ТОЛҚЫНДА ТУҒАНДАР

ҚОҒАМ | 29 октябрь 2013 ж. - 11:48 | Көрудің саны: 395
ТОЛҚЫНДА ТУҒАНДАР«Арал». Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама сыр жатыр десеңізші. Бір сәт тарих жылнамасына көңіл аударайықшы. Өткен ғасырда ұлы теңіз қуанышты сәтті де, қасіретті шақты да басынан кешіргені баршаға мәлім. Қазекеңе ата-қонысынан асқан жерұйық болар ма? Шалқыған айдын шаңдағы шыққан тақырға айналып, телегей теңіз келмеске кеткен ауыр күндер жалпақ жұрттың әлі түсіне кіреді. 
Кіндік қаны тамған қоныстан амалсыздан көшкен қабырғалы қауым құтты мекеніне қайтадан ораламыз деп ойламаған да шығар. Алайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен өмірге келген САРАТС жобасы мүлде мүмкін еместей көрінген ғаламат істі жүзеге асырды. Ғасыр құрылысы Көкарал бөгетінің салынуымен бейнелеп айтсақ, теңіз төскейіне нәр, тамырына қан жүгірді. Құлазыған аймақта көрікті нысандар, тұтастай қалашықтар бой көтерді. Қысқасы, бәрі танымастай өзгерді. Қазіргі сәтте төрткүл дүниенің назары кемелденуге бет бұрған Арал өңіріне ауғаны шындық. Жергілікті тұрғындардың мұхит асып жететін шетелдік журналистерге әбден еті үйренген. Жөн сұрассаңыз, бірі Франциядан, екіншісі Германиядан келгендерін естисіз. Тіпті, сонау бразилиялық тілшілерді де осында жолықтырдық. Бәрінің мақсаты – теңіздің оралғанын көзбен көру. Мұны білгенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. 
Теңіздің оралуымен Арал ауданында балық шаруашылығы ерекше қарқынмен алға басты. Нақты кезеңде көптеген адамдар Кіші теңіздің жағалауында ата-баба кәсібінен нәсіп тауып жүр. Солардың бірі – Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекеніндегі «Жамбыл» өндірістік кооперативі төрағасы Табын Әленов. 
Толқында туып, теңізде өскен Табын еңбек жолын бұрынғы Жамбыл балық колхозында балықшы болудан бастады. Есін білгеннен түпсіз айдынмен сырласып өскен бозбала қандай ауыр жұмыстан да тартынбады. Ыждағаттылығымен жүрген ортасына тез бейімделді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды мезгілінде әрі пісентті орындайтын елгезек мінезімен көпшілікке танылды. «Елі сыйлаған есікте отырмайды». Көп ұзамай облыстық кеңестің депутаттығына сайланды. Сайлаушылар аманатын арқалаған халық қалаулысы ретінде көпшілік көкейіндегі ұсыныстарды құзырлы орындарға батыл жеткізе білді. Жеткізіп ғана қоймай, жүзеге асуына да ықпалын тигізді. Сонан да болар, елі-жұрты есімін ілтипатпен атайтын перзентінің бірі атанды. Мың да бір шүкір. Ұжымына қадірлі болса, ұзақ жылғы төккен терінің өтеуі де. 
Кейін өз мамандығымен жұмыс атқаруды ұйғарды. Гараж меңгерушісі, «Жамбыл» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары, бертін келе төраға лауазымына жоғарылады. Мұнда да абыройы биіктей түсті. Кішіге ақылшы аға, үлкенге ізетті іні атанды. Алайда, қанға сіңген дағдысынан айныған кезі жоқ. Қашанда қарапайымдылықты ұлық тұтты. Перзенттерінің де санасына осыны дарытуға тырысты. 
Тәкеңнің тағы бір қасиеті тазалықты жанындай сүйеді. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деген қағиданы берік тұтынады. «Жалаңаш» селолық тұтыну кооперативін құрып, ауылды көркейту, абаттандыру шараларында белсенділік танытуы соның айғағы. Елбасымыздың Жолдауындағы «Әрбір тұрғын өз ауласын таза  ұстап, үйінің іші-сыртын әрлегені жөн. Сонда елдің де еңсесі көтеріле түседі» деген сөйлемдер Әленовтің жан-дүниесімен тығыз қабысып жатқандай.
Табын Әленов ұзақ жылғы жемісті қызметінде бірнеше дүркін облыс, аудан әкімінің алғыс хаты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің марапатын иеленді. Жуырда ол тағы бір қуанышқа кенелді. «Алтын күз» мерекесінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолынан «Озат балықшы» аталымына қоса автокөліктің кілтін сыйға алды. Қуанышыңыз ұзағынан сүйіндіргей! 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

«НҰР ОТАН»  ХДП ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

«НҰР ОТАН» ХДП ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

Өткен аптаның жұма күні Студенттер сарайында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының...
ҮМІТ ЖЕЛКЕНІН КӨТЕРГЕН ТЕҢІЗ

ҮМІТ ЖЕЛКЕНІН КӨТЕРГЕН ТЕҢІЗ

Қазақта «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды» деген бейнелі бір сөз бар. Жалпақ...
ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМ

ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМ

Бүгінгі күннің ертеңгі тарих екендігі ақиқат. Ал, өткенге көз тастап ғибрат алу...
2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

1. Озат бағбан номинациясы бойынша Қызылорда қаласының бағбаны, Юзеев Ринат...
ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын насихаттау тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе...
ҰЛЫ САҒЫНЫШ

ҰЛЫ САҒЫНЫШ

Мен үшін және жолаушылап өтіп бара жатсаңыз (егер құдай берген ғұмырыңызда ол маңға...
Пікір: