АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯНЫҢ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАРЫ

ҚОҒАМ | 05 ноябрь 2013 ж. - 09:44 | Көрудің саны: 700
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің ұйғарымымен Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы тоғыз айдың қорытындысымен үздік деп танылды. Мұндай байлам жайдан-жай жасала бермейді. Қойылған талаптар негізінде тиянақты жұмыстар атқарған аумақтық инспекция осылайша жоғары бағаланады. Аталмыш құрылымның қызмет ауқымы сан алуан. Агроөнеркәсіп кешеніндегі көптеген келелі істерді атқаруға атсалысады. Атап айтқанда, мал тұқымын асылдандыру, өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині, мемлекеттік астық инспекциясы қызметтері таразыланады. Сондай-ақ, мамандардың біліктілігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына да мән беріледі. Осындай талаптар бойынша біздің облыстық аумақтық инспекция жоғары деңгейде іс-шараларды жүзеге асырған. Соның нәтижесінде инспекция еліміз бойынша алдыңғы қатарға шықты. Осыған орай облыстық аумақтық инспекция басшысы Бақыт Нұртазаевты әңгімеге тартқан едік. 
– Құрылғанына он бес жылдай болып қалған құрылым алғашқы күннен ауыл шаруашылығы саласында белсенді қимыл көрсетіп жүргенін байқаймыз. Мәселен, мал тұқымын асылдандыру саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынды? 
– Сыр өңірі бұрыннан төрт түлікті түлеткен аймақтың бірі саналады. Мал шаруашылығына қолайлы жерлер аз емес. Сол себепті қай кезде де елдегі ағайын түлікті түлету ісіне ерекше мән беріп келеді. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша 253819 мүйізді ірі қара, 446651 қой, 219342 ешкі, 80159 жылқы мен 34462 түйе малы бар есептеліп отыр. Өткен жылдан бері кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрынғы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі бар мүйізді ірі қара шаруашылықтары республикалық ет және сүт бағыттары бойынша біріктіріле бастады. Біздің облыста мұндай мәртебеге ие болған 8 шаруашылық бар. Оның ішінде 4-і ет, 4-і сүт бағытында жұмыс жасайды. Олардың қолында 3615 бас сиыр малы бар. Оның барлық мүйізді ірі қара бойынша үлес салмағы 1,5 пайызды шамалайды. Сонымен қатар, асыл тұқымды қаракөл қойын өсірумен айналысатын 6 шаруашылықта 29180 мал болса, оның облыстағы жалпы қой бойынша үлесі 5,7 пайызды маңайлап тұр. Біздің өңірде 5 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы бар, оларда 3758 Қамбар ата түлігі күтімге алынған. Асыл тұқымды жылқының үлес салмағы 4,6 пайыз. Айыр өркешті түйені өсірумен 6 шаруашылық шұғылданып келеді. Бұл құрылымдардың үлес салмағы – 7 пайыз.
Үстіміздегі жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Аталмыш қаулыны іске асыру жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен нормативтер бекітілген. Осының негізінде әрбір бас қойға – 8, жылқыға – 40, түйеге – 37, мүйізді ірі қараға 118 мың теңге қаралған. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге әрбір мүйізді ірі қара аналығына 14 мың теңгеден төленеді. Бекітілген ереже талаптарына сәйкес 30 бас аналыққа 1 асыл тұқымды бұқадан келуі шарт. Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қаулысы шықты. Осыған сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген республикалық бюджеттік субсидия нормативтері қолданысқа енгізілді. Осының негізінде сүттің бірінші деңгейінің бір литріне 25, екіншісіне 15, үшіншісіне 10 теңгеден белгіленген. Сондай-ақ, ет бойынша бір келі сиыр етіне – 100, қой етіне – 50, жылқы етіне 92 беріледі. Оған қоса, бір литр қымызға – 60, шұбатқа 55 теңгеден қарастырылған. 
– Қазіргі таңда елімізде «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? 
– Аталмыш бағдарламаға сәйкес облыста 2011-2015 жылдар аралығында 5 мың бас сиырға арналған 2 бордақылау алаңын, 2,7 мың басқа арналған 2 өсіріп таратушы (репродуктор, жалпы аналық мал басы 7,1 мың басқа жететін 80 фермерлік шаруашылық құрылуы тиіс. Селекциялық тұқым жаңарту жұмыстарына мүйізді ірі қара малының аналықтарының қатыстырылуы облыс көлеміндегі барлық аналық басқа шаққанда 12,3 пайызды құрайды. Аудандар арасында төменгі көрсеткішке тоқталсақ, ол Қармақшыда – 2,9, Аралда – 5,2, Жалағашта 9,1 пайыз. 
Жергілікті аумақтық инспекциясының мал тұқымын асылдандыру жөніндегі мамандары осы бағытта тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде Аралдағы «Құланды» ЖШС, «Байдәулет», Қазалыдағы «Жеңіс», «Аржиков Б», «Атамекен-2», «Байқоңыргаз», «Аян», Шиелідегі «Асан», Жаңақорғандағы «Ынтымақ», «Ақсеңгір», «Бақытжан» қожалықтары асыл тұқымды мал шаруашылығы нысандарының республикалық тізбесіне енгізілді. Қалған құрылымдар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алуға байланысты заң талаптарына сәйкес болған жоқ. Сондықтан бұл бағытта ғылыми-зерттеу институттарымен келісім-шартқа отырып, мал тұқымын асылдандыру құжаттары дайындалып жатыр. 
– Биыл елiмiздiғ кейбiр өңiрлерiнде шегiртке зиянкесi көбейiп кеткенi жөнiнде дабыл қаҫылды. Дегенмен, бiздiң облыста ол көрiнiс бере қоймаған секiлдi. Мамандар осы мақсатта қандай жҹмыстарды жүзеге асырды? 
– Оныңыз рас, шегірткеден еліміздің бірқатар аймақтары зиян шекті. Атап кетерлігі, біздің облыста мұндай жағдай кездескен жоқ. Биыл 3108,9 мың гектар алқапта шегіртке зиянкесіне күрес шараларын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, ерекше қауіпті саршұнақ, тышқан тәріздес және колорадо қоңызы зиянкестеріне, арамшөптерге және өсімдік ауруларына қарсы іс-шаралар жасау жоспарланып, бұл бағытта нақты жұмыстар жасалуда. Бізде шегірткенің италиялық прус және азиялық деген екі түрі бар. Осы зиянкестердің дернәсілдеріне қарсы 1436 мың гектарға мониторингтік зерттеу жүргізілген. Осының нәтижесінде зерттелген аймақтың 201,5 гектарында зиянкестің бар екендігі анықталды. Зиян тигізудің экономикалық шегінен асқан 158,5 мың гектар алқап жимиялық өңдеуге жатқызылып, ол толығымен өңдеуден өткізілді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен «Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 91 млн. теңге шамасында қаржы қаралып, бұл ақша өз мақсатында толықтай игерілді. Облыс бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкесіне қарсы 9 арнайы жер агрегаттарымен «Өсімдік қорғау» және «Қазавиа» ЖШС-лары химиялық өңдеу шараларын атқарып шықты. 
– Сіздердің инспекция құзырында өсімдіктер карантині жұмыстары да ескерілген. Бұл бағытта тоғыз айда қандай іс-шаралар қолға алынды?
– Алдымен сыртқы карантин бойынша айта кетсек, бұл бағытта импорттық өнімдерден карантинге жатқызылған жүктер тексеріліп, олардан ешқандай нысандар анықтала қоймады. Ішкі карантин бойынша республика аумағынан тиелген жүктер де назардан тыс қалған жоқ.  Жақын және алыс шетелдерге жіберілген 21 мың тоннадан астам ұсақ күріш, 13,5 мың ақ күріш, 1 мың тоннадан астам мия тамыры тексерілді. Сонымен қатар, ішкі тасылым бойынша республиканың басқа облыстарына жіберілген 11,7 мың тонна ақ күріш, 4,4 мың тонна ұсақ күріш, 68 тонна бидай ұн, 65 тонна тұқымдық күріш, 121 тонна қарбыз біздің мамандар тексеруінен өткізілді. Зерттеу және өңдеу жұмыстары бойынша айтатын болсақ, біздің облысымыз бойынша карантиндік зиянкестер болып табылатын калифорниялық қалқанша сымыры, қауын шыбыны, карантиндік арамшөп-кекіре және сарышырмауық сынды 4 карантиндік нысанға зерттеу және өңдеу шаралары жасалған. 
– Мемлекеттік астық инспекциясы жұмыстары да сіздердің назарларыңызда жүрген жұмыстың бірі саналады? Бұл бағытта қандай іс-шараларға назар аударылды? 
– Біз бұл бағытта Қазақстан Республикасы «Астық туралы» заңын басшылыққа ала отырып, өз қызметімізді жүргіземіз. Мемлекеттік астық инспекторлары облыс бойынша астықтың сақталуы мен сапасын бақылайды. Қолдағы астықтың нақтылығын анықтау мақсатында жұмыстар атқарады. Біздің өңірде астық сақтау қызметімен лизенциясы бар 4 кәсіпорын айналысады. Олардың қатарында «Шапағат-астық» ЖШС, «Абзал және К» ТС , «РЗА» АҚ мен «Қызылорда-агросервис» ЖШС сынды орындар бар. «Жалағаш элеваторы» ЖШС-ның мекеме атауының өзгеруіне байланысты еліміздің лицензиялау талаптарына сәйкес құжаттары қайтадан дайындалып жатыр. 
Облыс бойынша астық сақтау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер қолында 163 965 тонна астық бар. Оның ішінде 162 315 тонна күріш салысы, 1457 тонна бидай, 107 тонна арпа, 57 тонна тары, 29 тонна жүгері бар деп есептеліп отыр. Астық сапасы сертификатының берілу тәртібінің сәйкестігі үнемі бақыланып отырады. Қазіргі таңда облыстағы аккредиттелген астық сақтау жөніндегі зертханалар бар. 
– Әңгімеңізге рахмет. 
Сұхбаттасқан Әділжан ҮМБЕТ. 


Сондай-ақ... оқыңыз:

БАЙҚОҢЫР ӘКК: БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАР

БАЙҚОҢЫР ӘКК: БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАР

Соңғы жылдарда Сыр өңіріндегі іргелі жобаларды жүзеге асыруда «Байқоңыр»...
ТӨРТ ТYЛІКТІ ТYЛЕТУ ЖАЙЫ

ТӨРТ ТYЛІКТІ ТYЛЕТУ ЖАЙЫ

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен селекторлық...
ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ БАСА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ БАСА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

Баспасөз клубында Қызылорда облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясы мемлекеттік...
Қызылордалықтар Астанада жәрмеңке өткізеді

Қызылордалықтар Астанада жәрмеңке өткізеді

Астана. Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, осы аптаның демалыс күндерінде...
«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛ

«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛ

Заманында қазағымның малсыз күні болмаған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда төрт түлігін...
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы» атты Жолдауында...
Пікір: