МYГЕДЕКТЕРДІ ҚОЛДАУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ КӨПТЕГЕН ІСТЕРГЕ ҰЙТҚЫ БОЛДЫ

Облыс әкімшілігінің мәжіліс залында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасының орындалу барысы талқыланды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова ашып, жүргізіп отырды.    
Алдымен хабарлама жасаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Жылқышиева   мүгедектердің өмір сапасын жақсарту бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. Бізде бүгінде 27 мыңнан астам мүгедек жан тіркеуде тұр. Олардың 4 мыңы балалар. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту жұмыстары елдегі заңнамаларға сәйкес, мүгедекті жеке оңалту бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл Жол картасының аясында мыңға жуық жан шипажайларда ем қабылдаса, 4 мың мүгедек әлеуметтік қызметпен қамтылыпты. Сонымен қатар оларды кресло-арбалармен, балдақтармен және тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.
 Ал, кәсіптік оңалтуға келсек, еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі өңірде өткір күйде тұр. Біздегі жұмыс беруші кәсіпорындар 3 пайыздық квота барын біле тұра мүгедектігі бар жандарға тұрақты жұмыс тауып беруге құлықты емес. Әсіресе Қазалы, Қармақшы, Сырдария және Жаңақорған аудандары ең төменгі көрсеткіш көрсетуде.   
Мүгедектерді, оның ішінде кресло-арбамен жүретіндердің әлеуметтік, көлік және инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл Жол картасы аясында олардың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, сонымен қатар, мәдениет және спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру үшін 37,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Ал, қоғамдық көлік мәселесіне келсек, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ «Астана Сан-Бао» ЖШС келісім-шартқа отырды. Енді қалаға Жаңа жылға дейін 20 автобус әкелінеді. Бұған қоса, кресло-арбамен жүретін 92 мүгедекке «Әлеуметтік такси» қызметін ұсынылып келеді.
Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков жарымжан жандарға көрсетілетін медициналық көмек туралы, облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов мүмкіндігі шектеулі балалардың білім беру қызметі туралы хабарлама жасады. Кеңес мүшелері өңірде дүниеге келген балалардың арасында құлағы нашар еститін балғындардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, аймақта логопед, дефектолог мамандарының жетіспейтінін тілге тиек етті. Жиын соңында Т.Годунова құзырлы орын басшыларына мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту, оларға арнап арнайы спорттық диспансерлер салу, сондай-ақ, дыбыстық және жарықтық құрылғылар мен пандустар орнату және өзге де көмектерді дер кезінде көрсетуді тапсырды.  
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

ҚОҒАМ 07 желтоксан 2013 г. 590 0