АРАЛ ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА ЖОЛ АШТЫ

ҚОҒАМ | 30 ноябрь 2013 ж. - 11:20 | Көрудің саны: 1 134
АРАЛ ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА ЖОЛ АШТЫБаршаға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өңірімізде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынып, ол сәтті аяқталды. Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жобаның алғашқы кезеңінде облыс аумағында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Енді бүгінде Сыр елі халқы үшін маңызы зор бұл бірегей жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысы қолға алынды. Бұл маңызды жобаларды Бүкілдүниежүзілік Даму банкі мен ҚР Үкіметі қаржыландырып келеді.
Шындығында, бұған дейін әлемде теңізді бөліп теңіз жасау тәжірибесі болып көрмеген. Бар тірлігі теңізбен тығыз байланысты Арал өңірі халқының тынысын кеңейтуді ойлаған Елбасы нар тәуекел деп осындай қадамға барды. Ал оның нәтижесі көпшіліктің көз алдында анық көрініп тұр. Атап айтқанда, «САРАТС-1» жобасы 2006 жылы толық аяқталды. Сөйтіп Көкарал бөгетінің құрылысы біткен соң, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі Балтық жүйесі бойынша алдымен 38 метрлік деңгейге жетті. Кейін су мол келе бастаған соң ол 42 метрге дейін көтерілді. Соның нәтижесінде теңіз төңірегіндегі көлдер жүйесі суға толып, аймақтың тыныс-тіршілігі қайта жанданды. Соның ішінде мұнда мал мен егін, әсіресе теңіз төңірегін мекендеген елдің ата кәсібі – балық шаруашылығы өркендей бастады. Соның нақты айғағы болса керек, бұған дейін онда жылына 400 тонна балық ауланып келсе, қазір оның көлемі бес мың тоннаға дейін жетті.
Әрине, теңіздің қайта толуы тек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана жол ашып қойған жоқ. Сонымен қатар мұнда экологиялық ахуал да айтарлықтай жақсара түсті. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң мен құм едәуір азайды. Ал ең бастысы теңіз суының тұздануы литріне 27-ден 13-ке түсіп, камбаладан басқа балық  қалмаған теңізде су маржанының 22 түрі қайта пайда болды. Бұл осы жерде балықты аулау ісіне жол ашып, оны өңдейтін зауыттардың көбеюіне әкелді.
Сонымен қатар, «САРАТС-1» жобасының шеңберінде Қараөзек және Әйтек гидроқұрылысы мен Қызылорда су торабында жөндеу жұмыстары және басқа да істер жүзеге асырылды. Мұнан бөлек, Нарын-Сырдария алабындағы су сақтау мен Жаңақорған ауданындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту жобасы да іске асырылды.
Үстіміздегі жылдың көктемінде Алматы қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Оңтүстік өңірлерді дамыту мәселелері туралы» кеңес өткізілгені белгілі. Осы кеңесте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыруға байланысты мәселелерді ортаға салды. Сөйтіп, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңінің алғашқы жұмыстарын биылғы жылдан бастауға қол жеткізілді. Әрине, мұндай мүмкіндік бізге оңайлықпен келген жоқ. Нақтырақ айтқанда, жергілікті жердің балықшыларының бірдеңгейлі теңіз, яғни Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 47-48 метрге көтеру керек деген ұсынысы еленбей келген. Оның орнына Қоршаған ортаны қорғау министрлігі екідеңгейлі, өте күрделі әрі шығыны көп ұсынысты ұсынған. Дегенмен де, Астанада өткен мәжілісте аймақ басшысы «САРАТС-2» жобасының балықшылар қауымы ұсынысының тиімділігін дәлелдеп шықты. Сөйтіп, жергілікті мамандар мен Арал балықшыларының тиімді нұсқасы теңіздің бірдеңгейлі күйінде қалу мәселесі оңды шешімін тапты.
Сонымен, алдағы уақытта «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының шеңберінде Қызылорда су торабының сол жағалауындағы шлюз-реттегішін қалпына келтіру, Қазалы және Қармақшы аудандарында қорғаныс бөгеттерін салу, Қорғанша және Тұрымбет учаскелерінде өзен арнасын реттеу, Қазалы ауданы Бірлік ауылы маңында автомобиль жолы  көпірін салу, Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесін қалпына келтіру және Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыстар толықтай іске асқанда теңіз айдыны қазіргісінен де көп ұлғайып, онда балық шаруашылығы жедел қарқынмен дамиды. Сондай-ақ, Солтүстік Арал теңізін сақтау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айтарлықтай жақсартып, экологиялық тұрақты ахуалдың қамтамасыз етілуіне жол ашады. Ал ең бастысы, теңіздің бұл беткейінің суға толуы арқасында бұрынғы жылдардағыдай кемелердің жүруіне де мүмкіндік тумақ.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ИЗРАИЛЬ ТӘЖІРИБЕСІНЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП

ИЗРАИЛЬ ТӘЖІРИБЕСІНЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бейсенбі күні  облыс әкімшілігінің мәжіліс...
БАЛЫҚ  ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ  МӘСЕЛЕЛЕРІ

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Yстіміздегі жылғы 15 қарашада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен балық...
АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

Кеше облыстық мәслихат залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің...
ҮМІТ ЖЕЛКЕНІН КӨТЕРГЕН ТЕҢІЗ

ҮМІТ ЖЕЛКЕНІН КӨТЕРГЕН ТЕҢІЗ

Қазақта «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды» деген бейнелі бір сөз бар. Жалпақ...
ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛ

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛ

Жексенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының...
КЕРУЕН ТАРТАР КҮРЕ ЖОЛ

КЕРУЕН ТАРТАР КҮРЕ ЖОЛ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа...
Пікір: