БІЛІМ НЕГІЗІ – БАСТАУЫШТА

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. 
Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Сондықтан, оның сипаты мен мазмұны, оқытудың әдістері мен формалары қазіргі жағдайда жан-жақты талданып отыр. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. 
Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі мұғалім кіші мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс. 
Халқымызда «Жас кезінде білім берсең қалайда,
Өсе келе қолы жетер талайға, – деген даналық сөз бар. Бала болашағы –  бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас  бір ұлттың бүгінін ертеңімен  жалғайтын алтын көпір, асыл мұраты. Сондықтан ұстаз алдындағы  әр шәкірт  ата-ананың ғана емес, туған  елінің ертеңгі арқасүйер  азаматы,  төл ұлтының  туын көтерер перзенті. 
Айгүл ҚОНЫСОВА,
№157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектеп мұғалімі.
Шиелі ауданы.

ҚОҒАМ 30 қараша 2013 г. 1 167 0