АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ЕЛ ТІРЕГІ

ҚОҒАМ | 22 октябрь 2013 ж. - 15:23 | Көрудің саны: 1 543
Қазіргі уақыт адамдарға көптеген талап қойып, күнделікті тіршіліктің өзінде талай өмірлік, қоғамдық мәселелерге жауап іздеуді көлденең тартады. Адам өмірі сәт сайын өзгеріп келеді. Ал осы күрделі заманның бастапқы жүйесі – азаматтық қоғам. Олай болса, азаматтық қоғам дегеніміздің өзін жалпы қоғамның, мемлекеттің, жеке тұлғаның даму деңгейінің көрсеткіші деуге негіз бар.
Қазақстанда тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап азаматтық қоғамның негізі болып есептелінетін үкіметтік емес ұйымдардың дамуына саяси, құқықтық, әлеуметтік жағдайлар жасалуда. Олардың қоғамдағы рөлін арттыруға Елбасы да үлкен мән беріп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын Мемлекет басшысының қатысуымен І Азаматтық форум өтті. Содан бері билік пен үкіметтік емес сектор өкілдерінің берлескен шешім қабылдау алаңына айналған Азаматтық форумның екі жылда бір рет өтуі дәстүрге айналды. Биыл VІ Азаматтық форум Астана қаласында қараша айының 14-15-і күндері өтеді. Республикалық форум қарсаңында барлық өңірлерде облыстық азаматтық форумдар болады. Міне, осы ретте біз облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы Дариға Ақмағамбетовамен әңгімелескен едік.
– Дариға Ақмағамбетқызы, азаматтық қоғамның негізгі қызметі азаматтың қажеттіліктерін құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталады. Осы мақсатты орындаудың басты шарты қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени қатынастарының жиынтығы–демократиялық орта қалыптастыру болып табылатыны сөзсіз. Бірер күннен соң өткізілгелі отырған азаматтық форумның маңыздылығын ашып айтып берсеңіз...
– Азаматтық форум – азаматтық қоғам мен билік өкілдерінің өңірді дамыту, қоғамды демократияландыру, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін бірлесіп шешудің жолын қарастыру, пікір алысып, соның нәтижесінде оң шешім қабылдау алаңы дер едім. Сондықтан облыстық форумға үкіметтік емес ұйым жетекшілері, партия, кәсіподақ, басқа да азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, бизнес құрылымдар мен БАҚ өкілдері шақырылады. Бұл шара «Азаматтық қоғам– еліміздің әлеуметтік модернизациясында биліктің стратегиялық серіктесі және тірегі» тақырыбы аясында өтеді. Форумға қатысушылар осындай бүкілхалықтық мақсаттарды жүзеге асырудағы ҮЕҰ-ның рөлі мен атқаратын міндеттерін талқылап, айқындайтын болады.
Елбасы ұсынған елді модернизациялау стратегиясы азаматтық қоғамға, мыңдаған адамдарды ықпалымен қамтып отырған үкіметтік емес ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі. Ол өзінің Жолдауында: «Бәріміздің туған жеріміз біреу–ол тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді мәңгілік ел етуге мұра қылдық. Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын»,–деген болатын. Сондықтан азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдері еліміздің модернизациясына белсене араласып, өз орнын табуға, өздері ықпал ететін топтарды, азаматтарды еңбекқорлыққа, отаншылдыққа бастаулары тиіс. Басқосуда осы мақсаттарды жүзеге асырудың жолдары талқыланып, нақты міндеттер белгіленетін болады. Сонымен бірге, осыдан екі жыл бұрын өткен V облыстық форум ұсынымдарының үкіметтік емес сектор мен билік арасындағы тиімді қарым-қатынасты дамыту, олардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру көлемін арттыру, толыққанды жұмыс жасауларына жағдай туғызу, ҮЕҰ-нің мүмкіндіктерін қоғамның өзекті мәселелерінің шешілуіне кеңірек пайдалану жүзеге асырылуда.
– Бүгінде облыста үкіметтік емес ұйымдарды қолдау қаншалықты деңгейде көрініс табуда?
– Қазіргі кезде биліктің үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алып, ҮЕҰ-ны белгілі қоғамдық күш, қоғамның өзекті мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас қалыптасуда. Үкіметтік емес сектормен мемлекеттік арақатынастың кері байланыс және жаңа форматы тетігін қалыптастыру бағытында облыс бойынша республикамыздың басқа өңірлерінде қалыптаса қоймаған тәжірибелер өмірге енді.
2009 жылдан бастап жыл сайын облыс әкімінің облыстық «Азаматтық Альянс» және «Игілік» корпоративтік қорымен бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы Меморандум қабылдауы дәстүрге айналды. Меморандум аясында ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға «Игілік» қоры арқылы қаржы бөлінеді. Бөлінген қаржының жұмсалуын реттеп, бақылау, әлеуметтік жобаларды қарап іріктеу, қаржыландыруға ұсыну «Азаматтық Альянсқа» тапсырылған. Биылғы жылдың 18 сәуірінде осындай Меморандум бесінші рет қабылданды. Меморандум ортақ мақсат, ортақ міндеттерді айқындап бірлескен іс-қимыл мен әріптестіктің басты бағыттарын белгіледі. Бұл ҮЕҰ-ның өңір тұрғындарының мәселелерін билікпен бірлесе отырып шешуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл тәжірибе Үкімет тарапынан зерттеліп, мақұлданып, республика бойынша таратуға ұсынылды. Алдыңғы жылғы форумда ҮЕҰ-ның дамуына жағдай жасау, маңызды әлеуметтік жобаларын қаржыландыру жеткіліксіз екені сыналған болатын. Соңғы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табуда. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыру көлемі артуда. Тек үстіміздегі жылдың өзінде меморандум аясында үкіметтік емес ұйымдардың 38 әлеуметтік маңызды жобаны қаржыландыруға 50 млн. теңге бөлінді.
–Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына қатысты әртүрлі көзқарастар кездеседі. Мәселен, кейбіреулері елімізде азаматтық қоғамның даму деңгейі жоғары десе, енді бірі бүгінгі талапқа сай емес дегенді айтып қалады. Сіздің ойыңызша, біздің облыста тұрғындар өздерінің азаматтық құқықтарын үкіметтік емес ұйымдар арқылы да талап ететіндей деңгейге жетті ме? Өңірде, азаматтық қоғам дамуында қандай оң нәтижелер бар?
– Облысымызда азаматтық қоғам дамуында бірқатар жетістіктер бар екенін айтуға тиіспіз. Дегенмен, ҮЕҰ, басқа да азаматтық қоғам институттарының әлеуетін пайдалануда, қоғам үшін қызмет етуіне жағдай жасауда әлі де жүзеге асырылмаған мүмкіндіктер кездесіп қалады. Айтар болсақ, бірқатар облыстық басқарма, департаменттер ҮЕҰ-мен әріптес болып, бірлесіп жұмыс істеудің тәсілдерін меңгермеген. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың да қызметінде кемшіліктер жоқ емес. Олардың бірқатары тек өздері ықпал ететін топтардың ғана мүддесін қорғаумен шектеліп, өңірде қоғамдық маңызы бар шараларды жүзеге асыруда белсенділік көрсетулері жеткіліксіз.
Әрбір үкіметтік емес ұйым, әрбір азаматтық қоғам өкілі елімізді жаңашаландыруға байланысты міндеттерді орындауда, өңірімізді дамытудың облыс басшысы қабылдаған бағдарламасын жүзеге асыруда өз орындарын айқындауы керек. Билікпен бірлескен іс-қимыл мен әріптестікті нақты істермен дәлелдеуіміз керек. Бірер күннен кейін өтетін VІ облыстық Азаматтық форумда азаматтық қоғам институттары, бизнес, билік өкілдері осындай және басқа да мәселелерді талқылап, бірлесіп шешім қабылдайтын болады. Азаматтық қоғам өкілдері, билік пен бизнес басшылары ынтымақтастыққа қол жеткізсе, бірлесіп іс-қимыл жасаса, қоғам үшін жауапкершілікті бірге көтерсе, оң нәтиежеге жетеріміз сөзсіз.
– Форум жұмысына сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

Сондай-ақ... оқыңыз:

«НҰР ОТАН» – НҰРЛЫ БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА

«НҰР ОТАН» – НҰРЛЫ БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен...
БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МІНДЕТ

БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МІНДЕТ

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінгі қоғам үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Ол саяси...
ЕҢБЕК ДАУЫН БОЛДЫРМАУ БАСТЫ МАҚСАТ

ЕҢБЕК ДАУЫН БОЛДЫРМАУ БАСТЫ МАҚСАТ

Жуырда «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Еңбек дауларын алдын алу,...
АЗАМАТТЫҚ ФОРУМҒА ДАЙЫНДЫҚ

АЗАМАТТЫҚ ФОРУМҒА ДАЙЫНДЫҚ

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы»...
«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС

«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС

филиал туралы мәлімет   Елбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан»...
ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын насихаттау тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе...
Пікір: