ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ АДАМҒА ӨМІР СЫЙЛАЙДЫ

ҚОҒАМ | 23 ноябрь 2013 ж. - 21:59 | Көрудің саны: 1 908
Өткен жылы Қазақстанда бірінші рет созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқасқа донорлық жүрек трансплантациясын жасағаны белгілі.  Бұл отаны Чехияның кардиохирургы Жан Пирктің қатысуымен еліміздің жетекші кардиохирургы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя жасады. Осылайша республикамыздың білікті хирургтары күрделі де қымбат оталарды өз елімізде де жасауға болатынын дәлелдеді.  Сондай-ақ, көпшілікке сенсация болған осы күрделі отадан кейін Қазақстан әлемдегі донорлық жүректі ауыстырып салатын 27 елдің қатарына қосылды, онымен қоймай, ағзасында мүше ауыстыруға байланысты ақауы бар адамдардың көңілдерінде үміт отын жақты. Жалпы, трансплантология медицина саласының ең ірі жетістігі, ел дамуының басты көрсеткіші болып табылады.  Бүгінде әлемнің алпауыт елдері мүше трансплантациясын жасаудың ең озық үлгілерін қолдануда. Бір адамның ағза мүшелері бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді екен. 
ЕЛІМІЗДЕ ТҰҢҒЫШ ЖАСАЛҒАН ЖҮРЕК АУЫСТЫРУ ОПЕРАЦИЯСЫ ЖАЙЫНДА 
Елімізде алғаш жасалған сенсациялық операция жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламентінің бесінші шақырылымындағы екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде былай деді: – Биыл Қазақстанда бірінші рет науқасқа донордың жүрегін ауыстырып салу операциясы табысты жүзеге асты. Бұл ретте жас отандасымыз Игорь Воротников бүгінде барша қазақстандықтардың аузынан түспей жүрген ізгі қадам жасады. Анасы мезгілсіз қаза болып, қасірет жұтқан ол ең қиын сәтте өзге адамдардың өміріне араша түсе алды. Игорь анасының жүрегі мен бүйрегін донор мүшесіне мұқтаж адамдарға беру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, тағдырлары қыл үстінде тұрған екі адамға – Жәнібек Оспанов пен Евгений Курцқа жаңа өмір сыйлады. Анасынан айырылған ол қаны бөлек болғанмен, жаны бір бауырлар тапты. Ойлап қарасақ, орыстың баласы анасының жүрегін қазаққа, бүйрегін неміске тапсырды. Операцияны ұлты кәріс Юрий Пя чех әріптесі Жан Пиркпен бірге жасады. Міне, қазақстандық бірлік деген осы. Бұл нағыз азаматтың ісі. Менің халық бірлігі туралы идеям қарапайым өмірде осылай көрініс тапқаны қуандырады. Әрбір отандасымыздың денсаулығы – мемлекет үшін ең басты байлық, ең негізгі құндылық. 
ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ТАРИХЫ
Бүгінгі таңда елімізде 3000-ға жуық адам бүйрек алмастыру үшін өз кезегін күтуде, сонымен қатар, 170-200 қазақстандық жыл сайынғы бауыр және осыншама адам жүрек алмастыруға мұқтаж екен. Ал, біздің өңірімізде бауыр ауыстыруды күтіп отырған 50 науқас болса, бүйрек алмастыруға мұқтаж 80 адам бар. Биылғы жылы 15 науқасқа бүйрек алмастыру операциясы жасалса, бауыр ауыстыруға бір адам дайындалуда. Бұл туралы жуырда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында республикалық «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Бақыт пен ұзақ өмірге үміт сыйлаңыз!» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында аталған қоғамдық бірлестіктің баспасөз хатшысы Жұлдыз Әпешева мәлімдеді.  Сондай-ақ, ол трансплантация тарихы туралы кеңінен әңгімелеп, оның даму кезеңдері жайында жан-жақты баяндады. 
Жалпы, трансплантация латын тілінен аударғанда «ауыстырып салу» деген мағынаны береді. Медицинада адам мен жануарлар ағзалары мен тінін алмастырып салу ғылымын трансплантология деп атайды.  Жарамсыз, дертті органдарды алмастыру – адамзаттың ертеден келе жатқан арманы, биік қиялы болатын. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті алғаш рет біздің заманымыздан бұрын 1500 жылы жасалған. Клиникалық тәжірибеде бұлшық етті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтары мен сүйек кемігін ауыстырып салу жиі қолданылады. Ең жиі алмастырылатын мүше – бүйрек болып саналады екен.  Мәселен, 1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн алғаш рет бүйрекке трансплантациялау операциясын жасаған. Әлем ғалымдарының ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. 1954 жылы Муррей бүйрек алмастыруды сәтті аяқтады. Бұрынғы кеңестік дәуірде мұндай отаны бірінші болып академик-хирург Борис Петровский 1965 жылы жасаған. Ол бүйректі шешесінен алып қызына салған еді. Бауырды алмастыру проблемалары бүйректен кейін қолға алынды. Ал, 2011 жылдан бері қазақстандық оташылар Орта Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асырды.  Бүйрек ауыстыру оталары елімізде А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында 1978 жылдан бастап жасалуда. Ал, бүгінгі заманауи медицина бір мезгілде жүрек, өкпе, бауыр, сонымен бірге ұйқы безі сынды бірнеше ағза мүшелерін ауыстыруға мүмкіндік беріп отыр. 
ӘТТЕҢ ЗАҢНЫҢ КЕЛТЕСІ-АЙ...
Десек те, бүгінгі таңда біздің елімізде трансплантациялау жұмысының кеңінен етек жаюына   кедергі келтіріп отырған бірнеше мәселелердің бар екені де белгілі.  Жоғарыда атап өткен дөңгелек үстел басында сала мамандары бұл мәселелердің атын атап, түсін түстеп, оларды шешу жолдарын талқылап, өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, шараға қатысушылар бізде трансплантациялауға қатысты заңның шикі тұстары көп екенін алға тартты. Ал, дамыған мемлекеттерде мүше трансплантациясына байланысты мәселелердің заң шеңберінде шешіліп қойғаны белгілі. Мәселен, АҚШ-та кез келген адам ерікті түрде донор атана алады. Ал дәрігерлерден заң донор атанған азаматтарға трансплантациялық отаның қаупі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіруді талап етеді. Бұған қоса, кез келген адамның жүргізушілік куәлігінде трансплантацияға келісім бергені немесе бас тартқандығы жайында ақпарат болады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының шешіміне сәйкес, әлемде донор атануға рұқсат беру екі заң бойынша екі түрлі әдіспен жүзеге асады: келісім презумпциясы және келісімсіз презумпция. Біріншісі – өзінің немесе туған-туысқандарының келісімін алу арқылы, ал, екінші әдіс бойынша адам көз жұмған жағдайда оның ағза мүшелері туған-туысқандарының келісімінсіз донор ретінде пайдаланылады. Испанияда, Австрияда, Бельгияда дәрігерлер бірінші әдісті қолданса, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Голландияда екінші әдісті қолданып, мәйіттің туған-туыстарына тек хабар ғана беріледі. Ал, біздің елімізде қайтыс болған адамның мүшесін алу тек оның туған-туыстарының рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.   Осы орайда дәрігерлер қауымы елімізде трансплантацияны бір ізге түсіру үшін біршама уақыттың және бірталай жұмыстың қажет екенін айтуда. Жалпы, трансплантация төңірегіндегі қиындықтардың 25-30 пайызы ғана медицина арқылы шешімін таба алады. Ал, қалған мәселе қоғам мен заңға, дінге, моральға тәуелді екен.  Дәл бүгінгі таңда біздің елімізде адамдардың санасы, қазақы менталитет, діни көзқарас донор болуға келісім беру туралы пікірлердің әрқилы екенін көрсетуде. Бұл орайда, облыстық медицина орталығы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Әуезхан Сейтмағанбетов әсіресе, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде хал үстінде жатқан адамның туыстарына оның мүшесін бер демек тұрмақ, шын жағдайын айтудың өзі қиын екенін айтады.   – Адамның үміті соңынан өлетіні белгілі. Әсіресе, біздің аймақта туысың әне-міне өлгелі жатыр, дайындала беріңдер деп айтудың өзі қиын. Көңілі күпті жандар ондай ауыр сөзді көтермейді. «Бір амалын қарастырыңызшы, Алматыдан, Астанадан маман шақыртуға болмай ма» деп жылап-еңіреп тұрғанда оларға «адамыңның мүшесін бер, донор болсын» деп қалай айтарсың. Оның үстіне біздің қазақы менталитет, діни көзқарасымыз оған оңайлықпен көне қоймайды,– деп мәселенің екінші ұшын көрсетті. «Трансплантация туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, адамға дене мүшесін донор ретінде беру мәселесін қайта қарастыруды қолдайтындардың бірі республикалық «Үміт» қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры Нұрсәуле Мейрбекова. Оның  пікірінше, Қазақстанда кейбір жағдайда қолымызда бар заңның өзін толықтай пайдалана алмай отырған жайымыз да бар.  Оның үстіне, күн сайын қаншама жан донор табылмағандықтан ауыр науқастан көз жұмуда. Сондықтан  адами тұрғыдан алғанда, мұндай қадамды ізгі қадам деп бағалайды. Айта кету керек, Нұрсәуле мүше алмастыру отасын жасатушылардың бірі. 2007 жылы оған Алматыда өлі донордың бүйрегі ауыстырып салынған, соның арқасында аман-есен көппен бірдей жер басып жүр.  Сондықтан ол бұл саланың, яғни, трансплантацияның мәселелеріне әбден қанық.  Нақтырақ айтқанда, заңның кемшіліктері, ондай оталарға мұқтаж жандардың басынан өткеріп жатқан қиындықтары да, дәрі-дәрмекке қатысты туындап жататын мәселелер де оған бес саусағындай белгілі.  Осы орайда ол трансплантациялау оталарын өз облысымызда жасауға мүмкіндік туса деген арман-тілегін жеткізді. 
ДІН ДЕ ТРАНСПЛАНТАЦИЯҒА ТЕРІС ҚАРАМАЙДЫ
Жоғарыда  біз мүше трансплантациясын өркендету қоғам мен заңға, адамдардың діни көзқарасына, түсінігіне тәуелді екенін   айтып өттік.  Негізінен ешбір дін мәйітті бір мүшесін алып тастап жерлеуге келісім бермеген. Ислам шариғаты да солай. Дегенмен, қазір дін өкілдері өз мүшесін өзгеге беру мәселесіне теріс келмейтін тұстарын түсіндіруде.  Шын мәнінде Ислам шариғаты бұған қалай қарайды? Бұл сұраққа «Сырдария руханият» қоғамдық қоры діни кеңес беру орталығының дінтанушы маманы Нұрлыбек Нұрсейітов  былайша жауап берді: – Кей жағдайда шариғат рұқсат етпеген үкімдердің зәрулікке өзгеруі мүмкін. Құранда кімде кім жазықсыз адам өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең. Ал бір адамды өлімнен құтқарса, бүкіл адамды құтқарғанмен тең екені айтылған. («Маида», 32-аят) Осыған сүйенген діндарлар қансырап жатқан адамға да қан беруге болатындығын айтқан. Тіпті, қан мұсылман емес адамнан алынса да жарайды. Яғни, мүше беру де солай. Адамды ажалдан құтқару мақсатында өз мүшесін ажал аузында жатқан адамға беруге болады. Бірақ өз ағзаларын өзгеге берген адам ол үшін ақы сұрамауы керек. Өйткені адам мүшесі дүкенде, не базарда сатыла беретін тауар емес. Сондай-ақ, дене мүшесі өлім аузында жатқан адамнан алынбайды. Кейде дәрігерлердің өзі үміттерін үзген адам Алланың құдіретімен қайта өмірмен қауышып жататын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан уақытынан бұрын өмірді тоқтату дұрыс емес,– дейді дінтанушы маман.
Айнұр БАТТАЛОВА.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында «Ұлағатты ұрпақ –...
КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢІСТІГІ

КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢІСТІГІ

«Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры биылғы жылдың наурыз...
КYРЕ ЖОЛДА КYНАРА БІР ОҚИҒА

КYРЕ ЖОЛДА КYНАРА БІР ОҚИҒА

«Қараусыз мал кесірінен жол-көлік апаттары арта түсуде» – дейді «ҚазАвтожол» АҚ...
ҒАСЫР ТАЖАЛЫНА ТОСҚАУЫЛ – АДАМЗАТТЫҢ МІНДЕТІ

ҒАСЫР ТАЖАЛЫНА ТОСҚАУЫЛ – АДАМЗАТТЫҢ МІНДЕТІ

Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы...
ҚҰРБАН АЙТ – ҚАДІРЛІ МЕРЕКЕ

ҚҰРБАН АЙТ – ҚАДІРЛІ МЕРЕКЕ

Облыс әкімшілігінің баспасөз орталығында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас...
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ  «ЖОЛ КАРТАСЫ»

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ «ЖОЛ КАРТАСЫ»

Дені сау адам – мемлекеттің басты байлығы. Осы орайда елімізде тұрғындардың...
Пікір: