АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ

«Бірінші байлық – денсаулық». Дана халқымыздың осынау ғибраты көп жайтты ұғындырады. Спортпен шұғылдану, салауаттылық салтын сақтау, дұрыс тамақтану – адам денсаулығының кепілі. Өкінішке орай, осынау қарапайым да маңызды қағидаттарды кейде сақтай бермейтініміз де рас.
«Қоғамның басты байлығы – дені сау адам» екені күмәнсіз. Біздің егеменді елімізде бұл мәселе күнделікті күн тәртібінде тұр. Тұрғындар денсаулығын қорғау барысында түрлі бағдарламалар қабылдануы, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелуі соның айғағы. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен табылуда. Әрі бұл бағытта көптеген толымды тірліктер тындырылуда. Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғауды басты мақсатына айналдырған тұжырымдаманы орындау Сыр өңірінде де қарқынды жүргізілуде. 
Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері бірнеше аса маңызды шараларды басты назарға алған. Дәрігерлеріміздің тәжірибесі де, қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталуы да ойдағыдай. Алғашқы кезекте диагностикалау, туберкулезді анықтау мақсатында бактериоскопиялық зертханалық бинокулярлы микроскоптармен, рентген-сәулелі кабинеттер флюроқондырғылармен, жылжымалы флюроапараттармен қамтамасыз етілген. 
Енді туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде болған өзгерістерді атап кетсем. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсанындағы «ҚР халықты туберкулезден қорғау шаралары» қаулысына сәйкес облыстағы туберкулезге қарсы ауруханалар науқастардың эпидемиологиялық статусына байланысты емдеуге бейімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2011 жылдың 26 қазандағы №1095 бұйрығы бойынша облыстағы диспансерлердің төсек-орындары қысқартылды. Соның нәтижесінде 100 төсекке арналған Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері 1 қарашадан бастап 25 төсекке яғни 75 орынға қысқартылды. Сол негізде аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде (БК+) арнайы дәрілерге сезімталдығы сақталған Қазалы, Арал аудандарының науқастары емделеді.
Тындырылған тірліктің қорытындысы көңіл көншітеді. Өткен жылдармен салыстырғанда туберкулез ауруы азайып келеді.  Бұл, әрине, өте қуанышты жайт. Нақты деректерге жүгінсек, ауданда аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 2012 жылы 70,7 пайызды құраған еді. 2013 жылы бұл 64,3 пайызға төмендеді. Өткен жылы өмірінде алғаш рет туберкулезге шалдыққан 67 науқас тіркелсе, ағымдағы жылдың 9 айында 48 науқас диспансерлік есепке алынды. Туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 2012 жылы 1,4 пайыз, биылғы жылдың 9 айында 2,7 пайызды құрап отыр. Бұл науқас ең алдымен балаларға өте қауіпті. Балаларды аман сақтау үшін туберкулезге қарсы ектіру қажет. Бүгінгі таңдағы медицинаның қуаты өте ересен. Мұқият емделсе өкпе дертінен біржолата айығып кетуге болатынын әрбір тұрғын білуге тиісті. Ең бастысы, жазыламын деген сенім өкпе дертіне шалдыққан науқастардың көкірегінде болуы шарт. Туберкулез жазылмайтын дерт емес. Одан толығымен айығу әр адамның өз қолында.
Құлпыбай Ысқақ,
Қазалы аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты. 

ҚОҒАМ 07 қараша 2013 г. 503 0