ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ БЕЙНЕЛЕР КӨП БОЛСА

ҚОҒАМ | 21 сентябрь 2013 ж. - 09:59 | Көрудің саны: 862
Барша Алаш жұртының киелі мекені атанған Сыр өңірі бүгінде адам танымастай жасанып, өзгергеніне куәміз. Әсіресе, соңғы уақыттары қаланың сәулеттік келбеті айтарлықтай жаңарып, кешенді шаралар жүйелі жүргізіле бастады.
Күн өткен сайын көркіне көрік қосып, шырайы артып келетін қаламыздағы зәулім ғимараттар арасы енді әсем гүлдермен көмкерілуде. Қызылды-жасылды түске боялған петуния, стахис, тагетекс сияқты гүлдің түр-түрін кездестіреміз. Көздің жауын алатын мұндай өрнектеліп өрілген гүлдерді шаһардың орталық алаңынан бастап, Абай, Жібек жолы, Астана даңғылдарының бойынан күнде көріп жүрміз. Әсіресе, облыстық медициналық орталық жанында орнатылған қызғалдақ гүлі мен көбелектер сонау жерден көзге түседі. Түрлі-түсті майда гүлдер де біріктіріліп, үлкен себетке сыйып тұрған әсем дүние де еріксіз назарыңды аударады. Жалпы, біздің өңірдің климаттық ерекшелігіне сәйкес, кез келген өсімдік пен көшеттердің тез жерсініп кетуі екі талай. Алайда, ауа райының осындай қолайсыздығын сылтау етіп, қол қусырып қарап отыру да әбестікке жатады. Өйткені, дария жағасына орналасқан күрішті қаланы жасыл желекпен көмкеріп, гүлмен орау шаһардың шырайын одан сайын арттыра түсетініне ешкімнің дауы жоқ. Міне, мамандар осы жағын да ескеріп, Сыр елінің бас қаласын көркейтуде біршама жұмыстар жасауда. Дегенмен, мұндай әсем дүниелер қыстың қара суықты күндері мен қар-судың әсеріне қалай шыдас береді деген сауал да көкейімізге кілт ете қалды.
Қаламызға сырттан келген қонақтар да жылт еткен жаңалықты, өзгешелікті байқамай қалмайтыны белгілі. Әсіресе, соңғы уақыттағы қала ішіндегі жанды тірлікке қуанған ағайын көп. Жібек жолы даңғылымен жүрсеңіз гүлдермен көмкерілген кесе-шәйнектің бейнесі көз тартары сөзсіз. Алайда, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің тағы бір ерекшелігін әлі болса жетілдіре түсуге болатындай тірліктер жасалса дейміз. Мәселен, қазақтың ою-өрнегін салып, қызылды-жасылды гүлдер арқылы кілемшелермен Жер-ананы жасантып жіберсе, бұл да бір өзінше сұлулық болар еді. Ұлтымыздың ұлылығын көрсететін домбыра, қобыз, жетіген секілді аспаптардың бейнесін де сомдауға болады емес пе? Ал, киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ секілді құрылым бөлшектерін де осындай әсемдікпен көмкеріп жасаса, келген қонақтар нағыз қазақтың бет-бейнесін көргендей күй сезінетін еді. Мұнан өзге де ата-бабамыз күнделікті қолданған заттарының бірі торсықтың тарихы да халқымызбен бірге жасап келетінін білеміз. Сонымен қатар, ата-әжелеріміз киген тақия, кимешек секілді бас киім үлгілерін де жасаса, нұр үстіне нұр. Бұл бір жағынан келер ұрпаққа ұлтымыздың дәстүрінен сыр шертетін дүниелер болады. 
Біз қаладағы көркейту жұмыстарына байланысты мәліметтерді алу үшін тиісті мекеме басшыларын кездестіре алмадық. Шаһардың келбетін арттырудағы атқарылып жатқан шаруаларға қанша қаражат бөлінгенін білмейміз. Дегенмен, қала күні мерекесі қарсаңында өз ойымызбен бөлісуді жөн көрдік. Сіз қалай ойлайсыз? Аймақ ажарын аша түсетіндей тағы қандай жұмыстар жасалғанын көргіңіз келеді. Ой бөлісіңіз.
 Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.



Сондай-ақ... оқыңыз:

«ТІЛ АРУЫ» – СЫР АРУЫ

«ТІЛ АРУЫ» – СЫР АРУЫ

Қазақстан халқы тілдері мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен «Тіл аруы – 2013»...
«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

Бейсенбіде облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Қырымбек...
ТӨЛЕМ ЖАСАМАҒАНДАР ЖАРЫҚТАН АЖЫРАТЫЛУДА

ТӨЛЕМ ЖАСАМАҒАНДАР ЖАРЫҚТАН АЖЫРАТЫЛУДА

Барлығына белгілі болғандай 1-маусымнан бастап халықты жарықпен қамтамасыз етіп...
Қызылордаға футбол қашан келді?

Қызылордаға футбол қашан келді?

Қазір жер-жаһандағы жұрттың біразы футбол десе ішкен асын жерге қояды. Солай болатын...
РЕЖИССЕРГЕ ЕҢ АЛДЫМЕН ШЫНАЙЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

РЕЖИССЕРГЕ ЕҢ АЛДЫМЕН ШЫНАЙЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Қазақ киносы өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі уақытта біршама ілгерледі деп...
ЕЛШІЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ЕЛШІЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Кеше «Алекс» би өнері мектебінде Корей Республикасының Қазақстандағы Елшілігінен...
Пікір: