АЛЫСҚА КӨЗ ТІККЕН АРУ ҚЫЗ

АЛЫСҚА КӨЗ ТІККЕН АРУ ҚЫЗКөпбалалы отбасында өскен Ардақ бірінші сыныпта оқып жүргенде-ақ дәрігер боламын деп шығарма жазған еді. Әсемдене бой жеткен қыздың бойында кейіндеу әлденеше бейімділік бүр жарды. Ән салды, өлең де жазды, заманауи технологиялардың тілін меңгерді. Бірақ солардың бірі де оның дәрігер боламын деген арманын ауыстырған жоқ.
Қызылордадағы №12 орта мектепті бітірген соң «Болашақ» университетінің жанындағы медициналық колледжге оқуға түсті. Оқуда үздік шықты, топ жетекшісі болды. Абайға жүгініп, қалың томдарды ақтарды.
Жақында қалалық мәдениет бөлімі ұйымдастырған «Қызылорда аруы – 2013» байқауына қатысқан Ардақ Бекмырзаева сынақтың төрт бөлімінен де сүрінбей өтіп, биылғы жылдың аруы атанды.
Қазылар алқасы қасы-көзі қиылған қараторы қыздың қазақтың салт-дәстүріне жетік екендігіне, ибалы әдептерді тал бойына терең сіңірген зердесіне таңғалды.
Осы сынақтан соң біз Ардақтан:
– Байқауға қатысқан құрбыларың қай тұстан олқы түсті? – деп сұрадық.
– Қазақтың қыздары еркін өскен. Ұлтымыздың қызға етек-жеңі мол киім кигізетіні де сондықтан ғой. Менің құрбыларыма сахнадағы еркіндік жетіспеді, қобалжулары көп болды.
– Біз әкең Рүстемнің де, анаң Қуаныштың да музыка мамандары екенін білеміз. Сенің де музыкаға бейімің жақсы екен. Мүмкін кейін музыкант болып кетерсің.
– Жоқ, мен дәрігер боламын. Тәні саудың жаны сау дейді. Мен жарқын болашаққа ұмтылған халқымның денсаулығын күзететін, ауруға жол бермейтін жан боламын, арманым сол. Yйде менен де басқа алты перзент бар. Бәлкім, солардың бірі музыкант болар.
– Құдай қаласа, ендігі жылы «Қазақ аруы» байқауына барасың. Оған қалай дайындаласың?
– Былтырғы жылғы қазақ аруы Айгерім Қанатбаева маған тәж кигізіп, өз жолын жалғастыруды, ел намысын биік көтеруімді тілек қылды. Келер жылы ақпан айында өтетін сол байқауға мен бүгіннен бастап дайындалудамын. Қазақ аруы ұлтының ұлы қасиеттерін, салт-дәстүрін, ой-арманын өз көкірегінің алтын бесігінде сақтауы тиіс. Мен де сөйтем.
– Алысқа жол тарт, алғыспен өс. Біздің батамыз осы.
Д.АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 23 қараша 2013 г. 638 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031