«ОЗЫҚТЫҢ» ОЗЫҚ ҮЛГІСІ

Кешегі кеңестік одақ ыдыраған тұста оның алғашқы ауыртпалығы алдымен жеңіл өнеркәсіп саласына соққы болып тиді. Өйткені бір-біріне шикізатқа не техникасына тәуелді болып келген республикалардың байланысы күрт үзілген еді. Соның әсерінен фабрикалар мен кәсіпорындардың жұмысы тығырыққа тірелді. Тіпті, сол кезде олардың басым бөлігі жабылып та қалды. Дейтұрғанмен, егеменді ел атанған Қазақстанда бұл салаға қайтадан жан бітті. Сөйтіп оны дамыту ісі кеңінен қолға алынды. Айта кету керек, жеңіл өнеркәсіп саласына бұлайша басымдық берудің өзіндік мәні де бар. Соның бастысы бұл салада өнім өндірумен қатар, жаңадан жұмыс орындары да көптеп ашылды. Ал бұл дегеніңіз қазіргідей нарықты экономика кезінде зор маңызға ие екені айтпаса да түсінікті.
Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы алғашқы болып ашылғандардың бірі Қызылорда қаласындағы «Озық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Қазір бұл серіктестік еліміздегі ең үздік әрі үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқандардың бірінен саналады. Дегенмен де, кәсіпорынды ашу мен дамытудың оңайға соқпағанын айта кеткен де дұрыс. Өйткені, қандай да бір жаңа кәсіпті ашу үшін біліктілік қажет. Сондай-ақ, онда жұмыс істейтіндердің өз ісінің нағыз маманы болуы да шарт. «Озық» ЖШС ашқан оның құрылтайшылары баста осы мәселелерге айрықша ден қойды.
– Бүгінде біздің фабрикада 150-ден астам адам жұмыс істейді, – дейді серіктестік директоры Анатолий Сергеев. – Қазір әлемді дағдарыс жайлап бара жатқанын күнделікті ақпарат көздерінен көріп, біліп жүрміз. Бірақ сол дағдарысыңыз бізге әсер ете қоймайды деп нық сеніммен айта аламын. Керісінше, бүгінде біздің фирмамен серіктес болушылар қатары күн санап артып келеді. Соған орай кәсіпорынның тігетін бұйымдарына да сұраныс көбейе түсуде. Айта кетерлігі сол, сұраныс жасаушылар тек қазақстандық мекемелер ғана емес, сондай-ақ, шетелдік компаниялар да бар. Біз оларға арнайы жұмыс киімін тігіп береміз. Соның ішінде Байқоңыр кешенінің ғарыш айлағында жұмыс істейтін мыңдаған адам біздің тіккен киімдерімізді пайдаланатынын мақтанышпен айта аламыз.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, яғни еліміз нарықты экономикаға көшер алдында Қызылорда қаласында тігін бұйымдарын шығаратын үш фабрика болды. Өкінішке орай, сол үш фабрика алғашқы ауыртпалықтарға шыдас бермей, өмір сүруін тоқтатқан еді. Сөйтіп жүздеген тігіншілер жұмыссыз қалды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Анатолий Сергеев өз жолдастарымен «Озық» ЖШС ашып, онда жұмыс істеуге бос жүрген тігіншілерді шақырды. Рас, алғашқы кезде олардың кішкентай ғана жерде жұмыс істеулеріне тура келді. Анығын айтқанда, серіктестікті құрушылар 1993 жылы таратылған бұрынғы түрменің ішіндегі моншаны аукцион арқылы сатып алып, оны қолдарынан келгенше жөндеп, тігін цехына айналдырған еді. Бұл цехта алғашқы кезде қаракөл елтірісі өңделді. Шынын айту керек, ол кезде облыстың қой шаруашылығы нағыз өркендеп тұрған кезі болатын. Соның ішінде асыл тұқымды қаракөлді табу еш қиындық келтірмейтін. Бірақ, уақыт өте келе сол қой шаруашылықтары да құрдымға кетіп, қаракөл елтірісін өндіру де тоқтап қалды. Шикізаттың жетіспеушілігіне орай серіктестік көп ұзамай арнайы жұмыс киімін тігуді қолға алды. Ол кезде цехта он тігінші, бес тігін машинасы ғана болған. Әрі жұмыс істейтін жердің аумағы бар болғаны жүз шаршы метрді ғана құраған. Бүгінде бәрі де өзгеше. Атап айтқанда, тігін машинасы 200-ден асса, жұмыс істейтін жер үш мың шаршы метрді құрайды. Серіктестік өндіріс алаңын ұлғайтумен қатар, оған қажетті құрал-жабдықтарды да жаңартты. Соның ішінде бір өзі бір бөлмені алып тұрған шетелдік «Норд Феникс» әмбебап тігін машинасының алар орны ерекше. Бұл техника яғни, арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін компьютерлік машина кез келген сурет пен ою-өрнекті өзі салып, оны көбейте алады.
Істің көзін тек маман біледі  дейді. Серіктестік басшылары да осы ұстанымды қатаң ұстайды. Сондықтан да болар, кәсіпорын құрылған кезде онда жұмыс істеуге тартылған бұрынғы мамандар Мәскеу қаласында қайта оқудан өткен. Сөйтіп, тері өңдеу ісіне машықтанған. Серіктестіктің өзі де жұмыс істеу үшін Мәскеудегі «Росмех» институтынан сертификат алған.
Бүгінгі күндері де серіктестік қаракөл елтірісін пайдалана отырып фирмалық киімдер мен бас киімдерді тігуді жалғастырып келеді. Тек тігілетін бұл өнімдерге шикізат сырттан әкелінеді. Шыны керек, қазіргі ел экономикасы дамып, көптеген салалардың, соның ішінде облыста асыл тұқымды қой шаруашылығының қайтадан қолға алынып, жандана бастағанына кәсіпорындағылар зор үмітпен қарап отыр. Әрі сондай шаруашылықтармен серіктес ретінде жұмыс істеуге әзір екенін де жасырмайды. Өйткені, қаракөлден тігілген киімдер ешқашан сәннен кетпейді. Қайта уақыт өткен сайын оған деген сұраныстар арта түсуде дейді мұндағы мамандар. Сондай-ақ, бұл кәсіпорында бүгінде қой терісінен тон мен ішік, дубленка секілді сырт киімдер де тігіледі. Негізі кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерін тігуге мамандандырылған. Қазір оның мұндағы түрі 120-дан асады. Соның ішінде дәнекерлеушілердің қыста киетін ауыр сырт киімдері мен дәрігерлер мен медбикелерге арналған халаттар секілді арнайы киімнің мұнда жылына 12-15 мың данасы тігілетін көрінеді. Жалпы кәсіпорын жылына орта есеппен 150 млн. теңгенің өнімін өндіреді. Әрине, бұл соманы мұнан да арттыруға болатын көрінеді, тек сұраныс көбейсе.
Негізі өнім өндірілген жерде онда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы да жақсара түсетіні белгілі. Соның бастысы, кәсіпорынның жаңадан заман талабына сай салынған ғимаратында жұмысшылар үшін жылу мен жарық, ауаны тазартып тұратын желдеткіш үзіліссіз жұмыс істейді. Осындай жайлы жерде еңбек ететін тігіншілердің орташа еңбекақысы бүгінде 50 мың теңгені құрап отыр. Мұнан бөлек серіктестік басшысы айтқандай, соңғы алты жылдан бері жылда кәсіпорынның құрылған күніне орай жұмысшылардың еңбекақысын 15 пайызға көтеріп отыру дәстүрге айналған. Бұл тәртіпті мұндағы басшылар қатаң сақтап келеді екен. Бұдан басқа мерекелерде жұмысшыларға сыйақы да беріліп тұрады.
Сонымен, құрылғанына жиырма жыл толған «Озық» ЖШС тек соңғы төрт жылдың ішінде өзінің өндірісін өркендетуге елу миллионнан астам инвестиция салыпты. Бұл кіші және орта бизнес құрылымы үшін аз қаржы емес. Қайта басқа кәсіпкерлерге үлгі боларлықтай іс екенін атап өтуге тура келеді. Осындай мүмкіндігі зор серіктестік өнім түрлерін көбейтіп, оның сапасын қазіргісінен де жақсарта түсуді мақсат етіп қойған. Сөйтіп озық үлгідегі бұйымдарды тігіп, шетелдік кәсіпорындармен бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге бейімделіп отырған жайы да бар.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

ҚОҒАМ 07 желтоксан 2013 г. 557 0