БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Ауыл арасында кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Олардың бірі төрт түлік өсірсе, енді бірі шағын цех ашып тіршілік жасауда. «Әйтеуір үкімет аштан өлтірмейді» деген масылдық пиғылдан арылып, етек-жеңімізді жиып келе жатқандаймыз. Мұның өзі нарықтың қатал заңына бейімделгенімізді аңғартады. Әрине, қандай шаруаны да бастау оңайға соқпайды. Сондықтан кәсібін жаңадан құрғандардың алғашқыда қиналатыны да рас. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы талай жанға демеу болуда.
Арал аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Әнуарбек Дәрмағамбетовпен тілдесу сәтінде көп жайтқа көзіміз жетті. Әр сөзін балғамен соққандай нық айтуынан кәсіби мамандығына пісентті шығар деп топшылағанбыз. Қажетті мәліметті нақты дерекпен жеткізген оның әңгімесінен ауданда бұл тұрғыда толымды тірліктер қолға алынғанын естідік. 
Бағдарламаның бірінші бағыты инфрақұрылымды және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету екені белгілі. Бұл үшін республикалық бюджеттен бес жобаға 386,3 млн. теңге қаржы қаралыпты. Барлығы 103 жұмыс орны құрылады деп межеленуде. Оның төртеуі бойынша шаралар басталып та кетті. Олардың ішінде Қамыстыбас, Шижағаның ішкі көшелеріне орташа жөндеу жасалуда. Қарақұм, Аралқұмнан емхана құрылысын жүргізетін «Сапсан сервис», «Майдан құрылыс» ЖШС-на жоспарлы түрде жұмыссыздар жолданды. Сондай-ақ, соңғы серіктестік Қамыстыбастан да емхана құрылысын бастамақшы. 
Кәсіпкерлікті дамыту – замана талабы. Екінші бағытты қамтитын бөлікке республикалық қазынадан 200 млн. теңге бөлініпті. Конкурс жеңімпаздары «Ерке ел – 2030» ШНҰ, «Жаңарған – 2020» НС-гі қаржыны толықтай игеріп, несиелер таратылған. Оған қоса «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы да игі істер жүзеге асуда. Соңғы бағыт кәсіптік даярлауға 80 адам жоспарланыпты. Оқу мерзімін білім басқармасы белгілейді. Бүгінгі күні ең қажетті деген аспазшы, электргазбен дәнекерлеуші, тас қалаушы, қайық моторисі, шаштараз, эем операторы, тағы басқа мамандықтарға сұранысқа сай адам жинақталып, оқу орындарымен келісім-шарт жасалған. Оқу басталып та кетіпті. 
– Мемлекетіміздің қамқорлығын теңіз перзенттері терең сезінуде. Әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесін ұйымдастыруға қажетті қаржылар қаралды. Біздің облысымыз еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында пилоттық режиммен жұмыс жасайды. Аудандағы «Аңсаған Ш.М», «Арал құрылысы» ЖШС пайыздық үлестерін қосып, тұрғын үйлер салуға өтініш берген-ді. Ұсыныстар басқармаға жолданды, – дейді Арал аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Әнуарбек Дәрмағамбетов.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы. 
ҚОҒАМ 14 қыркүйек 2013 г. 628 0