ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР ТОЛҚЫНЫН КҮТЕМІЗ

Тәуелсіз мемлекеттің көрінісі азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының заңмен қорғалып, заңмен кепілдік берілетінімен, сотының тәуелсіз және әділ болуымен айшықталады. Жылдар белесінде сот жүйесі де күрделі құқықтық реформаларды бастан кешіріп, қазақстандық сот жүйесін нық қалыптастырғанын атап өткен жөн. Сот жүйесінің өркениет талабына сай қалыптасуында республика судьялары съезінің алар орны бөлек. Себебі, әрбір съезд өткен жылдардағы сот жүйесінің атқарған шараларын қорытындылап, алдағы міндет пен межені биік мінберде айқындайтын бірден-бір алқалы орган.
Қазақстан Республикасы судьяларының кезекті VІ съезі қараша айының жиырмасында өткізілгелі отыр. Ел тарихындағы алғашқы съезд 1996 жылдың 19 желтоқсанында өткізілген екен. Бұл кезең тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру және соған лайықты базасын дайындау жылдары болды. Мемлекеттік биліктің бір тармағы ретіндегі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін Судьялар одағы құрылды. Аталмыш Одақ пен оның Орталық кеңесі едәуір жұмыстарды атқарғанына куә болдық. Алғашқы съезде судьялар қауымдастығында моральдық тазалықты, парасаттылық пен жоғары білімділікті жандандыру қажеттілігі негізге алынып, Судья этикасы кодексі қабылданды. Судьялардың материалдық-техникалық және әлеуметтік кепілдіктері күшейіп, сол биік міндет деңгейінде жұмыстар талап етілді. Аса ауыр қылмыстық істер алқабилердің қатысуымен қаралса, соттарда дауды баламалы негізде шешу, яғни медиаторларға жүгіну арқылы істі қарау бір жолға қойылды. Заман өркениетіне сәйкес, азаматтарға сотқа электронды талап арыз беру, сот хаттамаларына электронды түрде ескертпе жасау, іске қатысушыларға электронды хабарламалар жіберу секілді оң өзгерістер іс жүзінде қолданылып отыр.  
Құқықтық мемлекетте еліміздің ертеңі жастар екенін ұдайы назарда ұстаған Елбасы ІV съезде мамандандырылған жасөспірімдер ісін қарайтын сот қалыптастыру қажет екенін алға тартқан еді. Сол съезден кейін 2007 жылы «Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарын құру туралы» Жарлығын қабылдады. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында мамандандырылған соттарды құруды қолға алды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-құқықтық саясаттың негізінде Президенттің 2008 жылғы 19 тамыздағы Жарлығымен 2009-2011 жылдары Қазақстандағы ювеналды әділет жүйесінің даму Концепциясы қолданысқа енді. Ал Елбасының 2012 жылғы 4 ақпандағы Жарлығы бойынша облыстарда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Бұл Қазақстанда ювеналды әділет жүйесінің дамуы және сот төрелігін ізгілендірудегі алғышарт болып табылады.
Алдағы VІ съезден де республика судьяларының тың бастамаларды, толағай өзгерістерді күтері анық. Себебі, сот жүйесіндегі шешілмеген түйткілді мәселелер түйінін биік мінберде тарқатып, алдағы мақсат пен межені айқындау маңызды. Дегенмен, сот жүйесінің белді өкілі судьяның кәсіби біліктілігі, моральдық бейнесі мен адамгершілік ұстанымы, ар адалдығынан аттамау, сот саласының абыройы мен беделіне нұқсан келтірер келеңсіздіктер мен сөзбұйдалықтан, жемқорлық дертінен ада болу қай уақытта болмасын сот жүйесінің басты ұстанымы болып қала бермек.
Айбек ӘБУ, 
облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, ҚР Судьялары VІ съезінің делегаты. 

ҚОҒАМ 19 қараша 2013 г. 427 0