ЖАСТАР БОЙЫНДАҒЫ ЖАТ ҚЫЛЫҚТАРҒА ТОҚТАУ САЛАЙЫҚ

ҚОҒАМ | 21 ноябрь 2013 ж. - 10:18 | Көрудің саны: 750
Қазір Қызылордада тұрамын. Үйім мен қызмет орным қаланың Орталық алаңына жақын болғандықтан көпшілік демалатын орын болған бұрынғы «Еңбек аллеясы» маңында серуендеп жиі жүремін. Студент жастар, әсіресе қыздарымыз, қарсы не кесе-көлденең келіп қалғаныңда 2-3 метрдей жерден кідіріп, бізді өткізіп барып жүрісін жалғастырады. Ізеттілігіне риза болып, «бақытты бол, айналайын», «көп жаса» деп жас кезімізде үлкендердің бізге берген батасын енді өзіміз беріп, жастарымыздың қылығына марқайып қаламыз. 
Бірақ тәрбиелі жастарымызбен бірге мәдениеттен ауылы алыс қыз-жігіттеріміз де баршылық екен. Бір мәрте емес, күнде көрген келеңсіз көріністер, оған қоса БАҚ-тардан естіп, көріп жүргендерім мен статистикалық мәліметтер осы мақаланы жазуға жетеледі. Сол маңайдағы орындықтарда демалып отырған, жүрген жастар көп кездеседі. Топтасып бара жатқан жастардың қасынан өткеніңде арасында қыздар бар екеніне қарамастан, былапыт сөзді жиі қолданатынына, қыз бен жігіттің екеуара әңгімесінде ренжіскен кездері ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатынын естимін. Темекінің босаған қорабын, қалдығын, ішкен, жеген заттарының ыдыстарын, шайнаған сағыздарын кез келген жерге тастап жүре беру дағдыға айналған. 
Қай кезде де аға буын өкілдерінің кейінгі жастардың қылығына сын көзбен қарап, олардың көп ісіне көңілі толмай жүретіні заңдылық. Менің айтпағым ұрпақтар ауысқанда болып тұратын осындай көз үйренген өзгешеліктер емес, шектен шыққан әдепсіздіктің, тәрбиесіздіктің, қала берді намыссыздықтың белең алып бара жатқандығы. Бұл көріністерді «елу жылда – ел жаңа» деген қағидаға сыйғызып жылы жауып қоюға бола ма?! Олай болса, осылай кете берсек, жігіттің мойнына асылған қызымыз ендігі елу жылда қандай қылықтарға жол беруін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Сосын онан кейінгі елу жылды...
Әрине, менің қатарластарыммен салыстырғанда бүгінгі жастардың жақсы жақтарын да жоққа шығармаймын. Дегенмен, патриоттық сезім, яғни тәуелсіз еліңді сүю, оны басқа елдермен теңестіру үшін бар күшіңді салу, адамдар арасындағы қарым-қатынастың шынайылығы, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді қастерлеу, тіпті қарапайым тілмен айтқанда, жақсы менен жаманды ажырата білуге келгенде кемшін түсіп жатқан жақтары көп болып тұр. Осылардың бәрі жинала келе оларға әлгіндей қылықтарды үйір етіп, бірте-бірте бойларына сіңіріп, бұл енді әдеттеріне айналғандай. Жастар арасындағы әлгі құшақтасу сүйіспеншіліктің жетілгендігін білдіріп, олардың «отан отбасынан басталады» деген қағидаға сай жанұядағы бірлігі мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, қоғамдағы орындары нық болса, әңгіме басқа. 
Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2013 жылдың 7 айында қылмыс 31,2 пайызға көбейген. Оны жасағандардың көбі жастар. Ең қауіптісі, қылмыскер жасарып барады. Қазір ішкі істер мекемелерінде (республикада) 20000 жасөспірім «әлсіз топтар»  есебінде тұр. Бір жылда 2000-нан аса жасөспірім сотталады екен, олардың төрттен бірі 14-15 жастағылар.
Ұрлық-қарлық қай халыққа болса да қара күйе жағатыны белгілі. Елдің мәдениет деңгейін анықтау үшін зерттеу ұйымдары үлкен қаланың көшесіне бағалы зат қояды екен де, қанша уақытта қолды болғанын есептейді. Жапонияда мүлдем жоғалмаған. Жапонияда цунами кезінде бірде-бір дүкен тоналмаған, аштықта да сабыр сақтаған, Батыс Еуропада 3 сағатта, Америкада 1 сағатта, Ресейде жарты сағатта қолды болған. Біздегі жағдайды Ресеймен шамалас десек, мәдениет деңгейімізге мақтана алмаймыз. 
Атамыз қазақ қызға қырық үйден тыйым салып, ұл туса «ел арқа сүйер ер болсын» деп тәрбиелеуші еді.  Кеңестік тәрбие «жастар – біздің келешегіміз» деп олардың бойында пайда бола бастаған жат  қылықтардың  соңына шам алып күресетін, үйде де, түзде де тәрбие жұмысы бір толастамайтын. Қазір өткеннің осындай өнегелі ұстанымдарынан ажырап қалғандаймыз. Интернет, теледидар, интернет пен түнгі клубтар, газеттердегі бір сағаттық, бір түндік жарнамалар, тәрбиеге шақырған іс-шаралардан әлдеқайда көп. Жастардың тәрбиелі, мәдениетті болып қалыптасуы үшін мемлекет, отбасы, тәрбие ошақтары жан-жақты, күндіз-түні, жүйелі жұмыс жасағанның өзінде бір кемістік шығып жататын. Ол қай кезде де жаманның жақсыға қарағанда тез қабылданатынын білдірсе керек. Әлгілер сезімдері балқып тұрған жастарды магниттей тартып алуда. Сондықтан да тәрбиенің жүйелі жұмысы бір мезетке тоқтамауы тиіс. Ал біз 20 жылдан аса уақыт бойы сырттан келіп жатқан кері үрдістермен күреспек түгілі, оның еселеп өсуіне мемлекеттік тұрғыда тосқауыл қойып отырған жоқпыз. Демократиялық ел боламыз деп бәріміз ойымызға не келсе соны жасауға, күнделікті ақпараттар легінің жақсы-жаманын таңдауды жастардың өздеріне қалдырып отырмыз. Сондықтан ба, жастардың қылығындағы жоғарыда келтірілген қолайсыз көріністерге бойымыз үйреніп, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» заманы туғандай мән бермейтін болып алдық. Бұндай немқұрайлылық тек адамдар арасында ғана емес, бұл қазіргі қоғамның ауруы болып қалыптасып келе жатыр. 
Ойланайық, ағайын.
Сәдуақас АҢСАТ. 
Қызылорда қаласы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?

ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?

Қазақ жеті қазынаға тазыны енгізді. Бабалар адамның серігіне айналған тазыны басты...
“КЕНТАВР” АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

“КЕНТАВР” АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

Жақында қазақ поэзиясының хас шеберлерінің бірі, «Алаш», «Дарын», Президент...
«ҮРКЕР» – ҰЛ-ҚЫЗЫҢЫЗДЫҢ ҮМІТІ

«ҮРКЕР» – ҰЛ-ҚЫЗЫҢЫЗДЫҢ ҮМІТІ

Осыдан бес жыл бұрын «Үркер» ашылғанда батасын берген Әбіш Кекілбай: «Үркер» – уақыт...
«ЖАЙДАРМАННАН» ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ

«ЖАЙДАРМАННАН» ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ

«Жайдарман» – қазіргі таңда телеарна арқылы көптің ықыласына бөленіп жүрген ерекше...
АРДАҚТЫЛАР ҰЛЫҚТАЛСА ЕКЕН

АРДАҚТЫЛАР ҰЛЫҚТАЛСА ЕКЕН

Шүкір, туған қаламыз, туған үйіміз көріктеніп келеді, гүлденіп келеді. Осы тірліктің...
ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

ОТАНШЫЛ БОЛ, ЖАС ҰРПАҚ!

Қазіргі кезде тәрбиенің жан-жақты, сан қырлы, әдіс-тәсілдерін жас ұрпақтың бойына...
Пікір: