ШИЕЛІНІҢ ШЫРАЙЫ

Шиелі ауданында елді мекендерді көркейту-көгалдандыру және тазалық сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған аудан басшылығы назар аударып отыр. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қадағалауымен тазалық сақтау жұмысы жөнімен жалғасын тауып келеді.
Кент әкімі Насыр Мырзабековтің айтуынша, көктем айларында арнайы 4 топ тазалық жұмысымен үздіксіз шұғылданды. Осы мерзім ішінде оннан астам сенбілік өткізілді. Көшедегі күл-қоқыс арнайы қапшықтарға жиналды. Ағаш пен бағана ақталды. Сонымен бірге анықталған егесіз үйлердің де маңы тазартылды.
Тазалыққа қатысты сөзді өрбітсек, кент ішінің тазалығы үшін бюджеттен 24,0 млн. теңге бөлініп, онымен тендер жеңімпазы «Шиелі Шырайы» мекемесі айналысты. Биылғы жылы кент ішіне, жол жиектеріне аудан орталығындағы біраз мекемелер саялы ағаштар егіп, күтімге алды. Кенттегі жасыл-желектерді қоршау жұмыстарына 6,3 млн. теңге қаралса, ол толық атқарылды. Сол секілді ішкі жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша, 11 млн. 400 мың теңге қарастырылып, оның дені игерілді. Ал Қонаев атындағы көшенің орташа жөндеуіне 5,8 млн. теңге жұмсалды. Республикалық бюджеттен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінетін трансферттер есебінен Шиелі кентінің 7 көшесіне орташа жөндеу, тағы да басқа қажетті жұмыстар атқарылды. Осы сарындағы жұмыстар қаржылық жағдайға байланысты жалғаса түседі.
Иә, өндіріс орындары, өнім өндіретін шағын кәсіпкерлер, жеке адамдар арасында тазалыққа самарқау қарайтын, «әркім өз есігінің алдын таза ұстаса, бүкіл көше таза болады» деген бір ғұлама сөзіне лайық қызмет жасағысы келмейтіндер кезігіп қалады. Олармен тұрақты түсіндіру жұмыстары, шаралар жүргізіліп отырылады.
Кей кереғарлықтарды айтпасқа болмайды. Мәселен, құрылыс материалдарын көше бойына үйіп қойып, айналаның сиқын қашыратын, ондағы қозғалысты қиындататын тұрғындар да бар. Олармен де тегеурінді күрес жүргізілді. Осының нәтижесінде, Яссауи, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Абылайхан, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Досбол көшелеріндегі бей-берекет жатқан құрылыс материалдары жинастырылды. Оның үстіне бір реттік пайдалануға арналған түрлі целлофон қалталар, пластик ыдыстар айналаның сұрқын қашырып барады. Кент шетіндегі «Сасқұм» полигоны «Ыбырайхан- ЛТД» ЖШС-на сенімді басқаруға беруге келісім жасалды. Осы мекеме келешекте сол жерге арнайы қондырғы орнатуды іске асырмақшы. Бұл орындалған жағдайда қоқыстар сонда қабылданатын болады. Бұл да тазалыққа сеп тірліктің бірі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі кенті.
ҚОҒАМ 22 қазан 2013 г. 479 0