ЕҢБЕК ҚҰДІРЕТІ

ҚОҒАМ | 29 октябрь 2013 ж. - 11:50 | Көрудің саны: 417
ЕҢБЕК ҚҰДІРЕТІЖаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылындағы  «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы Құлмағанбет Исаханов биылғы жылғы ауылшаруашылық қорытындысында озат төраға атанып, «Алтын күз-2013» жеңімпазы болды. Бұл марапат тосын жағдай емес, ол  әрдайым-ақ, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген басшының қатарынан саналады. Төрге шығып, төбеден қарайын деген пенделікке салынып көрмесе де, атақ-абыройдың өзі іздеп тауып жататыны бар, онысы – қасиетті еңбектің құдіреті! Иә, бейнет ете білу, шаруаны жұмыстың ыңғайына қарай орайластыра атқару адамды марқайтады және де көптің құрметіне бөлейтіні анық. Жастайынан пысық та, ширақ болып өсті. Біріншіден, жаратушының берген қабілеті шығар, екіншіден әкесі Орекең есепке жүйрік, ісіне мығым жанның бірі. Орташа білімі болса да, совхоз берген қай қызметті де дөңгелентіп алып кете беретін қабілетке ие еді. Сол кісіден көргені бар, өзінің түйгені бар, Құлмағанбет шаруашылыққа қатардағы маман болып кірісімен алғыр да, сенімді кадрдың қатарына ілікті. Тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап, жұртшылықпен тіл табысып, ың-шыңсыз жұмысты бітіріп жатса, кім оған теріс қарасын. Көп ұзамай-ақ, бас маман лауазымына көтерілді. Онда да жақсы қырынан танылды, қайта біліміне білігі қосылып, беделі өсе түсті. 
«Қоңқа не айтар екен?» деп жұрттың аузына қарағаны әсіресе, кешегі жекшеленудің жылдамдата жүргізіліп, іргелі шаруашылықтың ыдыраған кезі еді. «Менмін» деп жүрген ауыл азаматтары сол кез бір-бір шағын шаруа қожалығына ие болып, ағайын-туысын маңына жыйып, шәпкісін қоқырайта киіп, папкі құшақтап шыға келді емес пе?! Алайда, үйдегі ырықты, базардағы нарық бұзады емес пе, сәлден соң-ақ, «анау жетпейді, мынау жетпейді» деген әңгіменің құлағы қылтиып, кешегі жік-жаппар болып жүргендер бір-бірінің сәлемін алуға арланғандай болды ма... Несін айтасың, бірер жылдан соң-ақ, құртақандай шаруашылықтар ыдырап тынды.
Ал Құлмағанбет болса, аспады да, таспады да, өзінің шаруашылығын айналдырып жүріп жатты. Бастысы, жерге тастаған дәні күзде молынан өнім берді. Техникаларын қыс бойы баптап, керекті бөлшектерді де қарастырып, көктемгі жұмысқа тыңғылықты дайындықпен кірісуді қалыпқа салды. Каналдарын да өз күштерімен тазалап, тұқымын, жанар-жағармайын сайлаумен болды. Нәтижесі сондықтан жаман болмады, ортадан жоғары өнім алып жүрді. Сол шамада ғой, Қайрулла қарияның «Қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа қой» демекші, бас-басыңа би болмай, осы жігіттің жетегіне еріңдер, деп білгенін айтатыны. Ол ұсынысты біреу қолдады, біреуі теріс айналды, дегенмен, бәрі де жас жігіттің іскерлігін шынымен мойындағандай еді. 
Бұл күндері Құлмағанбет Исаханов басқаратын «Сұңқар» шаруа қожалығы іргелі шаруашылықтың біріне айналған. Тек Қаратөбе ауылы ғана емес, қапталдас жатқан Қандөз, Қашқанкөл, Қалғансыр, Көктөбе ауылдарының тұрғындары да онан нәп алады, яғни, арзан жем-шөбін, күрішін «Сұңқардан» алып тұтынады. Бұл да алдыма келген екенсің деп шалқая бермейді, жұрттың көңілінен шығар бағамен тапсырыстарын орындап жатады. Өйтетіні, осы округтен аудандық мәслихаттың депутаты болып, бірнеше рет сайланғаны бар, сайлау алды бағдарламасында азық-түлік жағдайын жасау, көпшіліктің әлеуметтік жағдайына қарасамын деген уәдесі де бар, бастысы ол да емес, «пайдам жұртқа тисін» деген азамат емес пе, ылғи көмектесіп, жарлы-жақыбайға жақсылық жасап жүргені. Өз шаруашылығындағы жұмысшылары да риза, егінін егіп алады, материалдық көмектері де дайын, айлықтары уақытылы, сосын басқа жақтың жерұйығын қайтсін, өз ауылдарында үйренген тіршілігін жасап жатқандары. 
Үстіміздегі жылы да мың гектарға таяу түрлі дақылдар ексе, күрішінің әр гектарынан орташа елу центнерге тарта өнім алды, жоңышқасы да бітік болды. Әсіресе, күздік бидайын айтсаңшы, топырағы құнарландырылып, агротехникасы дер кезінде атқарылса, өнімі мол болады ғой. Шаруашылықтағы Байбатыров Әбдірахман, Парманов Қалдыбек сынды механизаторлары техника құлағында ойнап, бар шаруаны жапыра атқарып, өзгелерге үлгі болып жүргені. Шаруа қожалығында тұрақты еңбек ететін елу кісіден өзге, маусымды жұмыстар атқаратын ауыл тұрғындары да Құлмағанбетті, ол басқаратын «Сұңқар» шаруа қожалығын арқа тұтады, бел көреді. Ауылыңда адамгершілігі басым осындай азаматтың болғаны расында сәттілік қой. Бәрі де көпті сүйе білудің, еңбек құдіретінің арқасы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, 
Қаратөбе ауылы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТОҚШЫЛЫҚ ТОЙЫ

ТОҚШЫЛЫҚ ТОЙЫ

Берекелі де мерекелі алтын күз келіп, Сыр аймағы молшылықтың торқалы тойына кенелуде....
БАҚЫТЫ ЖАНҒАН ЖІГІТ

БАҚЫТЫ ЖАНҒАН ЖІГІТ

Көптің тілегі қабыл болады деседі. Қазалыдағы егін жинау науқанынан соңғы күн қабағы...
КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫ

КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫ

Биылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буа, білек түре кіріскен сырдариялықтар...
2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

1. Озат бағбан номинациясы бойынша Қызылорда қаласының бағбаны, Юзеев Ринат...
ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫ

ҚЫРМАН ҚЫЗЫЛҒА ТОЛДЫ

Күрішті де ырысты Жалағаш ауданының диқандары биылғы жылы 18213 гектар жерге күріш...
МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫ

МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫ

Берекелі күз келіп, ел несібесі – егін-терінді ысырапсыз жинап алу жұмысы қарбалас...
Пікір: