СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРАДЫ

ҚОҒАМ | 16 ноябрь 2013 ж. - 11:26 | Көрудің саны: 714
Ата Заңымызда әркім өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар екені қамтылған. Республика соттары сот билігін Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырады. Конституция бойынша сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыра алады.
Соттың ең басты мақсаты– азаматтар мен ұйымдардың құқын, бостандықтары мен заңды мүддеcін қорғау, Конституцияның, конституциялық заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. 
Биыл 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Судьяларының VІ съезінде судьялардың, жалпы сот саласының соңғы 4 жылда атқарған жұмыстарының нәтижесі басты назарда болмақ. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері республика судьяларының 5 рет съезі өтіп, онда алда атқарылуға тиіс ауқымды шаралар белгіленген болатын. Сондай-ақ, сот жүйесі материалдық-техникалық жағынан көп өсті. Жаңадан сот ғимараттары салынса, көпшілігіне күрделі жөндеулер жүргізіліп, компьютерлер және заманауи техникалық құралдармен жабдықталды.
Судьялар съезі – сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, әр аймақтан келген судьялардың ой-пікір алмасуына, сот жүйесіндегі жетіспеушіліктердің толықтырылып, қамтамасыз етілуіне ықпалын тигізеді. Өткізілгелі тұрған VІ съезде сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, судьялар жұмысына жаңа серпін беру, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыру мәселелері сөз болмақ. 
Республика судьяларының алғашқы съезі өткеніне биыл он жеті жыл болып отыр. Бұл кезең тарих үшін онша көп уақыт болмағанымен, Қазақстан судьялар қауымдастығы үшін ізденістерге толы кезең болғаны ақиқат. Осы уақыт аралығында мемлекеттің қорынан сот саласына қыруар қаржы бөлініп, соттардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сөйтіп судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне айрықша көңіл бөлінді. Қазақстан соттарына бірыңғай автоматтандырылған ақпаратты талдау жүйесі енгізілді. Осы жүйе бойынша соттардың жұмысы біршама жеңілдетілді. Ал, сотқа келіп түскен іс судьяларға автоматты түрде бөлініп беріледі.
Судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар қауымдастығының съезден съезге дейін атқарылған жұмыстарының мақсат-мүддесін айқындап беретін бұл жиында судьялар арасында моральдық тазалықты, парасаттылық пен әділдікті, кәсіби біліктілікті арттыруға ерекше назар аударылады деп күтілуде. 
Қазақстан Республикасы Судьяларының әр съезінде қабылданған шешімдері нәтижелі орындалып келеді. Елбасы Судьялар одағының 5-съезінде бірқатар нақты міндеттерді алға қойғаны белгілі. Атап айтқанда, инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру қажет екенін атап өтіп, келесі съезге дейінгі мерзімде қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тарту, электронды технологияларға көшу, мамандандырылған соттар жүйесін кезең-кезеңімен енгізу, дауларды шешудің баламалық әдісі, яғни, медиация институтын енгізу туралы тапсырма берілген болатын. Қазіргі күні бұл тапсырманың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты шешімін тапқанына бәріміз куә болып отырмыз.
Қазақстан судьяларының әрбір съезінде еліміз сот жүйесінің жұмысын одан әрі жандандырып, құқықтық сот реформасын жүзеге асырудағы судьялар бірлестігінің қоғамдық рөлі және заңнамаларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелері қарастырылып,  судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ауқымды бағдарламалар бекітіледі. Ендеше, келер съезден үмітіміз мол. Өйткені, өткізілгелі отырған VІ съезд Судьялар қауымдастығының алдағы мақсаты мен міндеттерін айқындай түспек.
Биылғы Республика Судьяларының VІ съезі Қызылорда облыстық сотының 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы аралықта атқарылған қыруар істерді айтпағанның өзінде, талай талантты кадрлардың тәрбиеленіп шыққаны мақтануға тұрарлық жайт. 
Өткенді саралап, болашаққа бағдар жасау – ұлағатты іс. Жалпы алғанда, съезден съезге дейінгі аралықта сот жүйесі белгілі бір даму заңдылығын басынан өткергені ақиқат. 
Бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқан мәселелер, барлық судьялар қауымдастығының көкейінде жүрген сауалдар съезд барысында талқыланып, Елбасының қолдауына ие болады, сөйтіп өз шешімдерін табады деген сенімдеміз. 
Нұрлан ҚАЙЫРБЕКОВ, 
облыстық сот төрағасы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ЗАҢГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСУ

ЗАҢГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСУ

Былтыр құрылған «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің...
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРҒАНДАР

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРҒАНДАР

Бейсенбі күні Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында...
ҮЕҰ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ МЕКТЕБІНДЕЙ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСТЫ

ҮЕҰ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ МЕКТЕБІНДЕЙ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСТЫ

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде азаматтық қоғамның негізі болып...
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ЕЛ ТІРЕГІ

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ЕЛ ТІРЕГІ

Қазіргі уақыт адамдарға көптеген талап қойып, күнделікті тіршіліктің өзінде талай...
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛҒАН ҚҰЖАТ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛҒАН ҚҰЖАТ

Астанада өткен "Нұр Отан” партиясы ХV съезінде қабылданған доктринаны партияның...
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

Елбасының ұдайы атап көрсетіп жүргеніндей, қазіргі таңда экономиканың барлық...
Пікір: