкарал бөгетінің бірінші кезеңі аяқталып, кіші Арал теңізі өмірге келді. Теңіз суы Арал қаласына жақындап келеді, енді оның өз арнасына толып қалаға келуі үшін екінші кезеңі басталмақшы. Облыс басшысы балық шаруашылығын өркендету жолында консорциум құрып, осы жүйеге аймақтағы барлық балықшыларды топтастырды. Бұл «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен» балық өнімін талапайға түсірмеудің бірден-бір жолы еді, – деп түйіндеді балықшы.  
Сонымен бірге, жарыссөзге шығушылар қатарындағы Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, «Алиакбар ата Агро» шаруа қожалығының төрағасы Сапар Көзебай және Шиелі аудандық «Жас Отан» жастар қанаты «Жуантөбе» бастауыш ұйымының төрағасы, №205 мектептің мамандар бөлімінің меңгерушісі Ғалым Әбдіреев Елбасының бастамасымен өмірге келген мемлекеттік бағдарламалардың арқасында елде жүзеге асып жатқан толағай тірліктерге ризашылықтарын білдірді, ырыс алды – ынтымақ екенін айтып, көпшілікті бірлікке шақырды, жаңа саяси құжаттың маңыздылығын алға тартып, қолдауға үндеді.  
Конференция барысында сонымен бірге күн тәртібіндегі мәселелер бойынша, «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс ХV съезіне делегаттар сайланды және партияның облыстық филиалы өткізген праймеризі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ұсынылды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ДЕПУТАТ БЕЛСЕНДІЛІГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ДЕПУТАТ БЕЛСЕНДІЛІГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қоғам дамуында мәслихаттың жауапкершілігі артып, орны нығайып келеді. Елдегі...
«НҰР ОТАННЫҢ» ДОКТРИНА ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«НҰР ОТАННЫҢ» ДОКТРИНА ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жуырда Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда...
ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛ

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛ

Жексенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының...
«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС

«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС

филиал туралы мәлімет   Елбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан»...
ПАРТИЯ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

ПАРТИЯ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Шиелі аудандық филиалының кезектен...
«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

Бейсенбіде облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Қырымбек...
Пікір: