БАСПАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – БАСТЫ МІНДЕТ

ҚОҒАМ | 23 ноябрь 2013 ж. - 21:53 | Көрудің саны: 394
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов жақында өңірлерге жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында Павлодар облысының әкімімен және Қарағанды қаласының басшыларымен өзара әрекеттестік мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, А.Жұмағұлов объектілердегі құрылыс жұмыстарының барысымен және Банктің Қарағанды филиалының ұжымымен танысты. Сапар кезінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа басшысы журналистердің бірқатар сұрақтарына, соның ішінде «ыңғайсыз» және «өткір» сауалдарға жауап берді. 
- Айбатыр Нышанбайұлы, банктің топ-менеджерлері мен олардың туыстары заңды айналып өтіп алған пәтерлер төңірегіндегі дау-дамайға қандай түсінік бересіз? 
- Бұл жағдай халық арасында үлкен қоғамдық пікірталас тудырды. Мұның өзі мемлекеттің және акционерлердің банк қызметін және түрлі заң бұзушылық жайлы дабылдарды жіті қадағалап отыратындығының дәлелі. Бұл оңды үрдіс – ешкім де қызметкерлердің клиенттерге және Банк беделіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерін жасырып қалған емес және жасыра алмайды да. Оның бер жағында, біздің клиенттер, негізінен алғанда, бюджет қызметкерлері: мұғалімдер, дәрігерлер, менеджерлер. Елбасы бірқатар тапсырмалар берді, ал «Бәйтерек» холдингінің басшылығы банк қызметінің ашықтығына бағытталған нақты шешімдер қабылдады. Міне, осының бәрі қазақстандықтар алдындағы жоғары жауапкершіліктің көрсеткіші екендігі сөзсіз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың маңызды орындаушыларының бірі болып табылады. Оның қызметі қашанда басты назарда болып қала береді. 
- Пәтерлерді қайтару тәртібі қандай болмақ?
- Ол «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бұрынғы және қазіргі басшыларының, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің «Әйгерім» көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді аталған адамдардың, әкімдіктің және Банктің арасындағы келісім шеңберінде Алматы қаласының әкімдігіне өз еріктерімен қайтаруын көздейді. Қазіргі уақытта «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің 2013 жылғы 28 қазандағы тапсырмасына сәйкес пәтерлерді қайтару тәртібі мүдделі тараптармен жан-жақты қарастырылу үстінде. 
- Сіз өз еркімен қайтару туралы айтып кеттіңіз, бірақ банк қызметкерлерінің бәрі бірдей үйлерін қайтаруға келісім беріп отырған жоқ қой? Олармен мәселе қалай шешілмек?
- Шынында да, келіспейтіндер бар. «Әйгерім» кешеніндегі пәтерлерді өз еркімен қайтару мәселесі бойынша келіссөздер барысында тоғыз адамның екеуі пәтерлерді ерікті түрде қайтарудан бас тартып, сот талқысына жүгінуге дайын екендіктерін білдірді. Олар келіспеушілігін баспана алу сәтінде өздерінің бағдарламаға қатысуын шектейтін қандай да бір этикалық және басқа да ережелердің болмағандығымен түсіндіреді. Бұған қоса, олар «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша өздерінің пәтерлерді сатып алу рәсімінің толық көлемде сақталғандығын басты желеу етеді. Олардың алынған пәтерлерді өз еркімен қайтарудан бас тартуларына байланысты, мәселе сот тәртібімен шешіледі. Банк сот шешімін басшылыққа алатын болады. 
- Сіз мейлінше ашықтық туралы айттыңыз және адамдар банк жұмысын өздігінен қадағалап және бағалап отыруы үшін кейбір ішкі жұмыс құжаттарын жариялауға ниетті екендігіңізді білдірдіңіз, бұның бәрі қалай іске асады?
- Банк басшылығының ашықтықтың және корпоративтік басқарудың жаңа стандарттарын енгізбек ойы бар. Бұл қазіргі жағдайды жан-жақты зерттеген соң және барлық мүдделі тараптардың пікірлерін есепке ала отырып жасалатын болады. Соның ішінде, бірінші кезекте, баспана сатып алғысы келетін Қазақстан азаматтарының мүддесі ескеріледі. Бұл дәл қазір бола қоятын нәрсе емес, себебі банк қызметі түрлі нормативтік құжаттармен реттелетін күрделі қаржы институты болып табылады. Дегенмен, банк қызметін жетілдіру үрдісі және жалпы алғанда, банктің бүкіл қызметі ашық болады. Тағы бір атап айта кететін жайт: банктің қаншалықты ашық болатыны қазіргі қолданыстағы заңнама тәуелді болады…
- Неліктен пәтерлерді бөлу мерзімі кейбір үйлерде сонша созылып кетеді, бұның себебі банктің салымшыларды ұзақ «бағалайтындығында» ма? 
- Жоқ. Банктік рәсімдердің өз регламенті бар. Павлодар облысындағы жағдайға түсінік бере кетейін. Мұнда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша тұрғын үй құрылысы 2011 жылы басталған. Осы кезеңде Павлодарда үш тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл – 215 пәтер. Биыл тағы 792 пәтерлік үш үй салынып жатыр. Төрт үй осы жылы пайдалануға беріледі, қалған 396 пәтер келесі жылы салынып бітеді. Жалпы алғанда, өңір бойынша тұрғын үйге сұраныс ұсыныстан әлдеқайда артық, сол себепті біз қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыратын боламыз. Және, «мерзімдердің созылып кету» мәселесіне оралсақ, құрылыс салуға көптеген жайттар әсер етеді. Көпшілік жағдайда, құрылыс салушы компаниялардың материалдық-техникалық базасының әлсіз болуы құрылыс мерзімдерін сақтамауға әкеліп соқтырады. Әкімдіктер құрылыс барысында ондай құрылыс салушыларды ауыстыруға мәжбүр болады. Адами факторды да ұмытпау керек, Павлодардағы бір үйдің дер кезінде берілмеуіне құрылыс салушы компания директорының кенеттен қайтыс болуы себеп болды. 
 Тұтас алғанда, біз қазір толық түсіністікке қол жеткіздік, серіктестіктің тиімділігін арттыру потенциалын белгіледік және жергілікті атқару органдарымен бірлескен жұмыс ендігі жерде неғұрлым жылдам және, тиісінше, өнімді бола түседі. Бұдан басқа, біз қала басшылығынан Екібастұзда, Ақсуда және басқа қалаларда құны нарықтағыдан артық емес жаңа үйлер салу мүмкіндігін қарастыруды өтіндік. Қазақстанның Премьер-министрі тек облыс орталықтарында ғана емес, сондай-ақ еліміздің аудан орталықтарында да тұрғын үйлер салуды тапсырды, ал бұл – біз әкімдіктермен бірлесе отырып жүргізетін аса ауқымды жұмыс.  
 - Қандай да бір жағымсыз жайттар туындаған кезде, Банк жергілікті үкіметті кінәлайды, ал әкімдіктер жауапкершілікті Банкке аударады. Түптің түбінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлерінің пәтер алуына кінәлі кім? 
- Біріншіден, біздің банктің бұрынғы басшылығының қызметіне де, атқарушы үкімет органдарының қызметіне де баға беру ниетіміз жоқ. Бұл – жаңа басшылықтың және жеке менің ресми ұстанымым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің негізгі міндеті – тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін республиканың барлық өңірлерінде азаматтарға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолжетімді ету мен жоғары сапалы банктік қызмет көрсетуді одан әрі қарай жалғастыра береді. Екіншіден, жергілікті атқару органдарымен, әкімдіктермен өзара әрекеттестікте болмасақ, біз өз жұмысымызды толыққанды жүргізе алмаймыз. Біз бір міндетті шешеміз: әрбір қазақстандық отбасына лайықты тұрғын үй беруге ұмтыламыз. Сондықтан, өңір басшыларымен қызметтік, серіктестік қатынастарды жолға қою – біздің қызметіміздің ажарамас бөлігі. Ал Павлодар облысының әкімімен және Қарағанды әкімдігінің басшылығымен жеке кездесуден кейін мен алда үлкен, күрделі бірақ табысты жұмыстар тұрғандығына сенімдімін. 
- Бағдарлама қатысушылары өздерінің үлестерін ауқатты адамдарға сатып, нәтижесінде біреулер бірнеше пәтерге ие болып, ал жеңілдік көзделгендердің баспанасыз қалуына ықпал ететін «Сатып алынатын» депозиттердің жағдайы қалай болып жатыр? Мұндай жағдайлар болды емес пе…?
- Иә, болды. Қазір кейбір ережелерге өзгертулер енгіздік. Банк өз міндеттемелері мен құқығын басқаға берудің күшін жойды. Ендігі жерде оны тек бағдарлама қатысушысының отбасы мүшелері мен жақын туыстары ғана пайдалана алады. Бұлардың қатарына: ерлі-зайыптылар, туған және асырап алған балалары, апа-аталары, сондай-ақ ата-анасының туған және немере аға-қарындастары кіреді. ¤згертулер балл жүйесі бойынша тұрғын үйді бөлуде бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында жасалды. Жаңа ережеде сатып алынған депозит бойынша Бағдарламаға қатысу мүмкіндігі алынып тасталды. 
- Қазір Қарағандының ТКШ бөлімдерінде 8000 өтініш беруші кезекте тұр. Олардың 2500-і мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлері. Әкім жайлылық класын 3-4-шіге төмендетуді және оның есебінен салынатын объектілердің өзіндік құнын кемітуді ұсынды. Сіздің көзқарасыңыз?
- Біз бұл мәселені, сондай-ақ кезекте тұрғандардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне белсене қатысу тетіктерін талқыладық. Әкіммен бірлесе отырып, кезекте тұрғандармен бірқатар іс-шаралар жүргізуге келістік. Бюджет қызметкерлерінің мәселесіне қатысты мынаны қосқым келеді. Біз қазір көп жылдар бойы кезекте тұрған бюджет қызметкерлерінің пәтерлерді тезірек алуларына септігін тигізетін өзгертулер әзірлеп жатырмыз. Балл жүйесі қайта қаралатын болады. Әрбір күткен жыл үшін басымдықты балл қосатын боламыз. Қазір бұл өзгертулер талқылынып жатыр және жақын арада Директорлар кеңесінің қарауына шығарылады, содан кейін ҚР Үкіметіне жіберіледі. 
- Жаңа басшылықтан қандай реформалар күтеміз? Банк саясатында қандай өзгерістер болмақ?
- Ол туралы нақты көрсеткіштерге қол жеткізген кезде айтармыз. Бүгінгі таңда біз жан-жақты сараптама жұмысын жүргізудеміз. Біздің негізгі міндетіміз – адамдарды баспанамен қамтамасыз ету. Және бір маңыздысы, жүргізілген жұмыс тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз. Банк басшылығы шаршы метр үшін халыққа жеңіл бағада несие беру үшін клиенттермен үздіксіз кері байланыс жасап отырады. Банк қызметі тек клиентке бағытталады. 
Қосымша ақпараттарды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның аймақтық филиалынан ала аласыздар. Мекен-жайы: Қызылорда қаласы,  4-ші күрделіленген орам, №1 үй, тел.:26-26-64, 27-05-02 немесе www.hcsbk.kz сайтында.
Call-centre: 8-800-080-1880 (қоңырау шалу тегін)
Әңгімелескен, Мира КАРИМОВА.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ НАРЫҚ

ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ НАРЫҚ

Баға құрылыс мекемелеріндегі шарауашылықта басты рөл ойнайды. Сондықтан олар жиі...
АРАЛДА АЯҚТАЛМАҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР НЕГЕ КӨП?

АРАЛДА АЯҚТАЛМАҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР НЕГЕ КӨП?

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтің төрағалығымен облыстық...
БАСПАНА БАСТЫ МӘСЕЛЕ

БАСПАНА БАСТЫ МӘСЕЛЕ

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық Үкімет отырысында...
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев...
ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Кеше облыс орталығынан Еуразиялық банктің филиалы ашылды. Салтанатты шараға облыс...
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ВАЛЮТАЛЫҚ САЯСАТЫ ТУРАЛЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ВАЛЮТАЛЫҚ САЯСАТЫ ТУРАЛЫ

Соңғы күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының ауысуына байланысты...
Пікір: