СЕКСЕУІЛГЕ СЕРПІН ӘКЕЛГЕН ЖОБА

ҚОҒАМ | 21 ноябрь 2013 ж. - 10:09 | Көрудің саны: 639
Сексеуіл кенті Арал ауданындағы ең іргелі қоныс саналады. Облыс орталығынан шалғайдағы мекенде 11 мың халық тұрады. Бұл тұрғындарының саны жағынан шағын қаламен тең дегенді білдіреді. Кентке қарасты бірнеше елді мекен бар. Тұрғындардың басым көпшілігі теміржол саласында еңбек етеді. Бұған дейін теміржолға қараған әлеуметтік нысандар, инженерлік құрылымдар өзгерістерге байланысты кезеңімен коммуналдық меншікке қабылдануда. Халыққа 3 орта мектеп, екі балабақша (оның бірі жекеменшік иелікте), мәдениет үйі, спорт мектебі, қос бірдей теміржол депосы қызмет жасайды. «Сексеуіл су сервис» МКК тіршілік нәрімен сусындатады. 
Аудан басшыларымен пікірлесу барысында біраз жаңалыққа қанықтық. Ауылына қарап азаматын танитын ұлттық дағдымызбен елде ауызбіршілік сақталғанына көзіміз жетті. Ең бастысы, Сексеуілдің «тіректі елді мекендер» тізбесіне енуі қабырғалы қауымның басты қуанышына айналды. Хош делік. Енді Сексеуіл кентін қандай өзгерістер, жаңалықтар күтіп тұр деген сауалды тарқатып көрейікші. 
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен кентте республикалық бюджеттен 45 млрд. теңгені құрайтын қаржы әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған ірі жобаларды қамтиды. Нақтылап айтсақ, газдандыру, №177, 87 мектепті, «Жауқазын» балабақшасын, спорт мектебін күрделі және ағымдағы жөндеу, тротуар жасау, автокөлік жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру сынды жобаларды іске асыру жоспарлануда. Тағы да қуанышты хабар. Жергілікті бюджеттен ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы, ауыз су электр жүйесін жаңғырту да қолға алынбақшы.
Сексеуілде шағын кәсіпкерлікті дамытуға оның ішінде ауыл шаруашылығы, халыққа қызмет көрсетуді қарқындатуға мүмкіншілік зор. Бұл бағытта 2015 жылға дейін 489 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін индустриалды-иновациялық 14 жоба межеленген. Олардың қатарында киізден дайындалған өнімдер, жіп өндірісін дамытуға бағытталған жүн өңдеу пункті, 20 бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы, мал сою орны, қымыз, шұбат әзірлейтін цех, тамшылатып суғару әдісімен жылыжай салу, тәулігіне 500 литр сүт қабылдайтын пункт ұйымдастыру да келешектің еншісінде.
Мұны естігенде елең ете түстік. Ауыл баласы ретінде төрт түліктің бейнеті мен рахаты маған жақсы мәлім. Малдың жайын баққан біледі. Ел ішінде «Шопан ғұмыр бойы құс ұйқылы» деген сөз бар. Мал ұстаудың оңайға соқпайтынын аңғартатын лебіз. Кеңес одағы тұсында қой жүнінің келісі алтынмен тең тұғын. Ол кезде қырқым науқаны қып-қызыл табыс көзі болатын. Жалақы көтеріңкі. Озат қырықтықшыларға сыйақы, тіпті қосымша айлық жазылатын еді. Ал... қазір қыруар шығын, бейнетпен келген есіл жүн тең-тең буылып, әр жерде шашылып жатады. Соңында өртеледі. Олай болмағанда ше. Қойды мезгілінде қырықпасаң, түрлі кеселге шалдығады. Қырықсаң, оны қажет ететін тірі жанды жолықтыра алмайсыз. Егер жоғарыда қозғалған жүн өңдеу пункті ашылса, жалпақ жұрттың сауабын арқалайтыны даусыз. 
Халыққа қызмет көрсету саласынан 6 жоба ұсынылуда. Жеке балабақша құрылысы, қатты қалдықтарды шығару, жоюды ұйымдастыру, дәріхана, дәмхана, сұлулық салоны, нан өнімдерін өңдіру цехын жаңғырту, спорттық-сауықтыру кешені құрылысы, арнайы киім тігу цехын ашу жобасы Сексеуілді ажарландыра түсері хақ. Сондай-ақ, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы, «Жезқазған – Бейнеу» теміржолының өтер тұсындағы кент тұрғындарының келешегі кемел екендігіне талас жоқ. 
«Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ Сексеуіл кентінің дамуы үшін 20 млрд. теңге инвестиция салуды жоспарлауда. Теміржолшыларға 100-ден астам қызметтік баспаналар салынады. Бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінгі таңда осынау күрделі құрылыстың басында көптеген жұмысшы-қызметкерлер еңбек етуде. Сексеуіл кентіне жақын маңайдан «Бозой-Бейнеу-Шымкент» газ құбыры, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры, Арал, Қазалы аудандарының жұртшылығын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының өтуі кент халқының өсу демографиясына оң әсерін тигізуде. 
Ағымдағы жылы Сексеуіл кентін газдандыру жобасының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 33,3 млн. теңге қаржы бөлінген. Осының өзінен өңірге тартылып жатқан инвестициялардың қуатын аңғару қиынға соқпайды. Келешекте Сексеуіл кенті теміржол тасымалындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың кемелденуіне үлкен септігін тигізетін тораптық станса болады деп күтілуде.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы,
Сексеуіл кенті.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ХАЛЫҚ  ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАНАТТЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАНАТТЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

Баспасөз орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков...
ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАР

ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІКТІ АЙҒАҚТАЙТЫН ЖОБАЛАР

Үстіміздегі жылдың 13-14 қараша күндері облысымызда ІІ «Байқоңыр» инвестициялық...
ТІРЕК АУЫЛДАР – ТҰРАҚТЫ ДАМУ НЕГІЗІ

ТІРЕК АУЫЛДАР – ТҰРАҚТЫ ДАМУ НЕГІЗІ

Кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың...
ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауын насихаттау тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе...
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Қазіргі заман талабына сай инфрақұрылым болмаса, экономиканы жаңғырту мүмкін емес....
БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

БОЛАШАҒЫ МОЛ БАҒДАРЛАМА

Ауыл арасында кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Олардың бірі...
Пікір: